Мәслихат

МАҚСАТЫМЫЗ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

ZAH_8970

Тәуелсіздікпен тұстасып дүние есігін ашқан, билік буынымен бірігіп, халық қамы үшін қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 20 жыл толып отыр.

1994 жылдың наурыз айында еліміздің жаңа өкілетті органы болып табылатын мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Міне, содан бері біздің Астана қала­лық мәслихаты да Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Конституция­сына және Қазақстан Рес­публикасының заң­на­маларына, сондай-ақ «Қазақ­стан Респуб­лика­сындағы жергілікті мем­лекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы» заңға сәйкес өз жұмысын жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта қалалық мәслихатта 25 сайлау округі бойынша сайланған осынша депутат бар. Олар өз сайлау­шыларымен үнемі кездесу өткізіп, коммуналдық қызмет көрсетулер, жол­дар­дың жағ­дайы, тұрғын үй мәселелері, еңбеккке орналас­тыру, мектепке дейінгі тәрбие, медициналық көмек көрсету, дәрігерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді өмірлік маңызды мәселелердің жүзеге асырылуына үлес қосып, қала әкімдігімен бірлесе отырып қызмет етуде.

Астана қалалық мәслихатының ең байырғы депутаты – Николай Ильич Мещеряков. Ол бірінші ша­қырылымнан бері бесінші рет депутат мандатын иеленіп, бүгінгі күнге дейін сайлаушылар сеніміне ие болып келеді. Ал, мен соңғы үш шақырылымда жергілікті мәслихатқа депутат болып сайлан­дым. Содан кейін депутаттық тә­жірибесі көп Бауыржан Исабаев, ол өкілеттілігі тоқтатылған депу­тат­тың орнына сайланған болатын.

Әлі есімде, 2003 жылы үшінші шақырылымның бірінші сессиясы өткізілді. Ол кезде мен қаладағы Жас­тар шағын ауданының тұр­ғындарын қамтитын №18 округ бойынша депутат болып сайланған болатын­мын, ал төртінші және бесінші ша­қырылымда №3 округ бойынша сайланып, Сарыарқа ауданындағы Тілендиев, Жел­тоқ­сан, Әуезов, Жеңіс көшелерінің тұрғындарына қыз­мет еттім. Әрине, уақыт алға жылжыған сайын адам­дардың мәс­лихатқа, жер­гі­лікті билік өкіл­деріне деген сенімі артып келеді.

Бүгінгі таңда депутаттық корпуста білім, денсаулық сақтау меке­мелерінің өкіл­дері, белгілі кәсіп­керлер мен ірі кәсіпорындардың басшылары, сонымен бірге атақты ғалымдар да, қысқасы, қа­рапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар. Міндетіміз – осы салалардағы барлық күрмеулі мәселелерді шешу. Сондай-ақ, біз тиісті бағдарламаларды бекітіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң негізінде жұмыс істейміз. Биыл қыркүйек айында Алматы қаласында ҚР мәс­лихатының 20 жылдығына орай ұйымдас­тырылған ауқымды шараға аста­налық бір топ депутат қатысып, ел игілігі жолында атқарған еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталды. Бұл да болса біздің ең­бе­гіміздің еленгені деп білеміз.

Қаладағы барлық маңызды мәсе­­лелер мәслихат жанындағы тұ­рақты комиссиялардың отырыс­тарында қаралады, келелі кеңестер де осында өтеді. Өзім мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіп­керлік мәселелері жө­ніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ре­тінде бюджеттің кіріс-шығыс бөлігін қарап, қорытынды шығаруға қатысып отырамын.

Жалпы, қалалық мәслихат де­пу­тат­­тарының барлығы да «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Демек, олар халықтық партияның дамуына да үлкен үлес қосып жүр.

 

Мейрамбай ОРАЛОВ,

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button