Мәдениет

КЕШЕ АСТАНАДА ИНГУШЕТИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КҮНДЕРІ АШЫЛДЫ

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ингушетия Республикасының Қазақстандағы Мәдени күндері аясында Ингушетияның өнер жұлдыздарының концерті өтті. Елордадан бастау алған Ресей Федерациясы құрамындағы елдің мемлекетіміздегі мәдениетінің салтанаты әрі қарай Көкшетау, Шучинск, Қарағанды, Павлодар қалаларында бір апта бойы жалғасады. Оның шеңберінде тау халқының өнері әр қырынан көрінбек. Соның бір парасын Астанада өткен концерт барысында тамашаладық.

IMG_6967

Қазақстан мен Ресей арасында бұрыннан орнаған әріптестікті одан әрі тереңдету мақсатында ұйымдастырылған Ингушетия Республикасының Қазақстандағы Мәдени күндері кезінде әртүрлі мәдени шаралардың өтуімен қатар ингуш диаспорасы көп шоғырланған Астана және Қарағанды қалаларында қос ел өкілдерінің өзара кездесуін өткізу жоспарланған. Бұл күндері мемлекетімізде ингуш диаспорасына жататын 17 мыңнан астам адам тұратынын айта кетейік.

Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті, Кеңес Одағының батыры, ТМД елдері үкіметі кеңесі жанындағы Жауынгер-интернационалистер істері жөніндегі комитет төрағасы Руслан Аушев Қазақстанның Көкше өңірінің тумасы екенін де естеріңізге салайық.

Елордадағы ингуш диаспорасы жиналған концерт алдында Бейбітшілік және келісім сарайының дәлізінде «Ингушетия: тарих және қазіргі күндер» атты кітап көрмесі, Ингушетияның туристік әлеуетін танытатын экспозиция ұйымдастырылды. Ингушетияның қылқалам шеберлерінің суреттері қойылды. Ал концерттің өзі «Ингушетия мәдениеті» деректі фильмімен ашылып, «Ингушетия» мемлекеттік ұлттық би ансамблі бидің көркін қыздырды.

IMG_7218

Ресми бөлімде елорданың Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина қала басшысы Әсет Исекешевтің сәлемін жеткізді.

– Біз мәдениет пен спорт салаларында ғана емес, экономика сияқты өзге де салаларда ынтымақтастықтың орнағанын қуана-қуана құптаймыз. Тіпті, оның негізі бұрыннан қаланған. Жалпы, Қазақстанда ингуш диаспорасы тату-тәтті тұрып жатыр. Әсіресе, Астанадағы бұл ұлт өкілдерінің ынтымағы мығым. Ингуштер өте еңбекқор, жайдары халық. Елордада басшылық қызмет атқара келе, бұған көзім әбден жетті. Астана қаласының басшылығы мен халқының атынан қош келдіңіздер деймін, – деді Сәбила Сапарқызы.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің қонақтарға арналған ізгі лебізі оқылған соң ингуш делегациясын Қазақстанға бастап келген Ингушетия Республикасының Мәдениет министрі Марет Газдиева сөз алды.

– Қазақстанда туыс-туғандарымыз көп тұрады. Оның себебі, 1944 жылы ингуш халқы қазақ жеріне жер аударылды. Ал, Астана жүрегіме өте жақын қала. Көзі тірісінде әкем бұл қалаға жиі келетін. Сонда үнемі жаңа әсерлермен оралатын. Қиын жылдары қазақтар ингуштарды жылы қабақпен қарсы алып, барымен бөлісті. Соның арқасында Қазақстандағы ингуштар аман қалып, салт-дәстүрін ұмытпай осы жерде ұрпақ өрбітті. Қазір де берекелі ғұмыр кешіп отыр. Аталмыш шара қос ел халқын бұдан әрі жақындата түспек. Осыған мүмкіндік берген Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамын, – деді Марет Газдиева.

Бишілер

Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Салман Героев сонау жылдары тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келген ингуш халқы және олардың ұрпақтары қазірде Қазақстанмен біте қайнасып, оның ажырамас бөлшегіне айналғанын жеткізді. Белгілі ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің вайнахтар жайлы айтқан сөзін жаңғыртты. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің мазмұнына тоқталып, оның өзегінде жатқан отбасының амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдарын ұстанып, қазақ халқы бұрыннан өмір сүріп келе жатқанын, бұл қасиеттерді ингуштарды қарсы алғанда танытқанын жеткізді.

– Сарыарқаның ұлы даласының ұлдары мен қыздары, қиын жылдары ингуштарды өз жерінде қарсы алып, бізге баспана бергендеріңіз үшін, төзімділік танытқандарыңыз үшін көп рахмет айтамын. Қазақ халқының осы жомарттығы мен мейрімділігін біз де, ұрпақтарымыз да ешқашан ұмытпайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал, салиқалы саясатының арқасында осы елде біздің құқығымыз тең. Біз Қазақстанның патриоты болып қала береміз және бұл елдің гүлденуіне өз үлесімізді қоса береміз, – деген Салман Героев Ингушетия Республикасының Мәдениет министрі Марет Газдиеваны «Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрылғанына 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

«Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Қартоев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы орасан еңбегін, Қазақстан Президентінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдап келе жатқанын атап өтті. Семей полигонын жабудағы Елбасының ерен еңбегі жан-жақты талданған «Казахстан. Архитектура безъядерного мира» кітабын ингуш делегациясына тарту етті.

«Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысына 25 жыл» медалін Ингушетия Республикасының президенті Юнус-Бек Евкуровқа табыстау үшін сол елдің Мәдениет министрінің қолына тапсырды. Сондай-ақ, «Ұлттық ядролық орталығына 20 жыл» медалімен ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Оздоев пен Салман Героевты марапаттады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Ингушетия Республикасы президентінің Құрмет грамотасымен марапатталып, бұл марапат олар жіберген өкілдердің қолына табысталды. Бұл марапатқа Салман Героев та лайық болып танылды. Сонымен қатар ол басқаратын Астанадағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы мен осы ұлттан шыққан бірқатар кәсіпкерлер Ингушетия билігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ал, концертті Ингушетияның Халық әртісі Алаудин Эсмурзиев «Ассалаумағалейкум» әнімен жалғап, бұдан әрі Рахман Беков, Рагда Ханиева, «Евровидение» байқауының балалар кезеңінің жүлдегері Лема Нальгиева, Луиза Эльджуркаева орыс, ингуш, ағылшын тілдерінде ән шырқады.

Қазақстандағы Ингушетия Республикасының Мәдени күндері әлі бір аптаға жалғасып, 9 қыркүйек күні түйінделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button