#Жаңа Қазақстан

Халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жол керек

Осынау күрделі әрі аса маңыз­ды міндет аумалы-төкпелі заманда ешқайсымызды да, ешкімді де адастыра қоймас. Еліміздің Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында көпшілікті толғандырып жүрген бірқатар мәселе бойынша өз тұжырымдарын, пікірлері мен ұстанымдарын жария етті. Соның ішінде халықтың тұрмысына әсер ететін, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқаны сөз болды. Қазіргі салық жүйесі, негізінен, төлем жинау тәсіліне құрылғаны жасырын емес. Салық төлеушілерге, инвес­торларға барынша ыңғайлы, қолайлы жағдай жасаған өзге елдердің тәжірибелерін зерделеп, ескеру керек деп ойлаймыз. Қазір параға сатылатын, соңынан шатылатын тұстарды билік білмесе де, қарапайым халық біліп отыр. Өйткені көптен бері сарытап, жауыр болған тақырып. Ол – мемлекеттік сатып алу (тендер) және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттеу төңірегі. Ал енді оны тез арада жою Үкіметтің қолынан келе ме, келмей ме, оны уақыт көрсетер.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының «атом энергиясын пайдалануды геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн» деген уәжі көпке ой салатыны сөзсіз. Осы орайда, тиісті сала білгірлері мен білікті сарапшылары үні неге мардымсыз? Әлде бұйығы мамандар тілін тістеп отыра бере ме? Содан кейін ел ішінде әр түрлі алыпқашпа әңгіме тамыр жая бастайды. Әрине, АЭС құрылысына қатысты соңғы сөзді референдум арқылы халқымыз айтуға тиіс.

Сондай-ақ сұхбатта көрші мемлекеттерге байланысты келтірілген деректер мен дәйек­тердің орны бар, жөні де қисынды. Өткен жылғы он айдың ішіндегі тауар айналымының мөлшері Ресеймен 21,4 мил­лиард долларға артып, Қытаймен 24,3 миллиард долларға, яғни жаңа рекордтық көрсеткішке жеткені көп нәрсені аңғартса керек. Дінімізде «көрші ақысы – тәңір ақысы» деп бекер айтпайды. Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасты жоғары дәрежеге көтеруге ықпал етіп, нығайта түскен Президент Қ.Тоқаев: «Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмау­ға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен ­өзара сенімнің артықшылық­тарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды» деп ашық түрде атап көрсетті.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы сапалы ұлт деңгейіне көтерілу үшін ең басты міндетті тағы да айқындап берді: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Ұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс».

Жалпы дер кезінде айтылған әңгіме өзегі оқырманға жақсы әсер етеді, оның дәлелі мен жауабының өзі көпшілікке ой тастайды, бірлікке жұмылдырып, іс-әрекетке ұмтылдырады.

Дархан МЫҢБАЙ,

қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button