Имантаразы

Оразаны не бұзады және не бұзбайды?

Рамазан айында көпшіліктің тарапынан оразаға қатысты алуан түрлі сұрақ туындайтыны белгілі. Ораза тұтқан жандарды әсіресе оразаның шарты, бұзатын және бұзбайтын амалдар, Қадір түнін қарсы алу, жолаушы мен науқас адамның оразасы, әйелдерге қатысты жағдайлар, пітір садақа мен зекет беру туралы сұрақтар толғандырады. Осыған орай, біз газеттің бүгінгі санынан бастап «Оразаға қатысты сұрақтар мен жауаптар» деген айдармен өзекті сұрақтар мен олардың жауаптарын жариялаймыз.

Сұрақ: Рамазан айы оразасының парыз екеніне дәлел бар ма?

Жауап: Рамазан оразасы – ­исламдағы 5 парыздың бірі. «Бақара» сүресінің 183-аятында Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Ораза, бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді» деп бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Ислам бес негізге құрылған: Алладан басқа Құдай жоқ екеніне, Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасын ұстау және шамасы жетсе қажылыққа бару» деген.

Сұрақ: Рамазан айындағы ораза кімдерге парыз?

Жауап: Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, жолаушы емес әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Яғни мұсылман болуы, балиғат жасына толуы, ақыл-есі дұрыс болуы, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғылықты жерінде болуы шарт.

Сұрақ: Оразаны арықтау, яки көппен бірге ұстай салайын деп ұстауға бола ма?

Жауап: Оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп, яки көппен бірге ұстау дұрыс емес. Әуелі ниетті түзеп, бір Алланың разылығы және парыз болғаны үшін ұстайды. Сонда Алланың разылығын да алады, денсаулығына да оң әсері тиеді.

Сұрақ: Сәресіге ұйықтап қалып, күні бойы ешнәрсе ішіп-жемесе, ораза ұстаған болып санала ма?

Жауап: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «ашура» күнін хабарлаушы кісіге: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмамдасын. Ал ештеңе жемеген болса, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)» деп жар салуын бұйырды. Демек, сәресіге ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда нәр татпастан ниет етіп оразасын жалғастырады. Бастысы, таңертең ешнәрсе ішіп-жемеуі және түске дейін ниет етіп үлгеруі тиіс.

Сұрақ: Сәресіге тұрмай ораза ұстауға бола ма?

Жауап: Иә, олай да ораза тұтуға болады. Алайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір жұтым су ішсеңдер де сәресін үзбеңдер. Өйткені Алла Тағала мен періштелер сәресіге тұрғандарға жақсылық тілейді» деген өсиеті бар. Сәресіге тұрып ас ішу немесе ең болмағанда су ішу, құрма жеу күні бойы адамға қуат береді.

Сұрақ: Қандай жағдайларда ораза бұзылады және оны өтеу қажет?

Жауап: Ораза кезінде әдейі ­ішіп-жеу және жұбайымен жа­қындасу оразаның қазасын және жазасын өтеуді міндеттейді.

Сұрақ: Тамағына шыбын кіріп кетсе ораза бұзыла ма?

Жауап: Аузына шыбын байқаусызда кіріп кетсе, оразасы бұзылмайды.

Сұрақ: Ораза кезінде моншаға түсуге бола ма?

Жауап: Ораза кезінде моншаға бармаған дұрыс. Өйткені адамды әлсірететіндіктен және буда отыр­ғанда ішке су кіріп кету қаупі жоғары болғандықтан, ораза уақытында бармаған дұрыс. Моншадан кейін шөлдеу, әлсіреу жағдайы орын алатындықтан, оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін.

Сұрақ: Ораза кезінде әйелін (күйеуін) құшақтап, сүюге бола ма?

Жауап: Айша анамыз: «Оразада Пайғамбар (с.ғ.с.) жарларын құшақтап, сүйетін еді, алайда басқаларға қарағанда ол өз-өзіне ие болатын» деген. Бұл жерде ескеретін жағдай, әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, сүюіне рұқсат. Сенімді болмаса, сақтанған жөн. Ал баланы иіскеп сүюдің еш сөгеттігі жоқ.

Сұрақ: Балиғатқа толмаған балаға ораза ұстау міндет пе?

Жауап: Жоқ, балиғат жасына толмаған балаға ораза міндет емес. Алайда балиғатқа дейін ораза ұстауды үйрене бастауы сүннет амалға жатады.

Сұрақ: Рамазан айында кімге ораза тұтпауға рұқсат етіледі?

Жауап: Алыс сапарға шыққан жолаушы, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқас, жүкті әйел және бала емізетін ана разаман оразасынан уақытша босатылады.

Сұрақ: Егер ораза кезінде ­әлсіздікті сезінсе, оразасын бұзуға бола ма?

Жауап: Егер аузы берік адамның оразаны жалғастыруы ауыр болып жатса, ол күндері оразаны тоқтата тұруға болады. Алайда жеңіл-желпі қиналғанға бола оразасын бұзуға тыйым салынады. Шын мәнінде, өзін жайсыз сезініп, денсаулығына қауіп төнер болса, оразасын ашуға болады.

Сұрақ: Рамазан айында неке қидыруға бола ма?

Жауап: Бұл айда неке қидыруға рұқсат. Бірақ ерлі-зайыптылар ауызашарға дейін жыныстық қатынасқа түсуге болмайтынын ескергені жөн.

(Жалғасы бар)

«Оразаға қатысты 200 сұрақ» атты кітапшадан алып, дайындаған Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button