Басты ақпаратҚоғам

Кадрлық резерв – әлеуметтік лифт тетігі

Елімізде рухы биік, іскер әрі дарынды жастар көп. Оларды мемлекеттік қызметке тартуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Алғаш рет басталған жылы резервке ұзын-саны 300-ге жететін білікті жас іріктелініп алынды. Ал одан кейінгі 2021 жылғы екінші кезеңде 35 жасқа дейінгі 50 маман Президенттің кадрлық қорын толықтырды. Былтыр жыл соңында іріктеудің үшінші кезеңі аяқталып, жобаны үйлестірушілер 50 жас маманды кадрлық резервке қабылдады.

Президенттік жастар кадр резерві – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосамын деп талпынған жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы осы – білім-білігі мол, қолынан іс келетін жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік саты құру. Тиісінше, бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке орналасуға мүмкіндік беруге бағытталып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік немесе басқа да саяси лауазымдарға бос орын пайда болған жағдайда, осы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтардың кандидатурасы қаралады. Өз кезегінде, бұл жоба жыл сайын Астана қаласында қарқынды іске асырылып, резервке енуге қызығушылық танытқан азаматтар саны көбейіп келеді. Президенттің жастар кадрлық резерві жобасы академиялық салада, жеке секторда, түрлі құрылымда жүрген елорданың жастары арасында зор қызығушылық тудырды. Қоғамға қозғау салып, елге қызмет етуді көздейтін жастардың көпшілігі осы жобаға қатысып, бақ сынау­ға ұмтылуда.

Кадрлық резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Сөзсіз, кадрлық резерв жастардың мемлекеттік қызметтің «А» және «В» категориясына, тіпті саяси лауазымға дейін өсуіне алғышарт жасайды. Бос орын болған жағдайда тиісті қызметтерге Жастар кадр резерві бойынша ұлттық комиссия резервтегі азаматтарды ұсынады.

Мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу – кезекті үшінші іріктеудің басты ерекшелігі болды. Осылайша, іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылды. Олар: 1) Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; 2) Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; 3) Сыртқы саясат және инвестициялар; 4) Экономикалық және қаржылық саясат; 5) Цифр­ландыру; 6) Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің берген мәліметіне сәйкес, резервке барлығы 400 адам қабылданды (2019 жылы – 300; 2021 жылы – 50, 2023 жылы – 50).

«2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру және бастамашыл, креативті ойлайтын жастарды тарту. Жобаға қатысу үшін резерв платформасында 60 мыңнан астам адам (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы 31 мың адам) тіркелген.

Бүгінгі таңда резервшілер экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. 282 резервші немесе 70,5% лауазымдарға тағайындалды. Орталық мемлекеттік органдарға – 141, жергілікті мемлекеттік органдарға – 37, ұлттық компанияларға – 60, өзге де ұйымдарға 46 резервші тағайындалды. Олардың ішінде 34 резервші саяси лауазымдарға, 3 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, екі резервші Парламент Мәжілісі және 1 мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда. 282 резервшінің 109-ы мансаптық жоғарылауға ие болды.

Сондай-ақ резервшілер мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестердің жұмысына белсенді қатысады» деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі.

Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің басты мақсаты жеке мансаптық ­амбицияларға емес, ең алдымен, қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Кадрлық резервке енудің мәні – ел игілігі үшін қызмет атқару. Осындай ұстаныммен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бойынша Астана қаласының департаментіне қарасты қалалық басқармалардан елордадан үшінші іріктеу кезінде 3 резервші өтіп, Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданды.

Мейрамбек ӘШІРБЕКОВ, Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы:

– «Қызметтік жолымда әр жылдары цифрландыру саласына қатысты «Design, and Development Software» ЖШС, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ, «TEQ WORLD» ЖШС, «Click Intellect» ЖШС және «DDP biz» ЖШС секілді мекемелерде қызмет еттім. 10 жылдан аса уақыт ішінде әртүрлі салаларда цифрлық құралдарды әзірлеумен және енгізумен айналыстым. Цифрландыру бағытын таңдаудағы себебім, бүгінде цифрлық технологиялар әлемді өзгертіп, адамдардың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алатынына сенімдімін. Жасанды интеллект және big-data саласындағы мүмкіндіктерден шабыт аламын және заманауи мәселелерді шешудің инновациялық шешімдерін әзірлеуге үлес қосқым келеді. Осылайша біздің қоғамды болашақта тұрақты және бәсекеге қабілетті ету мүмкіндігі болады.

Президенттік жастар кадр резерві – жас көшбасшыларды қолдап, олардың дамуына бағытталған негізгі бастама. Жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, қоғамдық және мемлекеттік өмірге атсалысуға, сондай-ақ елдің болашағын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл білікті кадрлық әлеуетті құруға ықпал етеді және қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етеді».

Жанасыл ШӘУКЕНТАЕВ, Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы іске қосылатынын естігенде бірден қызығушылық таныттым. Атауының өзі ерекше болды және елдегі саяси реформалар аясында түбегейлі өзгерістер қажет екенін түсіндім. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін қалалық әкімдік аппаратында қызмет істеймін. Әр жылдары елорданың Жер қатынастары, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен қалалық әкімдік аппаратындағы мемлекеттік-құқықтық бөлімінде тәжірибе жинап, жұмыс істедім. Жергілікті атқарушы органдағы жұмысым мен үшін үлкен тәжірибе болды.

Президенттік жастар кадрлық резерві – жас мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен дода. Бәсекелес орта арқылы өзін сынап, шыңдауға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Топтық жұмыстар барысында өзіңді жақсы қырынан көрсету арқылы көзге түсесің. Үшінші іріктеу әділ және өте қызық болды. Бір қызығы, іріктеуге алдын ала дайындалу мүмкін емес. Қабілетіңізге қарай бағаланады және қорытындысы бойынша осал жерлеріңізді суреттеп береді. Бұл жобаның басты идеясы – талантты жастар үшін «әлеуметтік лифт» құру. Осындай мүмкіндікті қолдану үшін де жобаға қатыстым. Бұл жерде ескеретіні Президенттік жастар кадрлық резервіне өттім екен деп, жоғары лауазымдарға тағайындауды күту – қате пікір. Әрине, әр маман үшін оның артықшылықтары бар, жауапкершілік жүктейді. Бірақ қызметтік жолда өсу – әр маманның өзіне байланысты. Мен үшін бастысы – адал қызмет ету, халқымыздың әл-ауқатының өсуіне септігімді тигізу».

Исламбек БАЙМАНОВ, Астана қаласы Алматы ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттік қызметтегі жолымда 2021 жылы аралығында Астана қаласы Сарыарқа ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы және бөлім басшысының міндет атқарушысы болып жұмыс істедім. Ал 2022 жылдан бастап Алматы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы лауа­зымында қызмет атқарамын. Мемлекеттік қызметші ретіндегі біліктілігімді арттыру мақсатымен Президент жастар кадр резервіне қатыс­тым. Әрине, әр іріктеу кезеңі қиын да қызықты болды. Жалпы 7 кезеңнен тұратын былтырғы іріктеу барысында әр үміткердің құзыреттіліктерін көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. Мен үшін 4-кезең, «құзыреттерді бақылау» ассессмент-орталығында өткен іріктеу қиын болды. Екі блоктан өткен бұл кезең бірінші кезекте әділетті өтті. Байқауға қатысар алдында «Мен өз өмірімді қоғамға арнауға дайынмын ба?» деген сұрақты өзіме қойып едім. Мен «Иә» деп жауап бердім. Себебі мемлекеттік қызметте жұмыс істей отырып, әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты – өз жұмысында барынша тиімділік көрсету екенін түсіндім. Президенттік жастар кадрлық резерві – барлық жас патриоттар үшін мемлекеттік кадр саясатын жүзеге асыруда кәсіби жарамдылығын дәлелдеудің тамаша мүмкіндігі. Мен үшін де бұл еңбек жолында алған білімімді сынау болды.

Мемлекеттік қызметтің қалыптасқан постулаттарына жаңаша көзқарасты енгізе отырып, кадр саясатының сабақтастығы механизмі ретінде бұл жоба қажет. Осы салаға адалдық, ашықтық, әділдікті нығайтқым келеді. Кадрлық резерв әртүрлі салалардағы мемлекеттік басқарушыларды анықтау бойынша тың реформалық жобаға айналды. Кез келген елде осындай жобаның аналогтары бола бермейді. Мемлекет басшысының бұл жобаны 2019 жылы іске қосқаны біздің елімізде барлығының мемлекетке пайда әкелуге тең мүмкіндіктері бар екенін дәлелдейді».

P.S: Қазіргі жастардың жұмысқа орналасқанда мансапта өсу, жалақыдан бұрын мекемедегі құндылықтар мен жұмыс принциптеріне баса мән беретінін байқауға болады. Сондықтан жастардың қызметке деген талғамы да өзгеріп келеді. Бүгінгі жастар қоғаммен қарым-қатынасты әділетті, ашық, қолжетімді қылатын машықтарды бойына жинақтаған. Соған сәйкес мемлекеттік қызмет те адамға қызмет етуге, сервистік үлгіге қарай ауысып келеді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button