Туризм

АЛАКӨЛГЕ ЕМЕС, АНТАЛИЯҒА ҚҰМАРМЫЗ

Осындайда ұрымтал тұсты ұтымды қолдана білетін әккі туристік фирмалар көбіне көпшіліктің көзі үйреніп, санасына сіңісті болып кеткен Түркия, Дубай, Тайланд, Малайзия, Бали, Гоа секілді елдердегі жағажайлық демалысты ұсынып жатады.
Біз, кіндігі сахарада ке­сілген қазақ халқы атам заманнан бері аттың жалы, түйенің қомында жүріп байтақ даламызды кезіп бой сергітуші едік. Бүгінде заман басқа болғандықтан, уақыт көшіне ілесіп, шетел жағалауды дағдыға айналдырып алғанымыз осыдан-ақ көзге ұрады. Әрине, бұл – заңды құбылыс.
Десек те, Қазақстанда да табиғаты жанға жайлы, әсемдігімен бойыңды баурап алар, көркіне көз тоймас көрікті жерлер жетіп артылады. Шүкір, Тәңірім бұл жағынан қазақ даласын кенде қалдырған емес. Статистикалық мәліметке жүгінер болсақ, еліміздің көркем табиғатын тамашалауға келетін шетелдік туристер қатары күн сайын артып келеді. Егер осы қарқыннан таймасақ, болашақта ірі туристік державаға айналған елдерді қуып жетеміз деген үмітіміз де басым екендігін жасырмаймыз.
Айталық, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Каспий жағалауы, Балқаш көлі, Үлкен Алматы көлі, Қапшағай су қоймасы, Каспий жағалауы,суы балдай, шөбі шүйгін, ауасы шәрбат Алма-­арасан, Сарыағаш, Меркі, Манкент, Жаңақорған, Қапаларасан, Барлықарасан, Ақжайық, Алатау шипажайлары, Шарын ұлттық паркі, Баянауыл, Қарқаралы, Сегіз көл, т.б. жіпке тізгендей айта берсек жетерлік. Бір ерекшелігі – Алакөлде суға шомылу маусымы 95 күнге созылады екен. Мұндай мүмкіндік Түркияның өзінде жоқ көрінеді.
Жалпы, туризм саласы шаш етектен пайда әкелер, қазынаның қоржынын қампайтар заманауи бірден-бір табыс көзі болып саналады. Сол себепті де, көптеген өркениетке қол созған мемлекеттер туризм саласын дамытуға көп көңіл бөліп, бәсекелестікті арттырумен келеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей сөз орайы келгенде айта кете­йін, Түркия, Франция, Италия, Тайланд елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, ал кейбіреуінде 30 пайызы туризмді құрайды екен. Туризм сол елдің әлеуметтік жағдайының еңсесін түзеп, экономикасының өн бойына қан жүгіртетін күре тамырдың бірі екенін сан мәрте дәлелдеді.
Егер саралап, зерделер болсақ, осы салада бәсекелестікке қабілетті 140 мемлекет қатарында әлемдік рейтинг бойынша Қазақ­стан 88-ші орында көрінеді. Қазіргі таңда біздің Үкімет инфрақұрылым тартуға 1,5 млрд доллар қаражат бөліп, жекеменшік сектор 2 миллиард доллар инвестиция құюға әзір екендігін байқатты. Соның арқасында 2020 жылға қарай жер-жерлерде 270-300 мың жаңа жұмыс орны ашылып, туризм жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын құрайтын болады деген жорамал айтылуда.
Қазіргі көрсеткіш бо­йын­ша небәрі 0,3 пайызды ғана қамтиды екен. Мәселен, туризм саласында қыз­мет ететін тұрғындар саны Францияда – 10 пайыз, Италия мен Швейцарияда – 15 пайыз, АҚШ-та 4 миллион адам болса, бізде небәрі 168 мың жұмысшы нәпақасын табуда. Бұл дегеніміз – жалпы еңбекке жарамды халық­тың 2 пайызына ғана тән.
«Қайнаған қара суда да қасиет бар» демекші, Анталияны аңсап, көңілі алабұртып тұратын жұрттың аңсары Алакөлге де бұрыла бастады. Әсіресе, Алакөлдің суына қызығушы шетелдіктердің қатары артып, көрші Ресейден келуші қалың халықтың шоғырын былай қойғанда, сонау Финляндия, Испания, Германия, АҚШ елінен ағылып ынтызар болып жатқандар баршылық.
Себебі олар Алакөлдің емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы екенін жан-жақты зерттеп, зерделеген. Суы минералды ресурс­тарға – йодқа, тұзға, химия­лық элементтерге өте бай, денсаулыққа пайдасы медицинада сан мәрте дәлелденген. Одан қалды қуаң даласындағы құрғақ ауа көл бетіндегі дымқыл ауамен араласып дем алушыларға жайлы әсер береді. Керек десеңіз, жорықтан қайтып келе жатқан Шыңғыс хан жараланып, қансыраған әскерін осы Алакөлдің суына айлап жатып шомылдырып ем-дом жасаған деген де аңыз бар.
Айта кету керек, соңғы төрт жылда Алакөлге турис­тік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш алғашқы жылдары 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсіп, 2018 жылы 10 миллиард теңгеге дейін жеткізілді. Алакөлдің жағасында дем алып бой сергітіп қайтуға ынталылар қатары көп болғанымен, адамдардың келуі сиреп бара жатқандығы ащы да болса шындық. Өйткені жол қиындығы әбден титықтатып тастайды. «Жол азабын жүрген біледі» демекші, ойдым-ойдым шұңқыр жолмен жүру машина түгілі қара жаяу адамға да қиын соғады. Сол себепті, автобус, я болмаса көлікпен Алакөлге бару қияметтің қияметі десе болады. Рас, автокөлік магистралінің құрылысы басталды. Бірақ, жол құрылысы 2-3 жыл көлемінде бітіп, халық қызығын көреді деуге әлі ертерек секілді. Үшарал, Үржар бағытына әуежай, теміржол іске қосылып, жұмыс жанданғанымен, билет табу мәселесі өте қиын. Билет дегенің пышақ үстінен үлестіріліп, ала жаздай қол жеткізе алмай қиналасың. Билеттің жоқтығымен қоймай, алыпсатарлар үстеме бағасымен құнын екі-үш есе шарықтатып жібереді. Бірден жағалауға топ ете түсіп табаныңды тигізер әуе қатынасы, теміржол байланысы мүлде жоқ. Пойыз­ға отырсаңыз да, ұшаққа мінсең де діттеген жеріңе төтесінен жеткізбейді. Егер Алматы облысы жағындағы Алакөлге барғыңыз келсе Көктұма стансасынан түсіп, әрі қарай көлікке мінесіз. Үржар жағынан да дәл осы көрініс. Семей қаласынан түсіп бәленбай шақырым жол жүріп сілікпең шығып жетесің. Жолдың нашарлығы, айналма ұзақтығы туристерді тартуға үлкен кедергісі десе болады.
Мұның барлығы Алакөлдің даңқын асыру емес, өшіруге бағытталған қадамдар демеске амал жоқ. Ендігі міндет – Алакөлдің жағажайында дем аламын деушілерге қолайлы сервис жасап, инфрақұрылымдарды жаңалап, туристік қызмет көрсетудің сапасын жақсартып, туризм саласын қарқынды дамытуды назарға алу.
Тағы бір маңдайымызға біткен саялы жер – қарт Каспий теңізі. Табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақта демалу үшін жылына 205 мың адам келеді. Оның 177 мыңы өзіміздің қазақстандықтар көрінеді. Бұл – «Кендірлі» демалыс аймағы. Мұнда туристердің теңізге түсіп, денсаулығын нығайтып, тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Биылғы еңбек демалысын Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кендірліде өткізуі қит етсе мұхит асып, шет ел құмартып жүретін шенеуніктерге үлгі болды. Өз еліндегі асылды бағаламай мұрнын шүйіретіндер үшін барды қалай бағалау керектігін Қасым-Жомарт Кемелұлы саналарына құйды десек, артық айтқандық емес.
Шөлейтті жерде орналасып, жан-жағын жасыл-желек көмкерген келешегі кемел Кендірлі де барлық жағдай жасалғанымен, қарапайым халық ішер асын өзімен бірге ала келеді. Өйткені жағажайдағы дәмханалар мен мейрамхана бағалары өте қымбат болғандықтан тиімсіз, қалтаға ұрады.
Иә, әлемнің қай жерімен салыстырсаң да кемшін түспейтін Алакөл, Каспий, Бурабайымыз бар екенін мақтан тұтамыз. Алайда солай бола тұрса да, дем алушылар Анталияға баруға құмар. Оған бірден-бір себеп – жол қатынасы, екінші – қымбатшылық. Айталық, бізде үй-жай алу бір тәулікке 30 мың теңге тұрады. Бұл тек, тұрағыңның қарақан басы ғана. Ал Түркияда белгіленген бағаның ішіне күнделікті бес мезгіл ішіп-жейтін ауқатың, жатын орның, әртүрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатысу, ашық және жабық бассейндері бар демалыс орындарына бару, аквапаркте қыдыру кіреді. Ақтау мен Бурабайда екі күнге 180 мың теңге жұмсасаң, осы бағаға Түркияда бір апта демалып қайтасың. Айырмашылығы жер мен көктей екенін анықтау түк қиынға соқпайды. Бұдан шығар қорытынды – біз әлі де болса туризмді кеңінен дамыта алмай отырғанымыз. Ел туризмінің әлі шатқаяқтап сүріншек аттай сүрініп келе жатқанының бір көрінісі. Сервистік қыз­мет көрсету деңгейінің төмендігі, бағаның тым қымбаттығы туристердің көңілінен шықпайды. Сондықтан Алакөлге емес, Анталияға ынтызар. Бірақ бір әттеген-айы, әрі өзекті өртейтін өкініштісі маңдай термен тапқан ақшамызды өз туған жеріміздің гүлденуіне емес, шетелдіктердің экономикасына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, көш ілгері қарыштап кетуіне құйып жатқанымыз ғой…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button