Жаңалықтар

ЖӘРМЕҢКЕ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы маңында ауылшаруашылық өнімдерінің қорытынды жәрмеңкесі өтті.

????????????????????????????????????

Күрең күз басталғаннан бері бас қалада Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты ауқымды шара аясында барлық облыстардың ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйым­дас­тырылды. Әр аймақ өздері өндірген азық-түлік тауарларын арзан бағамен осында әкеліп, елордалықтарға тарту жасады. Астана қалалық ауылшаруашылық басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 3 қыркүйектен 31 қазанға дейінгі аралықта жалпы сомасы 2 млрд 722 млн теңге болатын 7 412 тонна ауылшаруашылық өнімдері сатылып, 50-ден аса өнім түрі тұрғындарға ұсынылған. Жәрмеңкеде сатылған өнімдердің бағасы нарықтық жағдаймен салыстырғанда 10-15 пайыз тө­мен­деу болды. Осы жерде тауар құны аймақ өкілдерімен келісілген түрде белгіленгенін айта кеткен жөн. Мәселен, жұртшылық көп сатып алатын сиыр еті 1000-1100 теңге аралығында болса, оның қаладағы орташа бағасы 1200-1250 теңге көлемінде екені рас. Жеміс-жидек жәрмеңкеде 50-60 теңгеден саудаланса, қалада ол 70-90 теңгені құрайды.
Бір сөзбен айтқанда, айту­лы шара жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Астана әкімі Әсет Исекешев пен барлық облыс басшылары жәрмеңкені аралап, тауарлардың сапасы мен бағасын көрді. Жұртшылықтың пікірін тыңдады. Өз кезегінде қала тұрғындары да осы игілікті істі ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.
Әрине, елордалықтар тек жәрмеңкеге барып, азық-түлік алып қана қойған жоқ. Сонымен бірге, ауқымды бағдарлама аясында аймақтардың 120-дан астам мәдени шаралары өтіп, бас қала тұрғындарына танымдық қойылымдар, керемет концерттер және дарынды қылқалам шеберлерінің көрмелері тарту етілді. Сондай-ақ, өңірде тұратын талантты қаламгерлермен кез­десулер де оқырмандарға олжа болды. Спорттық және ойын-сауық шаралардың көрігі қызды. Әсіресе, Ақтөбе облысы өкілдерінің Қарттар және Балалар үйлеріне арнап өткізген қайырымдылық акциясы айтулы бағдарламаның әлеуметтік ажарын аша түсті. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты ауқымды шараның түйінін түйін­деген мың жасап отырған шаһардың мәдени бағдарламасы барысында астаналықтар «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» мультимедиялық көрмесін тамашалап, егемендіктің туы тігілген жерден келген ақындармен жүздесті.
Қарашаның қара суығы үдеп тұрса да, кешегі өткен жәр­мең­кеге келген тұрғындардың қоржындары бос қайтқан жоқ. Ондағы өнімдердің бағасы да соншалықты қымбат емес. Айталық, жылқы еті – 1 300 теңгеден, ірі қараның еті – 1200 теңгеден, қой еті – 1250 теңгеден, сәбіз, картоп, пияз, қырыққабат секілді көкөністер көтерме бағамен 50-70 теңге аралығында саудаланды. Одан бөлек, күнделікті қажетті азық-түліктердің құны да қолжетімді екендігін байқадық.
«Бүгінгі жәрмеңке маған ұнап тұр. Бағалары да айтарлықтай екен. Әсіресе, жеміс-жидектің құны арзандау. Бір қап картоп, бір қап жуа, бір қап сәбіз алдым. Қыс жақындап қалды. Соған дайындалып жатырмыз» дейді қала тұрғыны Нұрлан Ақым деген ағамыз.
Қысқасы, елордада өткен дәс­түрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі барлық жағынан да тиімді болды деп айтуға болады. Соны ескерген Астана әкімдігі алдағы уақытта өңірлік ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің қатысуымен осындай жәрмеңкені тұрақты өткізуге шешім қабылдады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button