Рухани жаңғыру

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘЙЕГІ – МЕЙІРІМДІ ҚАЛА

Қазіргі таңда тұрғындардың ­тұрмыс-тіршілігіне қатысты негізгі мәселелер шешілген, ғылым-техниканың соңғы жетістіктерін игілікке айналдырған, жанға жайлы, ­үркініш-қорқынышсыз бейбіт, рахат өмір бесігіне айналған қалаларды «ақылды қала» деп атау үрдісі қалыптасты. Нұр-Сұлтан қаласы да осындай қалалардың қатарына ­қосылып келеді.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы әлем халықтарын діни наным-сенім тұрғысында да, саяси аренада да бір-біріне бауырмал, ынтымақтас болуға шақырудың, мейірімділіктің келісім алаңына айнала бастады. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласын ақылды ғана емес, «әлемнің ең мейі­рімді қаласына айналдыруымыз» заман талабынан туындап отыр.
Мәңгілік ел болудың негізі – мейі­рімді мемлекет, мейірімді қоғам құру екенін Елбасымыз ұдайы ­айтып келген. Ата Заңымыздан да көрініс тапқан азаматтық қоғам идеясы да осыған меңзейді. Әрі мейірімділік ол – жаһандану заманында рухани жұтаңдыққа бой алдырған әлемдегі дамыған елдерінің алдындағы басты проблемаларды жоя алатын негізгі жол. Бұдан өзге ізгіліктің оңтайлы жолы адамзат баласына әзірге байқалған жоқ. Әріге бармай-ақ бүгінгі таңда еліміздегі қоғамдық қатынас жағдаяттарына қорытынды жасасақ, бүгінгі таңда адамдардың мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік ізгі ниет­тен алшақтатып бара жатқанын зиялы қауым, қоғам қайраткерлері айтып, ескертіп, дабыл қағуда. Адамдардың мейірімділіктен алшақтағанынан болып қоғамымыздың қарыштап дамуына үлкен кінәрат, бөгеттер пайда болды. ­­Ең бастысы, мемлекеттің кішкентай бөлшегі болып табылатын отбасын құрған жастарымыздың некеден ажырасу деңгейі елімізде жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1994 жылдан кейінгі уақытта әр жыл сайын отбасын құрған жастардың үштен бірі ажырасқан. Тастанды балалар саны күрт өскен.
Адамдардың бір-біріне деген сыйластығы, қайырым, мейірімі азайып барады. Ұрпақтары өзінің туған ата-анасына қартайған шағында мейірім шуағын төгудің, асырап сақтаудың орнына оларды қараусыз қалдырып, қарттар үйіне өткізіп жатыр. Тіпті анасын, сүйген жарын, бауыр еті баласын айуандықпен өлтіру көріністері белең алды.
Ұлттық салт-дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз аяқасты ­болып, жастарымыз батысқа еліктеген небір тұрпайы салт-сананы өмірлерінің өлшеміне айналдыра бастады.
Қасиетті мұсылман дінінің тура бағытына бойұсынбай, жастарымыз жат секталардың ықпалында кетіп жатыр. Ақпарат құралдарының статистикалық мәліметтерге сүйенген есебі бойынша қазір қазақстандық 400-ден аса жастар Таяу Шығыс елдерінде, тіпті, отбасымен, жас балаларымен соғыс өртінің ортасында жүр. Қауіпсіздік және құқық қорғау ұйымдары ­өткен жылы еліміздің әр түкпірінен ­террорист-радикал топтардың мемлекетке қарсы 200-ге тарта қылмысты әрекеттерін әшкерелеп, шара қолданды.
Сондықтан мәңгілік ел болу үшін не істеуіміз керек? Ол үшін мейірімді қоғам, мемлекет қалыптастырудың концепциясын жасап, жүйелі түрде жұмыс жүргізуге тиіс. Бұл қазақ елінің қарыштап, қарқынды дамуының жаңа жолы болып саналады. Бұны «утопизм» деп көруге әсте болмайды, біз ­­ең алдымен басшыларды өздеріне мейірімділік қалыптастыратын, одан кейін қарапайым халыққа мейірімділікпен қарайтындай етуіміз керек. Сонда ғана мейірімді мемлекет қалыптасып, оған халқы қоң етін кесіп беруге дайын болады. Үкіметіне, билікке қарсы шығу мүлдем болмайды.
Алайда мейірімді қоғам орнатудың әлемдік үлгісі жоқ екенін де білеміз. ХV ғасырдағы Томас Мор, Томмазо Кампанелла сияқты италиялық ойшылдар қоғамда адамдардың жақсы өмір сүруіне, бостандығына кедергі келтіретін өз дәуіріндегі қоғамдық құрылымды кемелдендіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салғаны белгілі. Кампанелланың «Күн қала» атты еңбегі философтардың пікірінше, күні ­бүгін маңызын жойған жоқ. Кейінгі қоғамдық ой-пікірлердің дамуына елеулі ықпал жасады. Өкініштісі, олардың мұратын билеуші топ іске асыртпады, халықтан гөрі өз мүдделерін жоғары қойып отырды.
Ал адам құқын барынша қастерлеуді ту етіп көтерген капиталистік қоғам бүгінгі таңда мейірімділікті азайтып, адамды қатыгездікке жеткізіп отыр.
Сондықтан ендігі жерде әлем ­елдерінде әр дәуірде үстемдік еткен қоғамдық құрылымдардан емес, ұлттық рухымыздан іздеген дұрыс деп білеміз. Өйткені жекеленген елдердің қоғамдық құрылымдағы адам адамды сыйлайтын мейірімділік, ізгілік ұстанымы бізден, бізден емес, алпауыт елдерден әлдеқайда артық өмір салтын қалыптастырып отырғанын білеміз. Швейцария, Жапония, Финляндия сияқты елдер ешкімнің теориясына, тәжірибесіне сүйенбей, өз халқының менталитет артықшылығын, адамның адамға деген мейірімділік қасиеттерін бүкіл ел көлемінде заңдылыққа айналдыра білген.
Өйтсе, қазақ ұлты ізгілік тұрғысында кімнен кем? Бізге неге халқымыздың асыл, даналық қағидаттарын жаңғыртпасқа, сол жолмен жүрмеске?
Біз қазақ деген қаһарман ­халықпыз, қайырымды, мейі­рімді халықпыз деп мақтануға бейім тұрамыз. Ол, әрине, орынды. ­Қазақ жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған, қонағын құдайдай күткен, иманына берік, жүрегі мейі­рімге толы халық екені белгілі. Сол асыл қасиеттерімізді кешегі отаршылдық саясат ұмыттырып, құлдық сананың құшағына құлатты, мәңгүрттендірді.
Сол мәңгүрттікті аластап, адам санасын өзгертуді, қоғамды ізгілендіруді, мейірімді қоғам, мемлекет құруды халқымыздың байырғы салт-санасынан, ұлтық рухымыздан іздеуіміз керек.
Бұл ауқымды да, маңызды істі ел жүрегі елордамыздан бастасақ, біртіндеп бүкіл қоғамды қамтуға жол ашамыз. Нұр-Сұлтан қаласын мейірімді қалаға айналдыру – қоғамды ізгілендірудің, сол арқылы мәңгілік ел болудың алғашқы қадамы, маңызды факторы болмақ. Бұл бастамадан біздің ұтарымыз көп. Әуелгі кезекте қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, өмір салты, тіршілігі жақсарады. Көпбалалы аналарға, балаларға берілетін қосымша жәрдем, әртүрлі көмек, баспаналар мейірім аясында үлестіріліп, мемлекеттен халқына көрсететін жеңілдік, даяшылық мейірімділік қағидасына сәйкес шешіліп отырады. Әрбір азамат келешегіне сенімді қарап, алаңсыз, қауіпсіз өмір сүреді. Қала бойынша тәртіп, реттілік орнап, шаһарымызды одан сайын гүлдендіре, дамыта түсудің оңтайлы мүмкіндігі туа­ды. Қала тұрғындары қаланың сенімді қорған сақшысына, тәртіп орнатушыға айналады. Ең бастысы, халық пен мемлекеттің өзара сенімділігі артып, ара байланысы нығаяды. Бұл – бас қаламызды әлемнің ең мейірімді қаласына айналдырудың көз алдымыздағы қарапайым пайдасы. Ал ұлттық, саяси ұстаным тұрғыдағы маңызы одан да зор.
Қазақстанды «Мәңгілік елге» айналдыру жолындағы Елбасы көтерген, Ата Заңымызда көрініс тапқан мейірімді мемлекет құру мақсатына жетуге қадам басамыз.
Нұр-Сұлтан қаласын «Мейірімді қалаға» айналдыру бірінші кезекте ұлттық санаға сілкініс жасауды көздейді. Яғни Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы өмір заңдылығына айналады. Халқымыздың ­рухы асқақтап, әлемдегі өзгеге үлгі, ­ақыл парасатты, ізгілікті ұлттардың арасынан көрінуімізге түбегейлі ­бетбұрыс жасалады.
Алпауыт елдердің тәуелсіздігімізді жоюға бағытталған ­арандатушылық жымысқы сая­саттарына тойтарыс берудің қаруы Қазақстан сияқты жас мемлекеттер үшін экономикалық артықшылық емес, рухани күш-жігер екенін айқындайды. Қару күшімен емес, береке-бірлік, бір идеяға берік топтасу, өзара мейірім, сыйластық арқылы тәуелсіздігімізді қорғай аламыз. ­­Ал береке-бірлік, берік топтасудың ­негізі адамдардың бойындағы мейірімділікте болады.
Мемлекеттік басшылық қызмет пен қарапайым халықтың ара байланысы нығаяды. Мемлекетке, билікке деген халықтың риясыз сенімі артады. Бұл жоба болашақта астанамен шектелмей, ел көлемінде біртіндеп өрістейді.
Қалада тыныштық, емін-еркіндік, жоғары мәдениет, қолайлы орта пайда болып, тұрғындардың береке-бірлігі, татулығы артады. Санамызда қалыптасып, елді ­бүлдіріп келген алауыздық, көралмас­тық, бақталастық сияқ­ты келеңсіз қасиеттер жойылады.
Халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар жиі өтуі туристердің көптеп келуі арқылы қаламыз өзінің бюжетінің кем дегенде 50 пайызын өзі табатын болады. Мемлекеттік бюджетке қомақты қаржы кіргізіп отырады.
Ең негізгісі, елін мәңгілік ел етудегі Тұңғыш Президент сая­саты абыроймен орындалып, мемлекетімізді әрқашан өзінің халқымен бірге болдыра алатын мейірімді қоғам, мемлекет қалыптасады.
Қазақ халқы тарихының бастауы кемінде 4000 жылдан әріде жатқан ежелден Ұлы дала халқы екенін әлемге әйгілейді.
Әрі қарай әлем елдеріне үлгі бола аламыз. Нұр-Сұлтан қаласының әлемдік беделі артып, Еуразия кіндігіндегі тыныштықты сақтаған бейбітшілік жаршысына айналады. Нұр-Сұлтан қаласын мейірімді ­қалаға айналдыру үшін ең алдымен қала әкімінен бастап елордасында ­орналасқан минис­трліктерден бастап барлық мекеме ұйым басшыларын, лауазым ­иелерін мейірімді болуға, оларды қала тұрғындарына мейіріммен қарайтын, есіктерін қарапайым халыққа айқара ашып, кез келген уақытта қабылдайтын етсе, мейірімді қала да, мейірімді қоғам да әлқисса орнығады. Сонда ғана халық пен мемлекет бірге бола алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button