Қала тіршілігі

КЕЙБІР КӨШЕ АТАУЛАРЫ ӨЗГЕРЕДІ

1334724019_astana2

Елорда мәслихатының тұрақты комиссиялары Астанадағы кейбір көшелерге атаулар беру және қайта атау мәселелерін қарады.

Қаладағы ономастикалық комиссияның мүшелері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, елорда әкімдігіне қарасты басқармалар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан отырыста Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов аталмыш комиссияға 2010-2012 жылдары қалалық ономастика комиссиясына Астана қаласының көшелеріне атау беру туралы 21 және қала көшелерін қайта атау туралы екі ұсыныс келіп түскенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Астана қаласының зиялы қауым өкілдері мен бас қаламыздың тұрғындары жасаған. Олар Астанадағы кей көшелерді Қырғызстан және Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың, Венгрия Республикасының астанасы Будапешт қаласының қүрметіне, ұлт-азаттық қозғалысының батыры Бұқарбайдың, мемлекет қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен атауды ұсынған. Сондай-ақ, алдағы уақытта елордада ақын Кенен Әзірбаевтың, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың, жазушы драматург Зейін Шашкин мен Қазақ КСР-нің халық әртісі Әмина Өмірзақованың атында көше болса, Астанадағы Дарабоз және Тоқпанов көшелері келешекте біріктіріліп, режиссер, педагог, Қазақстанның халық жазушысы Асқар Тоқпановтың есімімен аталса деген өтініштер түсті. Сонымен бірге, Мирзоян көшесінің тұрғындары және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері осы көшені ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімімен қайта атау жөнінде ұсыныс білдірген.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Соңғы кезде қалада қаншама көше атауы ауыстырылды. Әрине, жай адамның атына көше берілмейді. Мен оған еш қарсы емеспін. Дегенмен, осы қалада елу жыл тұрсам да, кейде жаңа атауларға қарап, олардың кім екенін есіме түсіре алмай қиналамын. Сондықтан, көшелерге жаңа атау бергенде, ол адамның қандай қызметтер атқарғаны мен халыққа сіңірген еңбегі туралы аз-кем ақпарат жазып ілу керек. Күні ертең «ЭКСПО -2017» көрмесіне қаламызға бес миллион кісі келеді, сонда олардың алдында ұялып қалмайық.
Тағы бір айтарым: қаламыз кейінгі кезде адам танымастай өзгерді. Көшелердің аттары да өзгеріп жатыр. Кейде олардың ескі аты алынбай, сол қалпында қалып қояды. Ал, кондукторларымыздың барлығы бірдей оның жаңартылғанын біле бермейді. Өзі білмеген соң жұртты шатыстыратындары тағы бар. Осы жағын да ескерген жөн.

Бұл ретте Ербол Ерденбекұлы комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес, бас қаланың Есіл ауданындағы №218, №219, №220, №221, №224, №225 көшелерге Жусанды, Өрікті, Шетенді, Шыршалы, Еменді, Алмұртты деген жеміс атауларын беру туралы ұсыныстың болғанын жеткізді. Осыған орай, халық қалаулылары Қ.Құлмұқанов, Т.Оразақов, А.Ким өз пікірлерін ортаға салды. Депутат С.Богатырев қаламыздың дамуына үлес қосқан атақты адамдардың аты-жөндерінің бұрмаланбай, дұрыс жазылуына мән беру керектігін ескертсе, Т.Егінбаев: «Бұқарбай батырдың атына көше беру үшін неге Рысқұлов атындағы көшені өзгертуіміз керек?» деді. Бұл мәселені басқарма басшысы: «Рысқұловтың үлкен қоғам қайраткері екендігін ескеріп, осыдан үш төрт жыл бұрын комиссия мүшелері сол жағалаудағы Назарбаев университетінің алдындағы үлкен көшеге ол кісінің атын берген екен, ал «Конгресс-холл» сарайының артындағы шағын көше ол кісіге лайық емес деп, батыр есімін көшенің ескі атының орнына бердік» деп түсіндірді.

Бір кісінің атында екі көшенің болуы, әрине, дұрыс емес. Сондықтан, депутаттар келешекте осындай олқылықтарға жол бермеу керектігін атап айтты. Ал, қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов, ең бас­тысы, адамдардың аты-жөнін дұрыс жазуға назар аударылу керектігін айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button