Мәдениет

Нағыз әнші

Музыкада шекара жоқ. Орындаушысы келіссе, қай елдің әні болсын санаңызға сызатсыз сіңеді. Сіз мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Опера – қазаққа кірме өнер. Әлемнің мен деген опера әншілерінің өзі жүрексінетін, анау-мынауды жалынан сипатпайтын күрделі арияларды Кенже-аға орындағанда, ол құдды қазақтың «Қарғашы» мен «Қарғамайы», «Ақбақайы» мен «Алқоңыры» секілді қабылданады. Жәмиғат жүрегіне жеткізіп айтатын мұндай әншінің шеберлігіне қайран қалмасқа амалыңыз жоқ. Тұран батырлары іспетті, Тәңір берген талантына түр-тұлғасы жарасқан ағамызды алпыстың асқарына келсе де үнемі шабытты шағында көреміз. Бұл тек өз елін шексіз сүйіп, өнеріне құдірет дарыған дарындардың ғана бойынан көрінетін бекзада болмыс, текті қасиет. Ел санасында Кенжеғали Мыржықбай есімі әлдеқашан ән болып ұялап, бейнебір сазбен бірге жаратылған секілді елестейді. Ән – ұлттың рухани қайнары. Жүректен шыққан ән ғана жүректерге жетеді. Әңгіме тиегін ағытуға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Тұрсынбекұлының алпыстың асқарына иек артып, ел ағасы жасына әдемі келгені мұрындық болып отыр.
Қазақ руханиятына үлгі шашқан Абай топырағында жаратылған жас талант өнерін Пушкин елінде ұштады. Есімдері төрткүл дүниеге таныс Иван Алексеев, Михаил Довенман, Маргарита Хейфес секілді сойы еврей педагогтерінен тәлім алды. Кәсіби ән өнеріне он жылын сарп еткен саңлақ дарын қазақ операсының түндігін әнмен желпіді. «Біржан-Сарада»– Біржанның, «Қыз Жібекте» – Төлегеннің, «Ақан серіде»– Ақанның, «Абай» операсында – Айдардың, «Қамар сұлуда» – Ахметтің, «Евгений Онегинде»– Ленскийдің ариялары секілді асау туындылардың түгелін дерлік орындады. Илья Жақановтың «Әселім», Ханбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған Тұрдықылыш Ізтаевтың «Нұрикамал» әндері алғаш рет Кенжекеңнің орындауымен өрнегі тереңдеп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Дәлірек айтсақ, әнші әннің бағын ашты.
Кенжеғали талантының тағы бір қыры – өзінің шығармашылық кешіне ешбір өнерпаз атаулыны қатыстырмай бастан-аяқ өзі жүргізетіні. Опера іспетті ауыр өнерде бір кеш бойы тынымсыз сөйлеп, ән қалықтату дегеніңіз анығында асқан шыдамдылықты қажет етеді. Арғысы әлемнің он бес елінде, бергісі Ресейдің Санкт-Петербург, Орынбор, Астрахан, Томск, Омбы, Владимир, Самара, Суздаль секілді ірі шаһарында ән шалқытқан өнерпаздың мақсаты айқын: Ресей халқына Пушкин арқылы Абайды насихаттау, Абай арқылы қазақ дүниетанымын әлемге әйгілі ету.
Бірде жалғыз-ақ өзі сахнаның сәніне айналып, орыс жұртының алпыс екі тамырын әнмен иіткен әнші құдіретіне таңданған Санкт-Петербург университетінің профессоры Кира Изатова: «Екі сағаттан астам уақытқа шыдас берген қандай асқақ дауыс. Мұндай төзімділікті өмірде өте сирек кездестіреміз. Нағыз жаны сірі өнерпаз екен» деп өз бағасын берген екен.
Ал қазақ даласының түрлі ауылдарын аралап, қайырымдылық концертін ұйымдастырып, «Адамдық борышың, халқыңа қызмет ет» дейтін Шәкәрім қажы қағидасына адалдығы – өз алдына жеке тақырып.
Кенжекеңнің әншілігінен бөлек азаматтық қыры Астанада шыңдалды. Оңтүстік астанадан орнын суытып, Ақмолаға қарай ат басын тіреді. Ол кезеңде кешегі Ақмола, бүгінгі Астана қаласында қазақ өнері түгіл, қазақ тілінің нышаны білінбейтін. Ақмоладағы қазақтардың үлес салмағы небары жиырма пайызға ғана толар-толмас болатын. Сол бір сәттерді саңлақ әнші: «Мен Еуразия ұлттық университетінің ректоры Амангелді Құсайыновтың шақыртуымен 1996 жылы Ақмолаға қоныс аудардым. Университеттің профессоры атандым. Ол кезде үлкен аудандық масштабтағы қиқы-жиқы, талғамсыз соғылған қала еді. Қазақтардың рухы басылып қалған. Қазаққа қазақша сөйлесең, бетіңе бажырая қарайтын. Қазір, құдайға шүкір, ішің жылиды. Көшеде де қазақ, көлікте де қазақ. Қала өсіп келеді. Мен де дәл бұлай болады деп ойламаған едім» деп тебірене еске алады. Оңтүстік ордадан келе сала еңбек майданының ішіне бел буып кірісті де кетті. Астанада Айман Мұсақожаевамен бірге Қазақ Ұлттық музыка академиясының шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Осы өнер ордасында бүгіндері есімдері елге мәлім Евгений Чайников пен Тойшыбек Құмашұлы секілді шәкірттердің томағасын сыпырып, тұсауын кесті.
Ақмола облыстық филармониясын құрды. Айта берсең, абзал ағаның ұрпаққа жасаған еңбегінің сара жолы елорда жылнамасында сайрап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бірегей әнші Астананың рухани аурасының қалыптасуына ащы терін төкті.
Қазір де жас ұрпақтың ән өнерінің асылын танып біліп, таным-талғамын өсіруге ерен еңбегін сіңіруде. Бір кезде өзі қызмет еткен білім ордасы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлының арнайы шақыруымен қайта оралып, атына заты сай «Кәусар» өнер бірлестігінің даңғыл жолын салуда. Айналасы екі жылға жетпес қысқа мерзімде талғамы биік жауһар ән кештерінің ұйытқысы болып, университет ұжымының ғана емес, астаналықтар мен Астана қонақтарының айрықша сүйіспеншілігіне бөленуде.
Кенжеғали ағамыздың азаматтық пікір-уәжі түрлі республикалық басылымдарда жиі-жиі жарияланып жатады. Конфуцийдің ізбасары әйгілі музыкатанушы Сюны-Цзы: «Егер музыкасы салмақты да сабырлы сазымен баураса, ол халық – ұжымы жарасқан бақытты халық, егер музыкасы сырбаз да сыршыл болса, онда ол халық кісілікті сүйеді, бүлік шығармайды, егер музыкасы есіңнен айыра еліктіріп әкетсе, сонымен қауіпті, себебі, ондай музыкаға ден қойған халық кісіліктен жұрдай болып, жақсылықты жат санап, күйкілікке көңіл жұбатқыш болып алады..» дейді. Сюны-Цзының соңғы ескертпесіне жақын, бүгінде жүректі жылытар сазы, сөз дейтін сөзі жоқ, етегі елпек кембағал әндер тағдыры өнерпаздың өзегін қариды. Біз аталған басылымдардан қазіргі қазақ өнерінің қамырық халін айтып, оған ұдайы жанашыр болып отыратын шын дегдардың дауысын естиміз: «Бұл күнде жігіт айтатын әнді қыз айтып, онымен қоймай, мәнін бұзып, нақышын құртып ыңырсиды-ай келіп. Негізінде, «Айттым сәлем, қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Алқоңыр», «Ақбақай», «Жиырма бес», «Гауһар тас», «Япыр-ау», «Қарлығаш» – осы әндердің бәрі тек ер адам айтатын әндер. Біздің елде ауызы бардың бәрі әнші атанды. Кейбір әншілер халық әндерін бұзып, жұрттың санасын дүбәрә музыкамен үсті-үстіне улап жатыр. Жылауық әндердің күрт көбейгеніне налимын. Талғам-таразы қайда қалып қойды. Дарынсыздарды көргім келмейді. Көрдім екен ашуланып, теледидарды өшіріп тастаймын. Біз болсақ күшіміз бен жігерімізді салып айтамыз. Содан толқисың, толғанасың, жүйкеңді тоздырасың. Фонограмма тоқтатылуы керек, сонда әлгі сахнада «жұлдызбыз» деп жүрген жасанды әншілердің шынайы бетпердесі сыпырылады, ән айдыны тазарып, тұнық су ағар еді» дейді өнер жанашыры.
Қазақ ән өнерінің білгірі, сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі Илья Жақанов «Ерте кезде дамыған елдердің өзінде де Кенжеғали секілді әншілер сирек кездеседі. Биік әндерді тыңдағанда бойыңа қан жүгіреді. Осындай сәтте өзіміздің әуезімізден алыстатып бара жатқан Батыс Еуропаның сиықсыз музыкасынан қалайда құтылу керек деген ой мазалайды. Одан бізді құтқаратын тек Кенжеғали секілді нағыз әншілер ғана» депті.
Илья сөзіне имандай сенеміз. Бұған қосып-алар біздің ешқандай сөзіміз жоқ. Бір сұхбатыңызда: «Шіркін-ай, жетпіске дейін ән салсам, арманым болмас еді» депсіз. Лайым даусыңыз қарлықпасын, қазақ даласын әнмен тербете беріңіз дейміз!

Қайрат САҚ,
Ықылас ОЖАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің
профессор-оқытушылары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button