Таным

Көк түріктерінің қағандығы

Әнес САРАЙ

( Басы №47(2957), №57(2967), №66(2976), №69 (2979), №89 (2999), №99 (3009), №100 (3010), №102 (3012), №115 (3025) сандарда)

П.Пелье 1929 жылы «чисыны» – «шігіл» деп баламалап еді, сол пікір әзірше өзгерген жоқ. Ал «пофудың» – «сәбек» екеніне көз жеткізген И.Эчеди. Қарлұқты аудандастыру кезінде оларға арналып Дамо округі құрылды. Дамо-шөл деген сөз. Әлбетте, Гоби шөлі айтылып отырған жоқ. Қарлұқтардың кейінгі кезде оңтүстікке созыла қоныстанғанын ескерсек, Дамо – Жоңғарияның шөлді аймақтарының бірі. Нақты орны анық емес.
Қарлұқтың таши немесе ташили руы – ірі қауымдастықтың бірі. Олардың рубасы Ташили Хуби аты жылнамаларда хатталған. Аудандастыру кезінде олар үшін Сюаньчи округі құрылды. «Синь Тан шу» аталмыш округтің Моңғол Алтайынан батысқа қарай орналасқанын меңзегеннен асып нақты ештеңе айтпайды. Н.Я.Бичурин өз картасында ташилерді Сайрам көлінің төңірегіне орналастырады. Сондықтан мәтіндегі Сюаньчи округі – Сайрам көлін меңзеу болуы ғажап емес. Ташилер кейінгі тухсилер емес пе деген әлсіздеу болжам бар. Алайда, олардың кейінгі кесек, жау кесек, алты кесек, қара кесек қауымдары болуы да ғажап емес.
Шараф аль Марвазидің мәлімдеуі бойынша қарлұқтар 9 бөліктен құралған: «үш чигиль…бір тухси, бір бұлақ» (Шараф аль Заман Тахир Марвази. Глава о тюрках. Труды сектора востоковедения Ан.КазССР. Алматы, 1959. ІІ. 213-б.). Аударушылар қарлұқты тоғыз ру ел деп алып, бір бөлігін атамай, орнына көп нүкте қойып кеткен. Бұл олқылықты Мұхаммед Аль-Ауфи еңбегі толықтырады. Ол қарлұқтардың тоғыз рудан құралғанын айта келіп, олардың арасында үш ру чігіл, үш ру хасаг жұрты барын хабарлайды (С.Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алматы, 1997. 151-152-б.).
Қарлұқтар ресми түрде Шығыс Түріктің Тардуш қанатының жұрты болғанымен, Батыс Түрік құрамында бой көрсеткен кездері де аз емес. Шығыс Түрікке бағынбай қиғылықты салып бақты. Ақыры Екінші Түрік қағандығын жойған ұйғыр, басмыл, қарлұқ үштік одағының құрамында болды. Түрікті жойған соң, ұйғыр-қарлұқ астыртын жасақтасып, түрік орнына қаған билігін қолына алған басмылдарды күйретті. Тақ таласы соңында тізгінді ұйғырларға берген соң, Тарбағатайдан оңтүстікке қарай жылыстай қонып, үш руы «Үш Ябғу» ел боп отырды. Олардың Тан сарайына жиі қатынап, алысты-берісті болғаны осы кез. Кейін қарлұқтар Жетісуда «Қарлұқ хандығын» құрды.
Қарлұқтар туралы М.Қашқаридің маңызды тұжырымына мән бермей болмайды. Ол: «Олар (қарлұқтар – Ә.С.) түрік нәсілінен, бірақ оғыздардан бөлек, олар түркменге жатады» (Восточная Азия и соседние территории в средние века. Новосибирск, 1986. 27-б.). М.Қашқариде «қарлұқ түрікмендері» деген тіркес жиі кездеседі. «Қарлұқтың тегі түрік» деуі және «қарлұқ түрікмендері» деп жіктеп көрсетуі – басым көпшілігі түрік болған қарлұқ арасында түрікмен тайпасы болды деп пайымдауға жол береді. Махмұт Қашқаридің қарлұқты, түркіменді «оғыздан бөлек» деп көрсетуі – түріктанушы ғалымдарды әрі-сәрі күйге душар ететін тың тұжырым.
Басмыл. Басмыл – арғындар туралы «Көнеліктер», «Ноғайлы» атты еңбектерімізде арнайы тараулар жазылғандықтан, тақырыпты терең қазбаламаймыз. Тек ерекше мәнді, өзекті жайттарға ат басын бұрамыз. Махмұт Қашқаридің басмылдардың түрік тілімен қатар өз тілдері бары туралы айтқаны ғылыми айналымда белгілі. Зерттеушілер осы төңіректе біраз ой өрбітіп, басмылды тунгус қатарынан шығарғандары да жоқ емес. Осы орайда екі жазба деректі көлденең тартпақпыз. Б.з.б. V ғасырда, Геродот заманында Қарқаралы өңіріне арги, аргиппей деген халық жасады. Олар туралы Геродот төмендегідей сыпаттама қалдырған: «Айтушылардың хабарына қарағанда еркек-әйелдері тумысынан көсе, тақыр бас, бет пішіндері жалпақ мұрын, жалпақ иек. Киім киістері скифке ұқсағанмен, тілдері бөтен…Скифтер аргиппейлерге келгенде жеті тілмәш арқылы жеті тілде сөйлесіп, түсініседі» (Геродот. История, М., 1993. 193-б.).
1254 жылы Марко Поло Шығыс Түркістан жерінде болып, Ергүл бектігі тұрғындары туралы мәлімет қалдырды: «Канчипудан (Ганьчжоу)… бес күн жол жүріп ұлы ханның Ергүл патшалығына жетесің, ал Таңғұт аймағында қала көп, ал ең басты қаласы Ергүл…Халқы пұтқа табынады, адамдарының денесі толық, жалпақ мұрын, шаштары қара, сақал-мұртсыз, әйелдерінің басында ғана шаш бар» (Марко Поло. Алматы, 1990. 1. 84-б.).
Арада 1700 жыл өткенмен Геродоттың Қарқаралы маңында отырған аргиппейлері мен Марко Полоның Шығыс Түркістанда Ергүл бектігінде отырған арғын-басмылдарының сырт кейіптерінің онша өзгермегенін аңдау қиын емес. Геродот аргиппейлері кейінгі арғын-басмылдар деуге толық негіз бар сияқты. Оның үстіне Ергүл бектігі, Ергүл қаласы кертпе жазудай анық ен-таңба қатарына жатады. Мәшһүр Жүсіп өз шежіресінде Арғынның бәйбішесін Ергүл деп көрсетеді. Демек, Ергүл бүкіл арғынның ұлы анасы іспетті. Арғындардың бір кездегі бектігі мен оның астана қаласы Ергүл есімін ойларында сақтап, бастау шежірелерінен орын беру – арғын тарихын танып-білуді жаңа сатыға көтереді.
Арғын-басмылдар – түрік, телэ жұртының ең оңтүстікке орналасқан бұтағы. Ол алғашқыда Сүй патшалығы дәуірінде (581-618) қырғыздармен шектесіп, Алтай тауларында жасағанмен, кейін оңтүстік аймақтарға ойысып, Бэйтин мен Дунхуан аралығын, яки, Жоңғарияны ен жайлады. Оның батыс шекарасы Гаочаньға (Тұрпанға) тіреліп жатты. Қазіргі Тұрпаннан оңтүстік-шығысқа қарай 35 км жерде Қара-коджо қаласының орны әлі де үйінді болып жатыр. Қотан, Дайырқожадан кейінгі арғын шежіресінің басты тұлғасы Қарақожа есімінің әргі бастауы осы тараптан шаң беруі тегін емес. Тарихта түрік қауымына жататын коджо руы тіркелген. Ол басқа емес, арғын-басмылдардың бір бұтағы болса керек. «Манас» жырында:
«Одан басқа бұл жақта
Алтайлықтың бәрі бар.
Алшын, Үйсін, найман бар,
Арғын, Қарақожа бар.
Абақтардың ішінде
Айдархан батыр көші бар» («Манас». Ф, 1958. 66-б.) деген жолдар, әсіресе Арғын, Қарақожа есімдері жиі кездеседі. Қарақожа бірде жеке батыр, екіншіде қырғыздарға тілеулес рулық қауым ретінде ауызға алынды. Демек, бұл қауым қырғыздар арқылы Жетісуға өтіп, кейін Дешті-Қыпшақ жұртына – арғынға айналған.
Басмыл – арғын қауымының тарихы 742-745 жылдар аралығында Екінші Түрік қағандығымен тайталас, басмыл, ұйғыр, қарлұқ болып өз алдарына жеке қағандық құруларымен ерекшеленеді. Басмыл көсемі Ашина Ши «Хэла пицзя қаған» деген атпен таққа отырып, Түрік билігін қолға алу үшін күресті. Кешегі одақтастары ұйғыр мен қарлұқ бірігіп келіп, оны тақтан қуды. Қытай жылнамаларының бірі қағанды өлтірді десе, екіншісі Бэйтинге қашырды дейді. Қалай дегенмен де, басмыл көсемінің Таң империясының құзырына беріліп, шен-шекпен алғаны туралы мәлімет бар. Басмыл Ұйғыр қағандығының кіріптары болып, оның жұртына айналды.
Ұйғырдың Қарабалғасұн бітіктас жазуында басмылдар «40 рулы жұрт» деп аталған. Әйтеуір, телэ қауымы арасында өте іргелі тайпа болғаны анық. Х ғасырда олар Қарахан мемлекетіне бағынбай, байырғы қоныстарын тастап, Қара Ертіске ойысқан. Осы өңірде олардың бірде көршілес тайпалармен қырқысып, бірде одақтасып, Қарахан мемлекетінің жазалаушы әскеріне қарсылық көрсеткен жұрт ретінде Махмұт Қашқари сөздігінен орын алған. Қарахан мемлекеті әлсі­регенде, олар байырғы қоныстарына қарай қайта жылжып, таңғұттармен шекаралас болғаны байқалады. 1094 жылы басмылдарға таңғұттардың шабуыл жасағаны Қытай жылнамаларында тіркелген. Қысқасы, керей, найман, басмыл үштік одағы үздік-создығымен 1089-1119 жылдар аралығында қиданмен соғысып, олардың батысқа жылжуына тосқауыл болды. Ал бірақ ХІІІ ғасыр басындағы моңғол-найман жағаласында Шығыс Түркістан топырағында арғындар көзге түспейді. Шамасы, Дешті Қыпшаққа ұзап үлгерген. 1254 жылы Марко Поло көретін басмыл-арғындары аталмыш қауымның қара жұртта қалған сілемді болса керек.
Әуелі Алтайда, кейін Бэйтин-Дунхуан, сонсоң Қара Ертісті жайлаған басмыл – арғындар арғын қауымның ұйытқы тобы екенінің басы ашық. Солардың Дешті Қыпшаққа аууымен қазақ топырағындағы арғындар туралы кеңірек сөз қозғауға мүмкіндік туады. Тарихи уақиғалар аясында ой сараптағанда, басмылдар – негізінен Қуандық аталары.
Шоқан деректері бойынша: Сарыарқада ежелде чен немесе чегем деген халық жасаған. Олардың байырғы топырақта қалған сілемдерін шегендік деп болжауға болады. Асылы, бегендік, шегендік – Сарыарқаның ежелгі тұрғындары. Чеген тау аңғары терістік Кавказда бар. Оның бойында қабардалар тұрады. Ендеше, шегендік, бегендік – чегем халқының қара жұртта қалғандары, қабардалар сол қауымның батысқа ұзаған бір топтары болуы әбден мүмкін.
Өтеміс қажының мәліметінше: Маңғыстауды жайлап-қыстаған Тоқтамыстың әкесі Тойқожаның билеген төрт тайпасының бірі арғындар болған. Кейін Тоқтамыс Ақсақ Темірден жеңіліп Қырымға кеткенде, арғындарды да, өзге жұртын да көшіріп алған. Асылы, бұл арғындар – тоқал арғын жұрты. Арғынның Сүйіндік аталары Бұхара жанындағы Қаракөлде тайпалық одақ боп қалыптасқаны туралы Бабыр, Әбілхайыр, Мухаммед Шайбани шежірелерінде сенімді дерек жеткілікті.
Тоха жұрты асылы-тохарлар. Тохарстанды бөтен жұрт деп қарау – балаң түсініктің сарқыншағы. Ол жұрт ұзақ жылдар Батыс Түрік қағандығының түстіктегі ұлысы болды. Тохар ұлысы үшін түріктердің, түркештердің парсы, арабтармен жүргізген шайқастары тарихи деректемелерде мұқият хатталған. Тохар ұлысында сары үйсіндер, суандар, башқұрттар өсіп-өнген. Сондықтан арғын тохарлардың Тохардан келгеніне күмәнданудың қажеті жоқ. Олардың бір бөлігі шөмен, шөмекей, беріш тайпаларының белді аталарын құрап отыр. Қарауылдың – қарауыл үйсін атымен Ноғайлыдан келгені туралы жазба айғақтар бар. Ал қанжығалы болса, Үргеніш қоңыраттарының бір тақтасы, «Алпамыс» жырының өзбектік нұсқасында алты аталы қоңырат, солардың бір атасы қанжығалы руы туралы анық-қанық жырланған.
Мұны тәптіштеп айту себебіміз: рулық қауым­дардың қалыптасуы шырғалаң да күрделі жолдарды басынан өткергендігі. Бір өңірде дүние есігін ашып, шашырамай қол ұстасқандай қатар жүріп өсіп-өнген бірде-бір қауым жоқ. Қазақ жұртында талай ұлт пен ұлыстардың, әлуетті мемлекеттер мен жеке түтін түтеткен хандықтар мен бектіктердің саба түбіндегі сарқыны жинақталған. Оларды бір құрықпен қосақтап, басын құрау тіптен оңай емес. Ара-тұра шаң беріп қалатын рулық, тайпалық менмендіктің арғы түбі бір кезде ел билеген жуандықпен астасып жатыр. Есесіне, олар сол мемлекет, империя, патшалықтар мен қағандықтардың нәсілдік генефондын да өз бойларында сақтаған. Қазақтың айырықша қабілетті халықтар қатарына жату себебі осында.
Қидан. Қиданды моңғолдар хитай деп атаған, ал негізгі тобынан бөлініп батысқа кеткендер «қара хитай» атанып, «ақырзаман боларда қара қытай қаптайды» деген мәтелге орай қидандар туралы теріс пікір қалыптасқан. «Қара қытай қаптайды» дегенді әдетте ханзу, чжунго деп түсінеміз. Біздің түсінігіміздегі қытайлар өзін ешқашан қытай атамаған, атамайды да.
Көптеген зерттеу еңбектері бойынша қалыптасқан пікірге сүйенсек, қидан – дунху нәсілінен. Бұл пікір Оуян Сю 1061 жылы жазып бітірген «Синь Тан шудан» (Жаңа Таннама) бас­тау алады. Онда: «Қидандар дунху тармағына жатады. Сюннуден жеңілген олардың ата-бабалары Сэнби тауына барып тығылған» делінген (Материалы по истории древних кочевых нарядов группы дунху. М., 1984. 49-50-бб.). Кейінгі зерттеушілер «Синь Тан шу» сілтеген ізбен жүріп келеді.
Алайда, қиданның шығу тегі туралы басқа да пікір бар. «Бес әулеттің көне тарихы» (Цзю Удай-ши) жылнамасы: «Қидандар – байырғы сюннудің бұтағы» деп, «Цзю Тан шу» (Көне Таннама): «Қидандардың әдет ғұрыптары түріктермен бірдей» деп жазады (Сонда, 29-б.). Ал 551-554 жылдар аралығында хатталған. «Вэй-шу» жылнамасы: «Қидандардың иелігі кумосилердің (қай) иелігінен шығысқа қарай орналасқан. Олар кумосилермен әр бұтақтан болғанмен, бір тамырдан» деп мәлімдейді. «Ляо-ши» жылнамасы қидан мен кумоси тілдерінің ұқсастығын айта келіп, төмендегідей әңгімені көлденең тартады: «Император Тайцзу Дела тайпасының илицзин лауазымын атқарып жүргенде кумосилерге жорыққа аттанды. Кумоси көсемі Шули құлама құз, жарлы шатқа бекініп, алғызбады. Сонда ол келіссөз жасауға Хэлуді жұмсады. Оны тұтқынға алғанда, Хэлу былай деді: «Қидан мен кумосидің тілдері ұқсас, бір мемлекеттің адамдарынан айырмашылығы жоқ» (Сонда, 49-б.). Бұл деректемелер қиданның дунху екенін жоққа шығарады. 1061 жылы «Синь Тан шуды», 1070 жылы «Удай шицзиді» («Бес әулет тарихы туралы жазбалар») жазып бітірген Оуян Сю бірінші еңбегінде қиданды «дунху» десе, екінші еңбегінде басқа аужай танытады: «Біреулер олар туралы (қидандар) кумосилермен бір тамырдан, бірақ әр бұтақтан дегенді айтады. Олардың тұрған жері Сялогэ моли деп аталады. Моли – өзен деген сөз. Олардың қоныстары Хуаншуйдің (Шара-мурэн) оңтүстік және солтүстік жағалауында. Қидандар байырғы сэнбилердің қонысында отырған соң, сэнби деп ұғынылады» (Сонда, 52-б.). Жылнамашы «сэнби қонысында отырғандықтан» сэнби аталатынын, ал, шын мәнінде, сюнну тегінен екенін аңғартады. Дұрысын айтқанда, «Синь Тан шудан» басқа жылнамалардың барлығы да қиданды сюннуға жатқызады. Оған мән бермей, атүсті қарауға болмайды. Сонымен қиданды дунхудан гөрі сюннуға телитін пікірлер көбірек.

«Цзю Тан шу» (Көне Таннама) олардың қоныстары туралы: «Қидандар бұрынғы сэнби жерінде Хуаньшуйдің (Шара – мурэн) оңтүстігі мен терістік аймақтарын мекен­дейді. Шығысында Гаолимен, батысында кумосилермен, оңтүстікте Инчжоу облысымен, ал терістікте шивэйлермен межелес» (сонда, 50-б.).
Қидандар қидан есімін V ғасырдың екінші жартысында алып, тайпалық көсемдерін мофухэ атапты. Өздері 40 мың әскері бар, 10 рулы ел екен.

Салт
атты түріктер: 1 – қытай суретшілері салған
құрықан салт атты сарбазы; 2 – чикой сарбазы.

Ал VІІ ғасырда Дэха руы жетекшілік орынға шыққанда 8 рудан құралған. Олардың екі руға кеміп қалуы біздің әңгімеміз үшін қажет дерек. Қидандар Бірінші Түрік қағандығы кезінде де, Екінші Шығыс Түрік қағандығы кезінде де түрікке бағынды. Бірінші Түрік қағандығының қағандары Шэту, Чуло, Жанған қидан, татабы, шивэй, кумосилерді биледі. Қидандар Төлес қанаттың бір ұлысы болып, сыцзин (иркін) лауазымды рубасы арқылы басқарылды.
Жанған – қаған деген аты ғана болмаса, шын мәнінде, Тан империясының қолбаласы еді. Ол Ян-ди патшаға жағынам деп, түріктің киімі мен заңдарын қытай киімі мен заңына сәйкестендірем деп ұсыныс жасағанның бірі. Көшпелі жұрттың намысын қорғаған қидандар 605 жылы атқа қонып, ұран отын лаулатып еді, Жанғанға қарасты 20 мың түрік әскерінің күшімен кө­теріліс ошағында тұншықтырылды. Қысқасы, Бірінші Түрік қағандығының соңғы қағаны Селиден ірге айырған телэ қауымы біртіндеп қашып, Қытайға беріліп жатқанда, қидандар Түрік қағандығына адалдығын сақтады.
Тан патшасы 644 жылы Кореяға жорыққа шыққанда қидан көсемі Көге еді. Қиданды Түріктің көге тайпасы өкілдері билеп отырған. Көге Тан патшалығына бағыныштылық білдіріп, императордан «нань» лауазымын алды. Қидан жерінде Суншо тұтұқтығы құрылды. Көгенің Тан патшалығына қызмет еткен екі немересі туралы жылнамаларда мәлімет жеткілікті, олар туралы арнайы шежірелер де хатталған. Ал Көгенің бел баласы Цзиньчжун (Алтынбек) болса, Қытайға кіріптарлықтан бас тартып, өзіне бағынышты қидандардың басын қосып, қағандық жариялады. Міне, осы кезден бастап қиданның екі тайпа жұрты өзге қидандардан оқшауланып, түрікке бет бұра бастады.
Өзге қидандар да біртіндеп империядан кетіп, Екінші Түрік қағандығының құрамына енді. Бұл кезде олардың билеушісі елтебер атанды. 716-733 жылдары қиданның тізгіні Кэтуюй есімді батыр адамның қолында болды. Ол ұлыс билеушілерін қалауынша өзгертіп, Тан империя­сымен кескілескен қанды соғыстар жүргізді. Екінші Түрік қағандығы құлағаннан кейін олар ұйғырға бағынды. 906 жылы қидандар «Ляо» мемлекетін құрып, патшасы мен игі жақсылары кезегімен бес астанада – Шара – мурэн мен Хинган арасындағы Боро-хотода, шығыс астанасы Ляоян қаласы іргесінде, орта астанасы Лаохэ өзенінің Шара-мұрэнға құйылысы, оңтүстік астанасы қазіргі Бэйжин, батыс астанасы Шаньси өлкесіндегі Датун қаласында тұрып, шырқай дәуірледі.

 

 

 

 

 

Ежелгі түріктердің алтын құтысы.
Ақық тастардан көз салынған,
барыс мүсінді тұтқасы бар.
Б.з. VI ғ. ҚХР, ШҰАР , Іле Қазақ
автономиялы облысы,
Моңғолкүре ауданы, Бома ауылы

Ал енді осы қидан үздік-создығымен 150 жыл Бірінші, кейін Екінші Түрік қағандығының Төлес қанаттағы бір ұлысы болды. Қытай жылнамалары олардың Түрікке бағынышты ел екенін айтқанмен, қиданнан кетіп, түрікке айналған рулары болғаны туралы ауыз ашпайды. Екінші Түрік қағандығы күйрегеннен кейін оның батысқа ауған жұрты арасында екі ру қидандар кездеседі. Оны парсы-араб деректемелері хитя деп жазса, орыс жылнамалары китаа, китан, қитанопа деп хаттаған. ХІ ғасыр авторы М.Қашқари 23 түрік тайпасын: 10 терістік, 13 түстік тайпалар деп, түстік тайпалар қатарынан қидан қауымын көрсетсе, парсы тарихшысы Фахритдин Мубаракшах өзінің 1206 жылы жазып бітірген «Тауарих» атты еңбегінде түрік тайпалары тізіміне хита қауымын да енгізеді (Н.Н.Умняков. История Фахрэддина Мубарякшаха. Вестник древней истории, 1938. Том І. 115-б.). Сонымен тарихшылардың куәгерлігімен Орта Азия және Дешті Қыпшақ түріктері арасында хита руы болғанына көз жеткіземіз. Әлкей Марғұлан аталмыш дерекке тоқтала мән беріп, бұл хиталар Сыр бойы кетелері болса керек деп пайымдады. Ал қалың қыпшақ көшімен батысқа лықсыған көшпенділер арасында Теңізжағалауы ордасында қитаноба руы болғаны анық таңбаланған. Оның көсемінің қайғылы тарихы орыс жылнамаларында хатталған Қитан болса керек. Хандары Боняк пен Тұғыр хан Болгария сапарында жүргенде, келіссөз жүргізу үшін Переслявль қаласына Қитан мен Итлар келеді. Переслявль князьдері екеуін де опасыздықпен өлтіреді. Боняк пен Тұғыр хан Болгариядан шұғыл қайтып оралып, Киев Русімен ашық соғыс бастайды. Сыбай көрші боп, тып-тыныш отырған екі ел арасында ұзаққа созылған арпалыс осылай басталады.

Орыс жылнамашылары Теңізжағалауы ұлысындағы Қитанопа жұртын «хитаа» деп жазуға тырысқан. Осындай екі-үш факт кездеседі. Бірақ кейінгі көшірмешілер, түзетушілердің қол көмегінің салдарынан хитаа жылнама құжаттарының көпшілігінде хитай боп жазылған. Бұл «хитайлардың» барлығын ХІІ ғасырға жататын құжаттарда кезіге қалса – хитаа деп оқып, кете деп ешқандай күдіксіз қабылдауға негіз бар. Бұл кезде хитай, қара хитай аталған Елюй Дашы бастаған қиданның батыс бұтағы Жетісуға енді келіп орнығып, билік құра бастаған кезі еді. Олардың Қаратеңіз жағалауындағы қыпшақ арасынан көрінуі ақылға қонбайды.
Сонымен қиданның екі ру жұрты өзге түріктермен батысқа бірге қозғалып, Дешті Қыпшақтан шықты, олар ақ кете, қара кетелер еді деуге құжаттық айғақтар қол ұшын береді.
Шивэй (татар). Зерттеушілер Бурхото мә­дени ошағын шивэйлерден қалған жәдігерлікке жатқызып, оларды қытай жылнамаларындағы дадамен, түрік жазуларындағы отыз-татармен сабақтастыра қарайды (Этнические процессы юго-восточной Сибири в средние века. Новосибирск, 1989. 16-б.). Алайда, түрік-шивэй қарым-қатысына түріктану ғылымында көңіл бөлінген емес, екінші, үшінші қатарлы мәселедей атүсті ғана ауызға алынады. Ал шын мәнінде олар да Түріктің бір елі екенінің басы ашық.
Бірінші Түрік қағандығының замандасы
«Сүйшу» жылнамасы: «бір-біріне ба­ғын­байтын бес аймақтан тұрады. Ай­мақ­тардың басшылары жоқ, бытыраңқы, кедей ел. Түріктер олардың еліне үш тудунь тағайындап, солар арқылы билеп отыр» деп жазады (Материалы по истории древних кочевых народов группы дунху. М., 1981. 28-б.). Демек, олар әу бастан-ақ түріктің бір ұлысы ретінде көрініс табады.

Ал Сүй патшалығының орнына келген Тан әулетінің көне жылнамасы «Цзю Тан шу»: «Олардың елінде жеке-дара билеуші жоқ, 17 ірі көсем бар, оларды мохэфу деп атайды, билік әкеден-балаға көшеді. Өздері түріктерге бағынышты» деп әңгімені сабақтастырады (сонда, 28-б.). Ал Тан әулетінің жаңа жылнамасы «Синь Тан шу» болса: «Олардың елінде жеке-дара билеуші жоқ, түріктерге бағынышты мохэдолар елді басқарады. Ұсақ рулар 1000 үйден, іргелі рулар бірнеше мың үйден тұрады» деп, Бірінші Түрік қағандығы, Екінші Шығыс Түрік қағандығы кезіндегі шивэй жұртының саяси-әлеуметтік жағдайының нақты көрінісін береді. Шивэйлер түріктің бір ұлысы болғандығы дау туғызбайды.

Шивэйлер Аргун өзенінің бойындағы Далай-нұр көлінің айнала төңірегін мекендеп отырған. Қытай жылнамалары олардың тек-нәсілін де назардан қағыс қалдырмай, өз көзқарастарын білдірген. «Сүйшу»: «Шивэйлер қиданның бір бұтағы, оңтүстікте тұратындары қидан, солтүстікте тұратындары шивэй атанған» десе, «Көне Таннама» мен «Жаңа Таннама» бірауыздан: «Шивэй қиданның ерекше бір бұтағы» дегенді қайталайды, ал «Вэйшу» болса: «Шивэйлердің тілдері қидан, кумоси, доумолоу тіліне ұқсайды» деп тұжырады (Сонда, 46-б.). Жоғарыда біз қиданның сюннуға жататыны туралы жылнамалардан мол дерек келтіргенбіз. Ендеше, қиданның бір бұтағы шивэйлердің де әргі тегі – сюнну (ғұн). «Материалы по истории древних кочевых народов группы дунху» еңбегін жинақтап, түсінік жазған В.С.Таскин қидандар мен шивэйлерді сюнну деп дәлелдей отырып, оларды «дунху тобына» енгізіп, қателікке орын береді. Дәлірегі, зерттеуші ежелден ауызша қалыптасқан ескі жолдың ыңғайымен кеткен.
(Жалғасы бар)

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button