Қала мен Сала

Маздаған ұшқынды лаулата біліңіз

Әлемге әйгілі мотиватор, меценат, жазушы Николас Вуйчич: «Менің миссиям – адамдарға өмірде өз жолын табуға көмектесу».

Әншейінде, қаріп-қасірлерді кездестіргенде көзімізді тайдырып әкетіп, жансебіл жүрісіне жанымыз ашып, кейде мұнысын ерсі көріп, «не жанын қинап қайтеді, үйінде отырса қайтеді» дегендей ой келеді. Олардың ерекше қажеттілігі болса да ешкімге масыл болмай өмір сүргісі келетінін дені сау адам түсінсе де ығысып қатарынан орын беруге әлі дайын емес екені де рас. Мүгедек түгіл қол-аяғы барлардың өзіне өмір-өзеннен кешіп өту қиын, ал Жаратқан жанынан ешнәрсе аямаса да денесін жартылай пішкендердің бейнеті қандай?
Елордаға Ник Вуйчич келеді дегеннен бері осы ойдың жетегінде жүріп, атағы жер жарған ғажайып жанмен кездесуден не күтерімізді өзіміз де білмегенбіз. Дегенмен, Ник бір көргеннен ежелгі танысымыздай әсер қалдырып, сөзімен де жігерімен де жиналған қауымды әп-сәтте баурап алды. Оның аяқ-қолының жоқтығы да сезілмеді. Керісінше, осы қалпымен он екі мүшесі түгел болса да қайрат-күші кеміп қалғандардың көкірегіне үстемелеп сәуле құйғандай.
Бүкіл елімізден жиылған арбаға таңылған жандар үлкен залдың алдыңғы қатарында жайғасыпты. Екі аяғын тең басып жүрсе де, денесінде бір мүшесі жоқ кембағалдар да Никтің аузына қарады. Ерекше жандардың арман-қиялдарының орындалатынына бір дәлел ретінде Никтің әрбір қимылы, әрбір сөзі көпшілікке үміт сыйлағанын несіне жасырайық. Апыр-ай, мынадай кембағалдықтың құрсауынан қалай сытылып шықты деген сұрақтың жа­уабын күттік.
Николас Вуйчич Мельбурнде сербиялық эмигранттардың отбасында дүниеге келген. Жарымжан қалпында дүниеге келген сәбиге дәрігерлер сирек кездесетін «тетраамелия», туабітті кемтарлық деп диагноз қояды. Шолақ біткен аяғының саусақтарына ота жасап ажыратып береді. Ол өсе келе саусағымен жазу-сызуды үйреніп, орнынан қозғалуға тірек етіп, тіпті ыршып түсіп, орнынан секіруді де үйренеді. Минутына 53 сөз жазуға да осы жалғыз саусақ сеп болады.
Міне, бүгінде әрбір жүректерде мейірім оятып, қоғамды ізгілендіруге атсалысып, өзіндей кембағалдардың сөніп қалған шырағын жағуға жанын салып жүрген құтты қонақ сахнада тұр. Ник көп күттірген жоқ, өзін осы биікке алып келген бар құпиясымен бөлісті. Алдымен: «Алғысты болыңдар» деп салмақты жиналғандардың өзіне салды. Осы қалпымен Жаратқанға алғысты болу мүмкін бе?! Мүмкін екен, тым болмаса әрекет етіп, жүректегі ызаны басуға талпынып көр. Осы ретте, бар мүмкіндікті сынап көрмейінше, ненің мүмкін емес екенін білмейсіз деп ой қорытты. Егер бір дегеннен жолым болмаса, бетім ешқашан қайтқан емес, қайтадан талпынамын. Бұл – табыстың кезекті кілті.
Ник өз басынан өткен мына оқиғаны еске алды. Ес біліп, мектеп бітіріп, шешендік сабағын алып, көрген-білгеніммен бөлісемін деп шешкенде мұның сөзін керек қылатын ешкім табылмапты. Бір емес, елуден астам мекемемен байланысып, қызметін ұсынады. Хабарласқандар мұның ерекше жан екенін біліп, сөзін тыңдауға аса құлықты бола қоймапты. Содан елу екінші мектеппен байланысқанда барып шақыру алған. Кездесу барысында өз өмірінен әңгімелеп, өзгелердің жігерін жаниды. «Арманда, биік мақсат қой, ешқашан берілме, тәуекел ет», «сене біл» және керек болса «ғажайып жанға айнал!» дейді шешен. Айтуға оңай. Бірақ сол кездесуден кейін Никті бір көріп, оның әңгімесін тыңдаушылардың саны артыпты. Бүгінде әлемнің 70 елінде болып, елордамызды да көрудің сәті түсіпті.
Қала әкімі Алтай Көлгінов қадірлі қонаққа ілтипат көрсетіп, сахна төріне шыққанда ерекше жылылық оның да жүзінен төгіліп тұрды. Жүрегіне жақын жандарына деген ізет пен арман құсын ұялатқандар тамаша кездесу үшін оны ұйымдас­тырушыларға алғыс жаудырады.
«Қоғамды өздеріңіз өзгертесіздер, заңды да, сая­сатты да. Мен мектеп жасына келгенде сол кездегі елдің заңы бойынша, оқуға қақым болмапты. Бірақ анам үкіметке барып, заңдылықты өзгертті. Бүгінде барлық ерекше жандар еш кедергісіз басқа балалармен бірге жүріп білім алады. Одан басқа мен мектепке барғанда арбаға отырған осы халім үшін ұялатынмын. Қазір маған ұят емес. Бірақ қоғамға ізгілік керек. Айналамдағылардың қолдауы мені мақсатыма жақындатады. Алайда көңіліңіз қалып түңілу өз мақсатыңыздан алыстата түседі. Бірақ қандай қиындық болса да, қолдарыңызды сілтемеңіздер. Қиындық жасытпасын. Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Бізде өмірдің ұшқындары, жарықшақтары бар, соны аялай біліп, қабылдай біліңіздер, дертіңіз қаншалықты ауыр болса да, қорықпаңыз, қабылдай біліңіз» деп, жаны жаралы жандарға дем беріп, сәл кідірді. Ник: «Мықты болыңыздар, қиын сәттерде менің күлкімді еске алыңыздар» деп әзілге бұрды. Өзі еш қиындық көрмегендей екі езуі құлағына жетіп, бар мейірімімен халықты бетіне қаратты. Бұдан артық ерлік бола ма? Басқа адам айтса, жәй сөздей қабылдар едік, алайда бар бейнетті басынан кешіп, жасымаған жанның сөзіне сенбеске амалыңыз жоқ. «Егер кеуделеріңізде жүректеріңіз соғып тұрса, қол-аяғыңыз сал болып қалған күннің өзінде өмірге құштарлықтың басқа қырынан жарып шығуға мүмкіндік беріңіздер. Кедергі аз емес, мәселе оны шешкеніңізде, күрмеуді үзгеніңізде» деп Николас Вуйчич кездесуге келгендерді қайрады.
Кездесу соңында Никтің кітаптарын сатып алғандардың да қарасы көп болды. Бәлкім, бұл кездесу кейбіреудің өміріне күрт өзгеріс әкеліп, өткеніне қайта қарау­ға күш берер. Мүмкін біреудің алыс үміті жақындап, өмірінің мәнін табар. Бәлкім, біреулерге Николас қанат байлап жіберген де шығар. Қол арбаға таңылған ерекше қабілеттілігі бар жанның жанын түсінуге жол ашар сәт те осы болар. Бет перде болған іштегі кедергінің көбесі осында сөгілді.
Ең бастысы, елордалықтардың есінде қалып, қайта-қайта айта жүретін үлкен оқиға осы деуге әбден болады. Қоғамды ізгілендіретін де үлкен өзгеріске осы кездесудің әсері болатына сенімдімін.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button