Қала мен Сала

Әлеуметтік саланың майталман маманы

Әлеуметтік салада 33 жыл қызмет атқарып келе жатқан, бүгінгі таңда Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің Байқоңыр ауданы бойынша бөлімінің басшысы Роза Байсалбаева – асыл жар, аяулы ана ғана емес, мамандығын жақсы меңгерген, әлеуметтік саланың қиындығын, ыстығы мен суығын қатар көрген тәжірибелі маман.

Роза Қарабекқызы Астана қаласында туған, көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Бір басында үш мамандығы бар – инженер, педагог, экономист.  Қарағанды экономика университеті мен Целиноград ауылшаруашылық институтын бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Ақмола қаласының Жұмыспен қамту орталығында жетекші маман болып бастаған.

Қыз балаға тән барлық тәлім-тәрбиені, ұлттық құндылықтарды бала жастан бойына сіңірген. Отбасындағы қазақи тәрбие оны әлеуметтік қызмет көрсету саласында жетістікке жетеледі. Білікті басшы әлеуметтік қызметте жүрген әйелдердің адами қасиеттерін ерекше бағалайды.

«Әлеуметтік саланың маманы қызмет алушылардың психологиялық тұрғыда қарым-қатынас жасауына көп көңіл бөлу, кейбір егде жастағы зейнеткермен жеке сөйлесіп, қолдау көрсету қажет. Жас мамандарға көппен жұмыс жасау барысында ақыл-кеңес беру, пікірлесіп отыру маңызды деп есептеймін. Әлеуметтік қызмет алушылармен тиімді жұмыс істеу үшін стреске төзімді, көппен тіл табыса білу,  жұмысын шексіз сүю қажет деп санаймын» дейді Роза Қарабекқызы.

Роза Байсалбаева басшылық ететін Байқоңыр ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» 2 мыңнан астам қызмет алушы келеді. Қала зейнеткерлері үшін сауықтыру, медициналық, әлеуметтік-экономикалық, еңбек терапиясы, тілдік және компьютерлік курс­тар, шахмат, тоғызқұмалақ, мәдени үйірмелер тегін жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – қала зейнеткерлерінің белсенді өмір салтын ұзарту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру.

«Қандай мекемеде қызмет атқарсам да, адал болуға тырыс­тым. Іске адал болу әрдайым абырой әкелетінін білемін. Әйел адам жетістікке жету үшін барынша білімді, білікті, үлкенге құрметпен қарау керек деп ойлаймын» дейді білікті басшы Роза Байсалбаева.

Меруерт ҚАЙЫРТАСҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button