Жаңалықтар

МЫҢЖЫЛДЫҚ ШАҺАРДЫҢ МЕРЕЙІ

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуат­ты Қазақстан» бағдарламасының аясындағы шаралар Аста­надағы Алматы қаласы­ның күндерімен түйінделді. Мыңжылдық шаһар мәдениеті екі күн бойы елордада салтанат құрды.

20161105133428

ҚР Ұлттық музейінде өткен «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты мульти­медиялық көрме мен Алатау баурайына жайғасқан қала туралы фотокөрмеге 30-дан астам архео­логиялық тарихи жәдігер мен 100-ге жуық фотосурет қойылды.
Көрмені ашқан Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек көрменің тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Конституциясы, егемендік туралы декларация, ұлттық валютамыз – теңгені шығару туралы шешім Алматыда қабылданды. Семей полигонын жабу туралы Жарлық та бұл шаһарда шығарылды. Сондықтан таң-далған тақырып та көрмеге сай келіп тұр.
Ал ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасында алматылық ақындар оқыр­мандармен кездесті. Олардың арасында киелі Түркістанның кешегісі мен бүгінгісін жырға қосқан Қасымхан Бегманов, «Тұлпарға мінген ұлы даланың, тарпаң мінезді ұлы боламын» деп жырлайтын Маралтай Райымбекұлы, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кеше­нінің директоры Әділғазы Қайырбеков, Жанарбек Әшім­жан, Есей Жеңісұлы сынды белгілі ақындар болды. Алматыдан арнайы келген қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман келелі әңгіме өрбітті.
Ел Тәуелсіздігінің ши­рек ғасырлық мерей­­тойы мен қаланың мың жылды­ғына орай Алматы руханиятында биыл елеулі жаңалықтар орын алды. Жақында қалада «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы ашылды. Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың сөзінше, енді жақында қала тарихына арналған мұражай есігін шалқайта ашпақ.
Өткен сенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында Алма­тының эстрада-сим­фо­ниялық оркестрі және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қаты­суымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған гала-концерт өтіп, онда Айқын Төлеп­берген, Луина, Димаш Құдайберген, Диана Шарапова, Әли Оқапов, «МузАрт» ансамблі, «Қоңыр», «КешьЮ», «Жігіттер», «Сарын» және «Ринго» топтары ән салды.
Ал жексенбі күні бұл сарайда дәстүрлі музыка өкілдері астаналықтарды «Мәңгілік мұрат» атты концертте ән-күймен сусындатты. Олардың арасында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазы, Айгүл Қоса­нова, Шолпан Даржанова, Ұлжан Байбосынова, Тілеулес Құрманғалиев сынды әншілер, күйшілер мен жыршылар болып, ұлттық музыканың мәйегін ұсынды.
Театр сүйер қауым да назардан тыс қалмады. Алматыдағы Мем­лекеттік қуыршақ театры Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклін және балаларға арнап «Куклы шоу» мерекелік қойы­лымын қойды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button