Мәдениет

КҮЙ АТАСЫ – ҚҰРМАНҒАЗЫ

Елорда төрінде күй атасы – Құрманғазының күйлері қалықтады. Қазақтың аспапты музыка өнері классигінің теңдессіз туындыларымен көрермендерді сусындатқан концерт ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

1

Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында Құрманғазы мен одан бата алған Дина Нұрпейісованың ескерткіші бой көтерді. Бас қалада күй атасының бір шығармасымен аттас «Серпер» халық аспаптар оркестрлерінің халықаралық музыкалық фестивалі жыл сайын өтетіні де белгілі. Концертті ұйымдастырған Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы елордадағы үздік музыканттар мен әншілердің басын қосып, ұлы күйшінің тұлғасын асқақтатуды, артына қалдырған мұрасын тағы бір жаңғыртуды жөн көрді.

– «Қазақ өнерінің ең күрделісі, ең толғаулысы, сырлысы – күй өнері. Қазақтың қасиеті, ұяты тек қана күйінде қалды» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өз заманында тегіннен-тегін айтпаса керек. Күй өнері қазақтан басқа өзге елде жоқ, қазақтың ғана маңдайына жазылды. Ұлы бабаларымыз – Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей қаншама шоқтығы биік күйлерді тудырды. «Өнерін тыңдап, халқын таны» деп айтып жатамыз. Құрманғазының күйлерін егер симфонияға салып, әлемге паш ететін болсақ, жер бетінде қазаққа жетер ұлт болмас еді деп ойлаймын. Кешегі ұлы Ахмет  Жұбанов бүгінгі біздің бетке ұстар ұжым – Құрманғазы оркестрінің басында тұрса, қазір сол академиялық жүкті ұстазым Айтқали Жайымов көтеріп келеді, – деген ҚР еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбек көрермендерге өзінің «Жазғы қар» және әйгілі «Көңіл толқыны» күйлерін тарту етті.

Бұл концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов бастаған Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі жиналған қауымды Құрманғазының «Серперімен» серпілтіп, «Сарыарқаның» жанға жайлы самалын залға алып келді. Арасында «Пәбескі», «Балбырауын», «Көкала ат», «Алатау», «Адай» күйлерімен халықты рухтандырды.

Жеке орындаушылар да күй атасының шығармаларын төгілдірді. Әсіресе, «Саранжап» күйін тартқан Шәкәрім Наурызханұлы мен Индира Қайыржан атты балғын күйшілердің өнері көрермендерді сүйсінтті. «Шәкәрім өнер жолындағы үлкен сахнаға алғаш шыққанда, қазақ күй өнерінің майталмандарымен бірге өнер көрсеткенін жақсы ырымға баладық» дейді талапкер күйшінің әкесі Наурызхан Ғазизұлы.

Айтса айтқандай, кеште ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған «Айда, бұлбұл, Айжан-ай» күйімен сусындатты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Тұрар Әліпбаев пен Айгүл Үлкенбаева «Байжұма» және «Қайран шешем» күйлерін күмбірлетті. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Анар Мұздаханова, Батыржан Мықтыбаев, Арман Жүдебаев өнерімен көрінді. Бұларға қоса Ермек Қазиев, Орынбай Дүйсен, Жексенбек Нұржауов, Айтолқын Тоқтаған Құрманғазы шығармаларын шалқытты. «Серпер» ансамблі күй тартысып, көрерменнің делебесін қоздырды.

Концертте күй ғана күмбірлемей, әсем ән әуеледі. Сәуле Жанпейісова, Ерлан Рысқали сынды ұлттық классикалық музыканың белді өкілдері қазақ әндерін нәшіне келтіріп орындады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button