Жаңалықтар

КЕЗДЕСУДЕ СӨЗ БОЛДЫ КЕДЕН ЖАЙЫ

Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінде «Кедендік рәсімдеуді оңтайландыру жұмыстары» тақырыбында кедендік қызмет саласындағы кәсіпкерлермен кездесу өтті.

Департамент басшысы Ә.Сқақов кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсат – қордаланған кейбір мәселелерді талқыға салып, кедендік бақылау және тіркеу қызметтерінің сапалы, талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қағазбастылықты жоюға бағытталған нақты тетіктерді қалыптастыру үшін ұсыныстар әзірлеу екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға қатысты ұсыныстарына да назар аударды.
Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті аймағында кедендік өкілдіктің 75 компаниясы бар. Оларға 36 уақытша сақтау қоймасы, 4 кедендік қойма, 35 жеке тауарлар сақтау қоймасы, 4 бос қойма мен 6 баж салығы салынбайтын дүкен жұмыс істейді.
Мәжіліс барысында кедендік ресімдеулер кезінде өнімнің қауіпсіздігі жөніндегі сертификатты тапсыру мәселесі қаралды. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, сертификаттарды беру мәселесімен техникалық реттеу саласы бойынша құзырлы орган өкілдері айналысуы керек. Сонымен қатар, оны тауарды өткізу кезінде көрсету жағын ойластыру керек. Ұсыныстардың барлығы Қаржы министрлігінің Кірістер комитетіне жолданды.
Кездесу соңында мәжіліске қатысушылар бүгінгідей басқосуларды жиі ұйымдастырып отыру керектігін айтты. Ал бизнес-құрылымдардың өкілдеріне кедендік ресімдеуді оңтайландыру және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау жөнінде байыпты ұсыныстар жасалды.

Жұма ҒАЗИЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button