Елорда тынысы

Мәслихат төрағасы сайланды

Астана қаласының жаңадан сайланған VIII шақырылымдағы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясының күн тәртібінде 9 мәселе қаралды. Сессияны Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова ашты. Отырысқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Сессияда алғы сөз сөйлеген бас қала басшысы Жеңіс Қасымбек:

«Елорда мәслихаты депутаттарының алдында үлкен жауапкершілік пен міндеттер тұр. Астанада 1 миллион 300 мыңнан астам адам тұрады. Қалада су тапшылығы байқалады, тағы да басқа қордаланған мәселелер бар. Алдағы уақытта соларды бірлесіп шешеміз деген ниеттемін. Елордада халық саны артқан сайын балабақша мен мектеп қажеттілігі байқалады. Қала тұрғындарының сенімін ақтау керек. Мемлекет басшысы бірқатар міндеттер жүктеді. Алдымызда тапсырмаларды ортақ орындау міндеті тұр» деді.

Күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе ­–­­ мәслихат төрағасын және тұрақты комиссияның төрағаларын сайлау.

Депутаттық корпустың бірауыз­дан қолдауымен Ерлан Каналимов мәслихат төрағасына сайланса, Заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасына Азамат Айтқожин, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасына Кендебай Адамбеков сайланды. Ал құрылыс, экология, көлік, сауда және ТКШ мәселелері жөніндегі комиссияны  Владислав Сергеев, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияны Асқар Смағұлов жетекшілік етеді. Amanat партиясы фракциясының жетекшісі болып Берік Жәкенов сайланды.

Жалпы отырыста дауыс беру барысында мәслихат депутаттары бұл кандидатураларды қолдады.

Елорда мәслихатының құрамында – 34 депутат, Amanat партиясында –12 мандат, ҚХП партиясында және Baytaq қазақстандық жасылдар партиясында бір мандат және «Ақ жол» партиясында үш мандат бар. Тағы 17 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланды. Жаңа мәслихат құрамында 25 ер адам және 9 әйел бар. Ең жас депутат – 22 жаста, ең үлкені – 63 жаста. Депутаттардың орташа жасы – 46 жас.

Айта кететіні, мәслихатты басқаратын Ерлан Каналимов VІІ шақырымдағы мәслихатта хатшы қызметін атқарған

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button