Елорда тынысы

Жас құтқарушылар жарысты

Елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Азаматтық қорғаныс саласындағы білгір» зияткерлік сайысы өтті. Білім беру ұйымдарында төтенше жағдайлар кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны Алматы ауданы әкімдігі мен қаланың Төтенше жағдайлар басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Зияткерлік сайыс оқушылардың адамның күнделікті өміріндегі қаупі туралы білімді одан әрі тереңдету, төтенше жағдайлар кезінде балалардың білімі мен машықтарын қалыптастыру, өзінің және де өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарау мен қажетті қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталды. Сайысқа қатысу үшін Алматы ауданының мектептері арасында «Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік жадынама» іріктеу туры өткізілді, оның нәтижесі бойынша № 22 мектеп гимназиясы, № 30 мектеп гимназиясы, № 72 мектеп-лицей, № 42 орта мектебі» гимназиясы ең жақсы нәтиже көрсетті.

Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Талғат Каерлиновтің айтуынша, зияткерлік сайыстар қала мектептерінде тұрақты түрде өткізіледі.

Биылғы сайыста 5 оқушыдан құралған 4 топтың басын қосты.  «Таныстыру», «Брейн-ринг», «Мен құтқарушымын», «Не? Қайда? Қашан?»  атты 4 кезең бойынша қатысушылар білімдерін ортаға салды. Әр команда топ атауы мен өз ұрандарын да дайындап келген.

Додаға сақадай сай дайындалған қатысушылар алғашқыда өздерін таныстырып, кейін өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдылары, құтқарушы мамандығының бағыттары бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал соңғы кезеңдерде алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындады.

Сайыс қорытындысы бойынша «Жас құтқарушы» аталымы №30 мектеп-гимназиясына, «Ең тапқыр» аталымы №22 мектеп-гимназиясына беріліп, «Ең жылдам» №42 орта мектебі мен «Ең белсенді» №72 мектеп-лицейі танылды. Ал 3-орын №22 мектеп-гимназиясына, 2-орын №30 мектеп-гимназиясына және 1-орын №72 мектеп-лицейіне берілді. Жеңімпаз командалар арнайы сыйлықтар және кубоктармен марапатталды.

«Мектеп оқушылары қазіргі таңда күнделікті тұрмыста қандай да бір оқыс оқиға болғанда қалай дұрыс әрекет ету керектігін білмейді. Сондықтан бұл сайыс оқушылар үшін қажет деп ойлаймын. Біз осы сайыста теорияны тереңірек меңгеріп, адам өміріне жауапкершілікпен қарауға үйрендік. Мектебімізде де төтенше жағдайға қатысты оқытулар жиі өтеді» деді №72 мектеп-лицейінің «Қаһарман» тобының капитаны Әлтайыр Әбдіраисов.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button