Басты ақпаратЕл тынысы

Ынтымақтастықтың жаңа белесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға екі күнге созылған мемлекеттік сапары табысты болды. Екі елдің Президенттері өткізген келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Қорытындысында 14 құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елге сапарының мән-маңызын: «Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды» деп жоғары бағалады. 

Каспий – тасымал жолы

Әзербайжан Президенті ­Ильхам Әлиев Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін атап айтты. «Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды» деп мәлімдеді БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келіссөзі нәтижесінде маңызды 14 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипаж мүшелерінің кәсіби дипломдарын өзара тану туралы келісім; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум; «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (AIH) арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім; «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім; «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Әзербайжан Республикасының медианы дамыту агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызметі» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Арнаулы байланыс және ақпараттық қауіпсіздік қызметі арасындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум және т.б. бар.

Гүл шоқтарын қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, оның және зайыбы Зарифа Әлиеваның бейіттеріне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мұнда елдің азаттығы жолында, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін құрбан болған әзербайжан халқының батыр ұлдары жерленген. Шаһиттер аллеясы «Нагорный» саябағының аумағында орналасқан. Мұнда 1990 жылғы қайғылы оқиғаның құрбандары мен Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан ұлт қаһармандарының бауырластар зираты бар.

Келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы Сагиба Гафаровамен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сагиба Гафароваға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Шын мәнінде, Қазақстан мен Әзербайжан – стратегиялық серіктес әрі одақтас елдер. Бүгін біз бұл мәртебенің мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өттік. Екі ел ынтымақтастығының мазмұны бай әрі перспективасы зор. Бірқатар бірегей жоба қолға алынды. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипаты туралы айтқан кезде, ең алдымен, мұнай мен газ, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, индустрия және басқа да салалар ойға оралады» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. «Сіздің бүгінгі сапарыңыз елдеріміз арасында қалыптасқан достық, бауырластық қатынастардың дамуына ерекше үлес қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда біз стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мен бүгінгі кездесулерде қоғамның әртүрлі салаларындағы қатынастарды дамыту жөнінде бірқатар маңыз­ды мәселе талқыланғанынан хабардармын. Сондай-ақ екі елдің парламенттері арасында өте терең іскерлік байланыстар орнағанын зор мақтанышпен әрі ризашылықпен айта аламын» деді Сагиба Гафарова.

Бас жоспармен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының екінші күні Ильхам Әлиевпен бірге Физули қаласындағы қираған жерлерді аралап көріп, шаһарды дамытуға арналған бас жоспармен танысты. Мемлекеттер басшыларына қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді.

Бұдан бөлек, екі ел президенттеріне қазіргі уақытта қалада ауқымды құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндалды. Былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдар желісінің негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз және жауын суының ағып кету жүйесін тарту жұмыстары басталған. Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылған. Сонымен қатар бір мезгілде әкімшілік ғимараттардың, коммуналдық үй-жайлардың, тұрғын үй кварталының құрылысы басталған. Қазір Физулиде 38 көпқабатты ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бауырлас халыққа тарту

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Физулиде қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Заманауи инновациялық орталық ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.

«Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін» деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты. «Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды» деді Ильхам Әлиев.

Бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды. «Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел басшылары Орталықтағы жаңа кабинеттерді, кластарды, залдар мен шығармашылық студияларын аралап көрді. Ғимараттың іргетасы былтыр наурыз айында қаланған болатын. Нысанды жобалау жұмыстары үш айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды. 1,5 гектар аумақта орналасқан орталықтың жалпы ауданы – 2700 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, аспаз кластары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және вокал класы, фото-бейнемонтаж, веб-дизайн және роботты техника кабинеттері, акт залы, 3D-модельдеу класы бар. Орталықта IT-cтартаптарға және Әзербайжанның ұлттық мәдениетіне, соның ішінде кілем тоқу өнеріне айрықша мән берілген.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.

Құрылыс алаңын аралап көрді

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Физули қаласындағы орталық аурухананың құрылыс алаңын аралап көрді, жоспарымен танысты. Келешекте бой көтеретін медициналық мекеме 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады. Ауруханада стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гинекология, анестезиология-реанимация, гемодиализ, терапия, хирургия, травматология-ортопедия, босану және жұқпалы аурулар бөлімдерін, сондай-ақ офтальмология, педиатрия және ЛОР кафедраларын ашу жоспарланып отыр.

Ал амбулаториялық режимде науқастарға кеңес беретін емхана бөлімі, балалар емханасы, рентген диагностикасы, функционалдық диагностика, физиотерапия және медициналық оңалту бөлімдері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар клиникалық-диагностикалық зертхана, жедел жәрдем станциясы, гигиена және эпидемиология орталығы жұмыс істейді. Нысанды қазақстандық құрылыс компаниялары коммерциялық негізде салады деп жоспарланып отыр.

Шуша қаласына барды

Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары Шуша қаласында жалғасты. Екі ел президенттері Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін олар аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдас­тырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді.

Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған. Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Сонымен қатар түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button