Басты ақпарат

КӨШЕ АТТАРЫНДА КӨП СЫР БАР

Қазіргі Астана көшелерінің атауы қазақ халқының ұлан-байтақ жерінен, ғасырлар қойнауына кеткен тарихынан, ерекше далалық мәдениетінен, халық жадында ізі қалған белгілі тұлғаларынан мол ақпарат береді. Тәуелсіз мемлекеттік астанасы солай болуы да керек, себебі Астана қазақ елінің жүрегі, ақылы және тарихи санасы емес пе?!

 1997 жылдан бастап Астана мен оның аймағында 800-ден артық жаңа атаулар пайда болды. Тіпті, өзгесін айтпағанда, қазақтың қадір тұтқан, атын жыр жолына енгізіп сақтап отырған аяулы және қаһарман қыздарының аты осы тізімде қомақты орын алады: Баян сұлу, Қыз Жібек, Күйші Дина, Айша бибі, Ақжүніс, Ақын Сара, Мәриям Жагорқызы т.б. Қандай тамаша! Қазіргі Астана көшелері мен алаңдары қазақ тарихы мен мәдениетінің көрнекті оқулығы сияқты. Бұрынғы Коммунистический, Социалистический, Инициативный, Перспективный, Угольный, Дорожный, Суворов, Герцен сияқты не ұлтқа, не осы аймақ тарихына еш байланысы жоқ атаулар ұмытыла бастады.

Дегенмен, Астана тарихынан еш тажыратып ала алмайтын атаулар да бар екенін ескергеніміз жөн. Әр астана өзінің тарихымен мақтанады, ол тарих неғұрлым тереңге кетсе, соғұрлым бәйтерек биік болмақ.

Біз «Талайғы тарих» айдармен Есіл мен Нұра арасындағы байырғы ескерткіштердің біразына саяхат жасап, көпшілік қауымға таныстыруға талпыныс жасадық. Олардың ішінде ғұн дәуірінен дерек беретін Тайтөбе кешені, оғыз дәуірімен байланысып жатқан Бұзоқ пен Бытығай, Алтын Орда империясының далалық орталықтарының бірі – Орманбет қаласы, одан қалды өзіміздің Әз Тәукенің жазғы ордасы қонған жер – Күйгенжар бар. Енді бір қызық тақырып – Астананың өз көшелерінің тарихы. Батыс Еуропаның астана қалаларының тарихындай біздің жыл санауымызға дейін жалғасып кететін көшелер болмағанымен, бізде бірнеше жүз жылдық тарихы бар көшелерді табуға болады.

АҚМОЛА БЕКІНІС МҰНАРАСЫ

Біз бүгінгі әңгімемізде астананың ескі орталығында әрқайсысының өзіндік тарихы бар бірнеше көшемен танысып шығамыз. Әрине, оқырман өз бетімен әрі қарай талпыныс қылып зерттеймін десе өз еркі, қалай болғанда да біздің ақпарат осыған түрткі болғанына тек қуанамыз.

Басқасын айтпағанда, бүгінде он-он бес жыл осы қалаға кіндігі байланып қызмет жасап жүрген азаматтардың өзіне де қала көшелерінің тарихынан аз да болса мәлімет алса артық болмас деген пікірдеміз. Қалай дегенмен, келімді-кетімді қонағымыз бар, өсіп келе жатқан жас өрендеріміз бар, біздің астаналықтардың өзінің өмір сүріп жатқан ортасының тарихын білгені дұрыс емес пе? Тіпті, қаймана қазақ керек етпесе де, қала көшелері туралы тарихи ақпаратты туризм саласына жауап беретін, не тікелей қала бойынша саяхатты ұйымдастырып жүрген жолбасшылар керексінер.

Біз өткен бір мақаламызда Ақмола бекінісі туралы қолда бар мәліметті түгел жарияладық. Ол мақалада қазіргі Астана қаласының іргетасы ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары қалана бастағанынан хабар қылдық. Әуел баста Қараөткел атымен белгілі бұл қоныс жан жағында мұнаралары бар, терең ормен қоршалған қорғаны бар, онша көлемді емес бекініс болатын. Ол қазіргі күні солтүстігінен Кенесары, батысынан Сарыарқа, шығысынан Бөкейханов, ал оңтүстігінен Есіл өзені шекаралаған алаңда орналасқан. Бұл бекініс қорғанның ішінде көше болған жоқ. Біздің қолымыздағы сызбада ең алдымен «Часовня» көрсетілген.

«Часовня» деген шіркеу деуге келмейді, бірақ шіркеуді алмастыратын кішкентай христиандық ғибадатхана десек дұрыс. Екінші құрылыс – сот палатасы ғимараты. Үшінші – қазақтар «дуан» деп атайтын округтің басқару аппараты орналасқан кеңсе. Төртінші құрылыс – лазарет, яғни ауруларды емдейтін шағын емхана, ал бесінші құрылысты сызбада «острог» деп атайды, бұл қазіргі қазақ тіліне аударсақ – түрме. Бекіністің қамалдарына қатарластыра әскери адамдар тұратын казармалар орналасқан. Бұлардың басқа бекініс ішінде округтік дуанның қызметкерлеріне арналып салынған бірнеше тұрғын үйлер де болды, бірақ оларды арнайы көше деп атауға еш негіз жоқ.

1840 жылдары бір жағынан сауданың дамуына, екінші жағынан Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін далалық алқапта бейбітшіліктің орнауына байланысты бекіністің маңында құрылыстар салу басталды. Оның ішінде бекіністің батыс жағында Ақмола дуанының алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының өзіне деп салған үйі және мешітті ерекше атап көрсетуге тиістіміз. Қараөткелдің алғашқы мешіті қазіргі Иманов көшесінің Бөкейханов көшесіне жақындаған тұсында салынған. 1840 жылдары мешіт салынған кезде ол жерде бірнеше ғана үй болатын. Биіктеу жерге салынған мешіттің мұнарасынан Қараөткелге керуендер келгенде арнайы азан шақырылып, саудагерлердің амандығына деп дұға оқылатын. ХІХ ғасырдың соңына қарай мешіт салынған көше тарихи құжаттарға Мечетная болып еніп кетті. Қараөткелдің алғашқы көшесі деп біз қазіргі Кенесары көшесін атауымызға болады. Себебі, бекініс салынып дуан ашылған уақытта Есіл өзенін Қараөткелден кешіп өткен керуендер бекініс қорғанының қас бетіне жақындап келіп түсіп, түйелерін шөгеріп, шатырларын тігіп, саудаларын жасай беретін.

САУДА ҚАТАРЫ

Кейін осы көше Үлкен Базар көшесі атанды. Қазіргі «Конгресс-холл» ХІХ ғасырдың соңына дейін базардың қайнаған ортасы болатын. Патша үкіметі құлаған соң, 1922 жылы Үлкен Базар көшесін Қараөткелдің зиялы қауымы Кенесары көшесі деп атағанын біз өткен бір мақаламызда жаздық, бірақ Совет үкіметі күшіне кірген соң большевиктер ол көшені Кенесарыдан тартып алып, Карл Маркске берді. Қазақстан тәуелсіздігін алып Астана Қараөткелге келген соң, бұл көшенің бағы жанып Кенесары өз атауын қайтарып алды. Қарап отырсаңыз, тарих деген ғажап бір құбылыс, шыр айналған замана көші Архимедтің спиралі сияқты, дәл орнына келмегенімен, қайталап өзінің ізін шиырлап отырады.

Бұл жерде бір кішкене ескертпе айта кеткен жөн. ХХ ғасырдың басындағы тарихи құжаттар мен әдебиетте Кенесары көшесінің Казачья слободкадан бастап Желтоқсан көшесіне дейінгі тұсын Театр көшесі деп те атайды. Желтоқсан Совет заманында Комсомольская көшесі, патша заманында көпшілік Думская деп атаған. Көп заман Қараөткел көшелері атсыз болғаны белгілі, шағын қала болғандықтан, көшелерге арнайы ат қойылмаған. Сол жерде қандай белгілі ғимарат бар, оның қоғамдық қызметі қандай, алғашқы атаулар сол белгілер бойынша атаулар табиғи түрде қалыптасқан.

 

 

 

 

КЕРУЕН САРАЙ

Екінші көше – Кіші Базар алаңы. Бұл алаң Үлкен Базар көшесіне қанаттас алаң десек те болады. Қазіргі күні де бір жағынан Бейбітшілік көшесі кесіп өтетін өте әдемі алаңдардың бірі – осы Кіші Базар. Егер құрылыс есебімен айтсақ, Конгресс-холдан бастап ескі Парламент үйіне, қазір Қазақстанның мемлекеттік басқару академиясы, спорт және туризм агенттігі т.б. орналасқан ғимаратқа дейінгі жер.

Совет үкіметі жеңгеннен кейін Кіші Базар алаңын Пролетарская көшесі деп атады, қазіргі уақытта бұл көше Бейбітшілік көшесі деп аталады.

Астананың үлкен көшелерінің бірі – осы Бейбітшілік. Осыға байланысты тағы бір ескерте кететін мәселе бар. Патша заманындағы әдебиетте Кіші Базар алаңының екі қапталы болғаны айтылады, оның бір қапталы Керуен Сарай (Гостинодворская) аталғаны белгілі, екіншісінің Совет заманында Пролетарская көшесі атанғанын есте сақтаған дұрыс.

Пролетарская көшесі кейін Мир көшесі болып, ал тәуелсіздік тұсында Бейбітшілік деген атауға ие болды. Сонымен, Қараөткел көшелерінің тарихы осы аталған екі көшеден басталады. Деректерге қарағанда, ХХ ғасырдың басында осы аталған екі көшеден басқа тағы да жеті көше болған.

Олар – Жағалау (Береговая), Татар, Хлебников, Училище (Училищная), Шіркеу (Церковная), Жаңа (Новая) және Дала (Степная) көшелері. Әрине, бұл жерде әңгіме қаланың орталық бөлігінде белгілі бір тәртіпке бағынған көшелер туралы, ал тәртіпке бағынбаған, қалай болса солай, қиқы-жиқы салынған көшелер де аз емес. Олардың ішінде қаланың екі қапталындағы слободкалар, казак-орыс станицасы, қазақ жатақтарының үйме-жүйме қоныстары т.б. бар. Өзінің реті келгенде біз Ақмоланың слободкалары мен жатақтары туралы жеке бір мақала дайындаймыз.

Ақмола қала атағын 1860-жылдары алғанымен, өзін қала сезіне бастағаны тек ХХ ғасырдың басы ғана, оның өзінде де 1903 жылы Қараөткелде боған П.Головачев қаланы былай деп сипаттайды: «Областной город Акмолинск, или Акмолы, основан чисто по стратегическим соображениям для удержания в повиновения казахов, кочевавших по Ишиму. Город окружен с одной стороны целой сотней ветряных мельниц… Он состоит из трех главных частей, отделенных одна от другой громадными пустырями, из которых один называется базарной площадью (бұл жаңағы айтылған Конгресс-холл маңы- Ж.А.). На видном месте, на одной площади с собором, думой и гостиным двором находится острог, квадрат в 20 сажен по сторонам, огороженный «палями» (заостренными бренвнами) сжени на три высотой» (П.Головачев В степном крае//Азиатская Россия. Иллюстрированный географический сборник. М.,1910.с.340). «Острог» деп орыстар сол кездегі түрмені атайды. Бір қызығы, түрме сипаттамаға қарағанда, қазіргі қала әкімшілігі (Бұрынғы Александро-Невский соборы), М.Горький атындағы орыс драма театрының үйі (Қалалық басқарма-дума), Сине-Темпоре дүкенінің (Керуен Сарай-Гостиный двор) арасындағы ең орталық деген алаңға орналасқан болып шығады.

Қараөткелдің көшелері туралы П.Головочев былай дейді: «Улицы Акмолинска, конечно, не освещаются. Несколько фонарей горят только у больших магазинов для лучшей охраны от воров. В обычное время эти широкие и длинные улицы никогда не подметаются, хотя и унавожены гораздо лучше крестьянских полей в центральных губерниях; их очищают ветры, часто поднимающие тучи пыли и затхлого навоза. Если летние ветры выметают городские улицы, то зимние бураны прекращают всякое сообщение. Трудно представить себе всю силу и весь ужас степных буранов: ничего не видно и не слышно буквально в двух шагах… Бураны в Акмолинске прекращают сношения даже между соседними домами: отойти в буран вечером в сторону от своего дома, значит, рисковать жизнью… В об ширных акмолинских дворах во время бурановпротягиваются веревки, держась за которых только и можно добраться до службы, не рискуя заблудиться в собственном дворе». Қазіргі күні де қыс кейде қаһарына мініп, әжептеуір борандатып тұрады, бірақ бұрынғы аққала болып жататын қар, алай-түлей борандар қайда? Жергілікті халық алматылықтар келгеннен бері үскірік аязымен жер-жаһанды бір тазартып тастайтын күн де жылып, боран да бұрынғы қайратынан айрылып қалды дейді.

Астананың ескі көшелерінің ішінде Абай көшесі ерекше орын алады. Осы көшенің бойын асықпай араласаңыз, қала тарихының талай тамаша ескерткіштерін көресіз.

Басқасын айтпағанда, кезінде Ақмоланың ең бай көпесі Н.Зәбиров қаражатына салынған Жасыл мешіттің шарбағы неге тұрады?

Бірақ патша заманында татарлар көп қоныстанған бұл көше Мешіт көшесі емес, Шіркеу көшесі атанды. Себебі, Ресей империя христиандық империя болды, екіншіден, көшенің Есіл жағында христиандардың Александро-Невский соборы тұрды. Совет үкіметі орнағаннан кейін Октябрь революциясының үш

жылдық тойының құрметіне Ақмола қалалық уездік исполкомының 1920 жылдың 11 желтоқсанындағы шешіміне сәйкес бұл үлкен және обкөркем көшеге күн көсем Ленин аты берілді. Қазақстан астанасының көшіп келуімен байланысты 1997 жылдың 5 қарашасында көшесінің аты Ленин аты алынып, Абай болып аталатын болды.

Бұрынғы Қараөткелде Новая аталатын көше болғанын біз білеміз бе? ХХ ғасырдың басында бұл көше расында да жаңа болды, себебі, осы қысқа көше Степная (қазіргі Сейфуллин көшесі) және Церковная (қазіргі Абай көшесі) аталатын ескі көшелердің арасынан салынды. Совет үкіметі орнағаннан кейін біраз жыл бұрынғы атымен жүрген көше большевиктердің көзінің құрты болды. Ақыры ескі құрылыстары көп әдемі көшелердің бірі Сталин атына берілді. 1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығын тойлауға дайындық кезінде және кеңестік тоталитаризм мен жеке басқа табынушылықты әшкерелеу, репрессия құрбандары туралы шындықтың айтыла бастауына байланысты «мұртты көсем» Сталин аты ұмытылып, көше «50 лет Октября» аталды. 1997 жылы 26 маусымынан бастап бұл көше қазақтың атақты театр қайраткері Жақып Омаров атымен аталады.

Қараөткелдің ХХ ғасыр басындағы тәртіпті көшелерінің бірі осы көше болған.

Қараөткелдің ескі ғимараттарымен танысамын деген азаматтар Жақып Омаров атындағы көшемен аз ғана серуен жасаса болғаны, көз алдыңызға ХІХ ғасырдың соңындағы уездік қала келе қалады. Қараөткелдің ескі көшелерінің бірі Степная деп аталады. Көп заман бұл көше қаланың қыр жағындағы шеткі алқабы болды. 1838 жылы мамыр айының соңына қарай Ақмола дуанын шаппақ болған Кенесары әскерінің «Ұлы қол» аталатын орталық бөлігі қазіргі Сейфуллин көшесінің бойында топтасқан. ХХ ғасырдың басында да қырдың қазағы қалаға осы қас бетінен келетін. О.Головачев жазбаларына қарасақ, қаланы мекендейтін де, күнделікті келіп-кетіп жүретін де қазақ аз емес: «Хотя главная, значительнейшая часть населения Акмолинска состоит из русских казаков и мещан, однако при первом взгляде кажется, что казахи и вообще инородцы преобладают в этом степном городе: казахи и толпами и в одиночку галопируют по улицам, поднимая целые столбы пыли, толкуются на базарной площади, наполняют лавки и магазины, камеры обоих мировых судей, уездное управление; всюду слышится казахская речь. Множество казахов ежедневно является в город с кумысом, за покупками и для продажи степных продуктов; кучерами и работниками служат почти исключительно казахи и беспрестанно гоняют на водопой целые табуны лошадей».

Қыр көшесі Совет заманында алдымен большевик Урицкий атына берілді де, кейіннен «Революционная» деген атпен белгілі болды.

Білетіндер бұл көшенің көп бөлігін ертеден қазақтың жатақтарының жаман жер кепе үйлері алып жатушы еді дейді. Бұл көшенің үйлері қиқы-жиқы қазақи тәртіпте болғанымен, көлік қозғалысына ыңғайлы көшелердің бірі болған екен. Қазіргі қаланың негізгі артерияның біріне айналған бұл көше қазақтан шыққан алғашқы большевиктік қайраткерлердің бірі, 1920 жылдардағы өтпелі және ауыр біраз жыл мемлекетті басқарған, атақты ақын және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин атында. Сәкен және Қараөткел тақырыбы – жеке бір мақаланың жүгі.

Астана тарихына қатысты ғылыми және көпшілік әдебиетте қала көшелеріне қатысты толып жатқан қателіктер орын алған. Соның бір мысалы, қазіргі М.Әуезов атындағы көшенің патша заманындағы аты Степной еді деу. 2008 жылы жария ланған «Ақмола» энциклопедиясын құрастырушылар «Степной көшесінің фрагменті» (қазіргі Әуезов көшесі) (Астана. Энциклопедия. Астана. 2008. 66-б.) деп осы қателіктерді бекіте түседі. «Степной» біз жоғарыда жазғандай, қазіргі С.Сейфуллин атындағы көше. Ақмола өңірінде Совет үкіметін орнатуға ерекше еңбек сіңірген қазақтың ұлы жазушыларының бірі, қоғам қайраткері С.Сейфуллин туралы әңгіме бөлек. 1915 жылғы К.Шаховтың түсірген фотосуреттеріне негіздеп М.Әуезов көшесін «Центральный» деп атау да әдебиетте кездеседі. Қалай болғанда да, жергілікті өлкетанушылардың бұл бағытта атқаратын жұмыстары баршылық. Бұл жерде біз фотограф «центральный» дегенді шартты түрде қолданды деп еспетейміз. Кезінде А.Ф.Дубицкий де қазіргі Абай көшесін «Центральный» деп атағаны белгілі. ХХ ғасырдың басында құжаттарда Қараөткелдің маңызды көшелерінің бірі деп «Хлебников көшесі» аталады. Хлебников кезінде осы қаланың басшысы болған адам, бірнеше үйі бар ірі көпес, оның бір қабатты ағаш үйі 1987 жылға дейін тұрған. Менің ойымша, осы Хлебников көшесінің қазіргі М.Әуезов атындағы көшеге қатынасы бар болуы тиіс, оның қаланы оңтүстіктен солтүстікке қиятыны белгілі. Біздің жорамалымызды 1920 жылы 11 желтоқсанда Ақмола қалалық және уездік исполкомының Хлебников көшесі Октябрьская болып аталсын деген шешімі бекіте түседі (Алпысбаева г.Астана в новое и новейшее время. Астана. 2008.с.270). Егер біз Хлебников көшесін қазіргі Ә.Бөкейханов көшесі дейін десек, оның бұрынғы аты белгілі – Торговая, яғни, Сауда көшесі. Ә.Бөкейханов көшесі бекіністің күншығыс қабырғасына орналасқан, бекініс орнаған алғашқы кезеңде сауда осы жерде жүргізілуі заңды және бұл көше Үлкен Базар көшесімен жақсы қиылысады. 1920 жылғы қалалық исполкомның шешімімен өлкетанушылар Центральная, ал біз Хлебников деп атап отырған көше Октябрьская атанды.

Патша заманының өзінде Тәртіппен салынған, табанына тас төселген көше орталықтан басталған бетінде Вокзал алаңына дейін барады. Оның шартты түрде орталық атануына да осы себептер әсер еткен болуы мүмкін. Қалай болғанда да, кезінде Қараөткелдің басты көшелерінің бірі аталған бұл көше – 1997 жылдан бастап қазақтың Ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов атында.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button