Қала мен Сала

Спорт секциялары тиісті талапқа сай ма?

Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаты елордада мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс қалай іске асырылып жатқанын тексеріп, бірқатар нысандарды аралады. Соның барысында бұл бағыттағы кейбір мәселелерді анықтады. Аталмыш жұмыс енді қалалық мәслихаттың алда өтетін сессиясында талқыланады.

Қ.Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейде «Артспорт» бағдарламасы бойынша «Santos Astana» атты футбол мектебі жұмыс істейді. Оған 160 бала барады. Яғни, 8 топқа 20 баладан бөлінген. Бас қала тұрғындарының қарқынды артуына, соған сәйкес оқушылардың шамадан тыс көбеюіне байланысты көптеген мектептің спортзалы күні бойы босамайды. Осыны атап өткен қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина футбол мектебі мектепішілік үйірмелер жұмысына кедергі келтіріп тұрған жоқ па деп сұрады.

Футбол мектебінің бас бапкері Файзолла Жабаевтың айтуынша, аталмыш мектептің үйірмелері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал футбол мектебінің әр тобына аптасына үш рет ұзақтығы 1,5 сағаттан сабақ өткізіледі. Сабақтар 18.00-ден кейін басталады. Ал сенбі-жексенбі күндері футбол мектебі күні бойы балаларды жаттықтырады.

Кейбір спорт секциялар мен шығармашылық үйірмелер көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында немесе жертөлелерде орналасқан. Көпшілігі тиісті талаптарға сәйкес келмейді. Мәселен, Қарталы 18/1 мекенжайында шахмат пен грек-рим күресі үйірмелері бір ғимаратта орналасқан. Мәслихат депутаттары барғанда балаларға шахматтан сабақ беріліп жатты, ал күрес залында ешкім болмады. Оның себебі ретінде жоғарғы қабатта құбыр жарылып, залды су басқаны айтылды. Депутаттар мұнда күреспен айналысатын балалар жаттығудан кейін жуыну керектігін, бірақ душ бөлмесінің жоқтығына назар аударды. Үйірме иесі душ орнатуды енді жоспарлағанын жеткізді.

Сондай-ақ депутаттар көркем гимнастика, қазақ күресі, бокс, дзюдо, спорттық би, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, жеңіл атлетика секцияларын тексерді.

«Астананың бірқатар спорт секциялары мен нысандары спортпен шұғылдану үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру нормаларына сәйкес келмейді. Тұрғын үй кешендеріндегі спорт залдардың жағдайы, мен бұл секцияларға баратын балалар саны көптеген сұрақтар туғызады» дейді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдинаның мәліметінше, қазір елордада мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты 203 ұйым іске асырып отыр.

«Нысандарды аралап өткеннен кейін біз қосымша зерттеуді қажет ететін бірнеше мәселені анықтадық. Қызмет көрсету сапасы, ғимараттар мен жабдықтардың стандарттарға сәйкестігі, секцияларға нақты қатысу мәселелері – мұның бәрі назар аударуды және одан әрі талдауды қажет етеді.

Біз осы салада көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен өзектілігін қамтамасыз ету үшін егжей-тегжейлі зерттеу жүргізуге міндеттіміз» деді Алтыншаш Табулдина.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button