Білім

Көпшіліктің көпені еді…

Бірде Асқар Тоқмағанбетов: «Көпен, сен ара болып шағасың, оны өзің тіліңмен жалап қайта жазып аласың. Араның сілекейінде дәрумендік қасиеті, сенің сипай жазған мақалаларыңда да сондай қасиеттер бар. Сен сынай жаза да білесің, оны өзің қайта жаза сауықтыра білетінің сатираның сан-саласын игере білгеніңде. Оны сенің жазған шығармаларыңнан сеземін. Сен халықшылсың, жас болсаң да елге танымалсың. Көпен, сен – көптің адамысың. Осы қасиетті жолдан айныма деп» Көпенге батасын берген еді. 

Шындығында фәниден бақиға аттанғанына жыл толып отырған Көпен көптің адамы еді. Сырттай шығармашылығы арқылы біршама білетінмін. Тағдырдың бұйыруымен 2013 жылы Астанаға қоныс аудардым. Той-томалақтарда бас қосып жүрген бес-алты азамат тобымызды көбейтіп, тұрақты бас қосып, әңгімелесіп, көңіл көтеріп тұрайық деп келістік.

Ойластыра келе жай ғана басқосу етпей елге, ортамызға, өскен ауылымызға пайдасы тиетін шаруаларды қолдан келгенше іске асыруды жөн санадық. Шамасы 2013 жылдың күз айындағы бір отырыста осы жұмыстарды атқаруға мүмкіндігі бар бір азаматты басшы етіп сайлауды ортаға салдық. Таңдау Көпен бауырымыз­ға түсті.

Алғашқы басқосуымыздан бастап ел жақтан жұмыс істеуге келген жастарды толғандыратын жағдайларды ескердік. Біреулері дұрыс жұмыс тапса, енді біреулері жұмыс­та алданып, жалақысын ала алмай, не жұмыс таппай жүргендері жетерлік. Осындай жастарды таныс бизнесі бар жандарға тиянақты жұмысқа алуды ұйымдас­тырды. Елден келген жастарға бас-көз болып жүруді, өз араларынан жөн білетін азаматтарға тапсырылды. Басқосуда келелі мәселелер, салт-дәстүр, тәлім-тәрбиелік істермен қатар ұлттық ойындардың түрлері өткізілді. Кейде үлкен көкпар да ұйымдас­тырылды. Осындай үлкен іс-шараларға Түркістан, Шымкент, Алматы, Қызыл­орда сияқты жерлерден өкілдер де қатысты. Мұндай істердің нәтижесінде қалталы азаматтар тарапынан мұқтаж жандарға үй сыйлау, салып жатқан үйлеріне көмектесу, емделуге мұқтаж жандарға көмектер де көрсетілді.

Осындай игі істердің белортасында ұйытқы болып жүретін, мына шеті Атырау, Семей, Қостанай, Алматы, Шымкент тағы басқа жерлердегі жазушы ағаларының, дос-жарандарының мерейтойын, т.б. қызықтарына басшылық жасап, асабалығы бір төбе Көпекең Астанада ағайындар мен достарының той-томалағына бас-көз болып, өткізісіп беруге шаршамайтын. Қызметі ханға да, қараға да бірдей болатын.

Көпеннің 5 томдық кітабының тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың үлкен залында өтті. Мемлекет, қоғам қайраткерлері, жазушы, мәдениет, газет-журнал саласының адамдары, ағайын-туыс, оқырмандары, т.б. қатыс­ты. Залда орын жетпей, адамдар тұрып тұрды. Көпеннің шығармашылық қырлары, атқарған қыз­меттері, адамгершілік, азаматтық қасиеттері туралы жақсы сөздер, ойлар айтылды.

Адам баласы өмірден өткен соң, артында іздеушісі болмаса басы алтын болса да жетімнің күнін кешеді. Көпенді халқы-елі еске алып тұрар, шын жоқтаушысы жары Әйгерімнің атқарып жатқан тірліктері көңілге сенім ұялатады. Қазақта атын айтса тегін (фамилия) сұрамай тани беретін ақын-жазушылар санаулы. Абай, Жамбыл, Оралхан, Мұқағалилар сияқты жалқы есімділер қатарына кірген жандардың бірі Көпен десек, артық емес. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халықтың көпшілігі Көпен десе, тегін айтпай-ақ таниды. Бұл – халықтың ықылас қалауы.

Қалаш (Қалила) Басхожаұлы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button