Руханият

Мектепке Ахмет Байтұрсынұлы аты беріле ме?

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі №48 мектеп-лицейінде «Алаш алқасы» ғылыми-танымдық интеллектуалды жастар клубының кезекті жиынын өткізді. Жиынның бұл жерде өтуі де тегін емес. Оқу ордасына Алаш қайраткерінің есімін беру талайдан қозғалып келеді. Ұлт ұстазының шағын мұражайы да осы мектепте орын тепкен.

«Мектебімізде Ахметтануға ұмтылып жүрген оқушылар көп. Олар жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыс­тан орындар алып жүр. Ендігі арманымыз мектебімізге ұлт ұстазының есімі берілсе дейміз. Бұл арқылы балалардың бойына елжандылық пен ұлттық рухты сіңіргіміз келеді» дейді №48 мектеп-лицей директорының орынбасары Алмас Момысқызы.
Кездесуде Ербол Тілешов, Бекжан Әбдуәлі, Сағымбай Жұмағұл, Ұлан Еркінбай сынды алаштанушы ғалымдар мен ақынның аталас ұрпағы Азамат Нұрланұлы оқушылардың көкейтесті сұрақтарына жауап беріп, ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Өз кезегінде оқушылар ақын шығармаларын жатқа оқып, Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері топтас­тырылған естелік сыйлықты мектеп мұражайына тарту етті. Ал жас зерттеуші Базарбай Сымбат қайраткер шығармашылығын зерттеуді қолға алып, алдағы жұмыстары үшін аға буындарынан ақыл сұрай келіпті. Балғынның жас талабына риза болған ел ағалары ғылым жолына енді келген Сымбаттың қадамына құт тілеп, баталарын берді.
«Осымен үшінші рет өткізіліп отырған іс-шарамыз­дың негізгі мақсаты – ұлт мұраты, мемлекеттілікті қалыптастыру жолында ерен еңбек етіп, қазақ руханиятының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын өскелең ұрпаққа үлгі-­өнеге ретінде жеткізу, дәріптеу. Жоба «Жастар жылы» аясында жүргізіледі. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» арқылы ел мұраты хақында, тұтастық пен бірлік арқылы ұлттық рухты жаңғыртуға үлес қосу. Бұған дейінгі өткен кездесулерімізді Әлихан Бөкейханұлына, Абай Құнанбайұлына арнадық. Соның нәтижесінде Әлихан атындағы мұражай ашылды, Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында мектепке аты берілді. Бұл біз бағындырған белестің басы ғана. Алдағы уақытта да осындай жиындарымызды көбейтпекпіз» дейді «Руханият» мекемесінің директоры Ержан Еңсебай.

Фархат ҚАНАЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button