Басты ақпарат

LRT жобасының шығыны қысқарды

Astana LRT құрылысының жобасына кететін шығындар қайта қарастырылып, нәтижесінде 1,2 млрд-тай АҚШ доллары үнемделмек. Бұл туралы шаһар басшысы Алтай Көлгінов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Елорда әкімінің айтуынша, жобаның бастапқы жоспарында Astana LRT-ны салуға Қытай даму банкінен қарыз алу көзделген. Ол бойынша жоба құны 1,8 млрд АҚШ долларын құрады, ал 20 жылдан кейін оны 2,6 млрд АҚШ доллары етіп қайтару керек болған. Үкімет тарапынан бұл жобадан бас тартылды. Яғни Қытайдан қарыз алмай, есесіне жобаға ішкі қарыз­дан қаржы жұмсалады. Нәтижесінде 800 млн-нан аса АҚШ доллары немесе 300 млрд-тан аса теңге үнемделетін болды.
Сондай-ақ Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған жобаны қайта оңтайландыру мақсатында басқа да шаралардың қабылданғанын жеткізді.
– Алдымен Қытай тарапымен келісімшарт құнына салықты қосу туралы келісімге келуді бастадық. Бұл жұмыс шығынды 200 млн АҚШ долларына немесе 76 млрд теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, «Астана» банкінен 258 млн доллар қайтарылатын болады. Екіншіден, қазіргі уақытта жолау­шылар ағынын ескере отыра, егер алғашқы жобада 19 жылжымалы құрам немесе көлік қарастырылған болса, біз оны 12-ге дейін қысқарту мүмкіндігін қарастырудамыз. Яғни алғашқы уақытта жоба бойынша интервал 3 минут болса, қазір біз оны 10 минутқа дейін өзгертуді қарастырдық. Соның нәтижесінде 40 млн АҚШ долларын немесе 15 млрд-тан астам теңгені үнемдеуге болады. Үшіншіден, Astana LRT-да жоспарланған 18 аялдаманы біз 11-ге дейін азайтамыз. Соның нәтижесінде жерасты жолы да қысқарады және мұның арқасында 110 млн АҚШ доллары немесе 42 млрд-тан аса теңге үнемделеді, – деді Алтай Сейдірұлы.
Бүгінгі таңда LRT құрылысының жобасы 1,5 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Қорытындылағанда, жоғарыда аталған барлық шаралар жобаның шығынын 1,2 млрд АҚШ долларына дейін оңтайландыруға септігін тигізеді. Оның 800 млн-ы – қарыздан бас тарту есебінен, қалған 350 млн-ға жуық қаражат құрылыс-монтаж жұмыстары есебінен үнемделеді.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, «Әбу Даби Плаза» кешенінен әуе рейстеріне тіркеуден өтіп, аэровокзал қағидасы сияқты жолаушылардың LRT-мен әуе­жайға тікелей бару мүмкіндігі қара­с­тырылып жатыр. Бұл жүйені «Нұрлы Жол» және ЭКСПО стансаларында да пайдалануға болады.
Айта кету керек, Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. Компанияның қазіргі басшысы Ержан Игенбердиевтің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-басшыға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бүгінде оны қамауға алу туралы қолдаухат бар. Енді осы мәселемен Интерпол ұйымы айналысып жатыр.
Естеріңізге салсақ, өткен жылы Талғат Арданға қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, төрт жыл бұрын Астана LRT-ның бюджеттік қаражатынан мердігер бір компанияға 300 миллион теңге аударылғанда, лимиттен 125 миллион теңгеге артық болғаны анықталған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button