Басты ақпаратРуханият

Сахна шеберінің бенефисі

Астанада талантты режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Болашақ» түлегі, Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировтың мерейлі 50 жасына арналған бенефисі өзі қойған спектакльдері секілді керемет аншлагпен өтті. Бұл бір жағынан өмірі өнермен өрілген мәртебелі өнер иесінің ел алдында есеп беруі болса, бір жағынан құрылғанына үш жылдың жүзі болған, қалың көрермен жинаған өнер ордасының шығармашылық әлеуетін, зор мүмкіндігін танытқан ғажайып кеш еді.

Талантты режиссер шәкірттерімен бір сахнада ән салып, өлең оқыды, естелік айтты, сырласты, көрерменге жаңа қырымен, ерекше болмысымен көрінді. Бенефис барысында өзі қойған спектакльдердегі әндері шынайы орындалып, тыңдаушыны тамсантты, актерлердің шабыттанған жүзі, жарқыраған костюмдері, жастықтың, жаңашылдықтың лебі тамсантты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттық­тауын жеткізсе, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Асхаттың өнер жолына сәттілік тілеп, Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Елорданың мәдени өмірінде айрықша оқиғаға айналған бенефиске еліміздің өнер майталмандары, театр өнерінің қайраткерлері, өнердегі ұстаздары, шәкірттері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, журналис­тер, жастар қатысты. Әсіресе қазақтың «Қыз-Жібегі» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері ­Меруерт Өтекешова мен Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетованың келуі, Қазақстанның Халық әртісі Нұрлан Өнербаевтың сахнада ән салуы кешке ерекше көрік берді. LED-экран арқылы көрсетілген 91-дегі анасы Дәния Валиеваның баласына деген сағынышпен айтқан видеоқұттықтауы, туған ауылының бейнекөрінісі айрықша әсер қалдырды.

Қазақ өнерінде ерекше қолтаңбасымен көрініп, шәкірттерін шығармашылықтың шыңына жетелеген режиссер Асхат Максимұлы сахналаған адами сезімдерге, шынайы махаббатқа құрылған Дулат Исабековтің «Гауhартас» атты шығармасы бүгінге дейін 165 мәрте көрермен назарына ұсынылды. Барлық қойылым аншлагпен өтті. Билет санаулы минут ішінде өтіп кетеді. Осы аралықта спектакльді мыңдаған көрермен тамашалапты. Отбасы құндылығын дәріптеген драма өткен жылдың үздігі деп танылып, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған өнер саласындағы «Umai-2023» ұлттық сыйлығын иеленді.

Әріптесіміздің не үшін таңдау «Гауhартасқа» түсті деген сауалына Асхат Маемиров былай жауап бергені есте: «Сахнаға бүгіннің қаһармандарын шығаруым керек. Олар – ауыл адамдары, дәрігер, тыныштық күзетшісі, қарапайым еңбек адамдары болуға тиіс. Есіме Дулат Исабековтің «Гауһартасы» түсті. Жалма-жан қайтадан парақтап шықтым. Бала кезімнен санама сіңіп қалған образдармен қайта табыстым. Кинода Кәукен Кенжетаев ойнаған Тұрымбет әке, Әмина Өмірзақова сомдаған ана, Әнуар Боранбаев ойнаған Тастан, Досхан Жолжақсынов ойнаған Әскербектің образы көз алдымнан өтті. Жанна Қуанышеваның ойнаған Салтанаты қандай шіркін! «Гауһартас» – 25 жастағы жазушы Дулат Исабековтің адам жанын аяусыз жалаңаштап ұсынған шығармасы. Мұнда артық бояу жоқ. Осыған тағы бір мәрте көзім жетті. Онда адам бар. Қазақтың болмысы, құндылығы бар. Соны бүгінгі Tik-Tok-та отырған жас ұрпақ түсінуі, ұғуы қажет. Аталарының, әжелерінің бастан кешкен сезімін сезінуге тиіс. «Гауһартас» – әдеби шығарма ретінде қазақ әдебиетінде де, шетелде де әбден мойындалған дүние. Кино ретінде де көрерменнің көңілінен шықты. Мен осы шығармаға қылаудай да кірбің түсірмеуім қажет. Керісінше, оны толықтырып, ажарын ашатындай дүние жасауым керек. Ол үшін әуелі жанрын анықтап алған абзал. Театрымның бағыты – музыкалық театр, сондықтан да музыкалық драма ретінде ұсынамыз, ішінде хормен ән айтылады деп автордың рұқсатын алып алдым» деген Асхат Маемиров, шынында да, қазақ өнеріндегі аяулы тұлғаларды жастардың театр сахнасында жарқыратып көрсетті. Қалың көрерменнің жоғары бағасын алды, актерлер шырқаған әндер жастарды адами қарым-қатынасқа жетелеген, шынайы махаббатқа үндеген шығарма ретінде көркем дүниеге айналды. Қазіргідей цифрлық заманда адами қарым-қатынас, жанды байланыс өзекті. Бұл және жақсы трендке айналып келе жатыр.

Асхат Максимұлының шеберханасынан шыққан талантты ұл-қыздар өзі құрған Музыкалық жас көрермендер театрында да, басқа да еліміздің өнер ошақтарында зор табыспен жұмыс істеп жүргенін білеміз. Музыкалық жас көрермен театры 2020 жылы 14 желтоқсанда «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ресми ашылғаны белгілі. Құрамында 70 актері бар театрдың Қазақстанда баламасы жоқ. Өнер ордасы уақыттың сұранысына орай қазіргі жастарды театрға тарту үшін камералық оркестр мен этно-фольклорлық ансамблі бар ұжымнан құралды. Онда актерлік шеберлігімен қатар вокалдық мүмкіндігі жоғары, ән салумен қатар жақсы билейтін талантты жастар жиналды. Музыкалық жас көрермен театрының ашылуы қазақ мәдени өнеріндегі тың жаңалық, бөлек тыныс болатын.

– Балалар: «Ағай, біз өзіміздің лайықты орнымыз бар екенін дәлелдеуіміз керек» деді. Дәлелдедік деп ойлаймын. Сенбейтіндер екі жарым жыл уақыт ішінде көрермен көңілінен шыққан 17 қойылымды келіп көрсін, – дейді Асхат Максимұлы.

Осы үш жылға жуық уақыт ішінде 14 шаңырақ бой көтергені де Асхат бастаған тату ұжымның береке-бірлігін, өнермен өрілген өмірін паш еткендей.

– Өзім көпбалалы әулетте туып, 10 баланың ортасында тәрбиеленгендіктен, айналамды бауыр тұтып, шәкірттерімді өз баламдай жақсы көремін. Өзіміз іргесін қалаған Музыкалық жас көрермен театрындағы әрбір әртістің тағдырына жауаптымын, оларға білгенімді үйретіп, білмегенін көрсетуге тырысамын. Өйткені өзім қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының туған топырағында туып, сол аядай ғана ауылда, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өсіп-өндім, жетілдім. Бала арманыма қанат байлап, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына режиссер мамандығына оқуға түстім, «Болашақпен» Парижде оқыдым, Ресейде білім алдым, 2015 жылы Астанада ғылыми диссертациямды қорғап, өнер мен ғылымды байланыстыру арқылы биік мақсатқа жеттім, – дейді бенефис иесі толқып тұрып.

Осылайша, жергілікті және әлемдік театр мамандарынан тәлім алып, кәсіби білімін ұштаған маман отандық өнер мен мәдениет саласының білікті менеджері ретінде де өзін таныта білді. Театр құрылғаннан бастап бірге келе жатқан халықаралық Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген де А.Маемировқа демеу болған өнер тарландары.

Бенефисте театр сахнасында қойылған М.Әуезовтің «Абай-­Тоғжан», Н.Мошинаның «Дүние-­ғапыл», М.Омарованың «Шәмші», «Chanel №5», Э.Олбидің «Зоопарк», «Келші, айым» әнін лейтмотив етіп алған Д.Исабековтің «Гауhартас», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» спектакльдерінен әуезді әндер шырқалып, кей қойылымдардан үзінді қойылды. Асхаттың жаңашылдығын, кәсібилігін, кісілігін танытқан, талайлар аузында жүрер тамаша кеш болды. Танымал өнер жұлдыздары Қанат, Светлана Айтбаевтардың орындауындағы әндер жүрекке жетті. Өнерде суреткерлікпен зор табысқа жеткен өнер иесі өмірде жары Нұргүлмен екі ұл өсіріп, қазір зайыбы екеуі немерелерінің бақытты ата-әжесі атанып отырған жандар. Өнер сапарында өзі айт­қан терең еңбекпен, талғаммен, ерекше естеліктермен, жақсы адамдармен өрілген ғұмыры ғибратқа толы, әлі берері де көп. Мерейтой иесін жаңа белесімен құттықтап, шығармашылық табыс, өрлеу тілейміз!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button