Әлеумет

Наурыздың насихаты мен нақ сипаты

Жыл сайын Ұлыстың Ұлы күні – Ұлыс күн жақындағанда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ұлттық мейрамды тойлауға қатысты мақаласы еліміздегі БАҚ-тарға шығады. Бір байқағаным, жылда (4 жылдан бері шығып келеді) мақала авторы формасын сәл өзгертіп, бұрынғы айтқан ұсыныс, ой-пікірлерін қайталайды. Сөзім дәлелді болуы үшін, нақты мысал келтірейін. Осыдан 4 жыл бұрын, «arda» журналында («arda», №3, наурыз, 2015 жыл) А.Мұхамедиұлының «Наурыз – ізгілік нышаны» атты мақаласы жарияланды. Онда ұлттық мейрамды жаңаша тойлаудың 9 түрлі жолы көрсетілген. Міне, биыл «qamshy.kz» сайтында (https://www.qamshy.kz/article/aristanbek-muxamedyuli-nawriz-zhanha-formatta.html) министрдің сол мақаласы тағы шығыпты. Төрт жыл бұрынғы ұсыныстары айна-қатесіз қайта берілген. Кейбір жерлеріне Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан үзінділер қосқан.

Қынжылтатыны, ми­нистр­дің осы кезге дейін айтқан бірде-бір ұсынысы толық жүзеге асырылып, Наурыз мейрамын тойлауға түбегейлі өзгеріс енбеді. Неге? Себебі Наурыз әлі күнге дейін нағыз халықтық мейрамға айналған жоқ. А.Мұхамедиұлы жыл сайын: «Наурызды тойлай отырып, біз бар шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек» деп жазады. Жаңа жылды асыға күтетін балалар Наурыздан тосын жаңалық күтпейді. Себебі белгілі. Наурыз­дың насихаты жоқтың қасы. Бір ғана мысал. Жаңа жылдың алдында, қарашаның соңы мен желтоқсанның басында бүкіл азық-түлік дүкендері сөрелерге кәмпиттердің неше түрін самсатып қояды. Сол кәмпиттерді әр үйдегі бала асыға күтіп отырады. Наурызда неге солай жасамаймыз? Міне, Ұлыстың Ұлы күніне оншақты ғана күн қалды. Дүкен сөрелерінен мерекелік нышан байқалмайды.
Біз былтыр осы тақырыпта мақала (қараңыз: «Наурызды жаңаша тойлау», «Астана ақшамы», №34-35, 22 наурыз, 2018 жыл) жазып, Наурызды балаларға жақындатудың жолдарын көрсеттік. Соның бірі – балаларға жаппай мерекелік сыйлық үлестіру. Бұл жұмыс­ты жүзеге асыру Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің, жергілікті әкімдіктердің қолынан келеді. Қынжыларлық жайт, бізде Елбасы айтпай, ешкім ештеңе істемейді. Мысалы, қағазына ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер бейнеленген кәмпиттер, 0,5 бөтелкеге құйылған қымыз, шұбаттарды көптеп шығарып, тегін таратсақ, әр бала Наурызды тағатсыздана күтер еді. Әзірше, министр
А.Мұхамедиұлы: «ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, тал­қан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшікті әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін жолға қоя­тын мезгіл жетті» деп ұсыныс айтумен шектелуде. Жыл сайын ұсыныс айта бермей, қолға алу керек емес пе? Төрт жылдан кейін министр осы ұсынысын жазып, мақала жария­лайтын сияқты.
Арыстанбек Мұхамедиұлы студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарымен бірге қарсы алуға мүмкіндік туғызуы үшін 24 наурыз-1 сәуір аралығындағы 3-ші тоқсанның каникулын 10 күнге: 14-23 наурыз күндеріне жылжытуды ұсынудан шаршамай келеді. Бірақ ұтымды ұсыныс қанша жыл өтсе де, жүзеге асырылған жоқ. Себебі оған да ұлттық ерік-жігер керек. Меніңше, мұндай жігер су жаңа Білім және ғылым минис­трі
Күләш Шәмшидиновада бар. Ендеше, екі министр бірлесіп, Президент Әкімшілігіне ұсыныспен шықса, бір нәтиже болуы бек мүмкін.
Министрдің: «жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Нау­рыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді» деген ұсынысы да әзірше сөз жүзінде қалып отыр. Әйтпесе, Ұлыс күнін өз дәрежесінде қадірлеуге ұмтылсақ, тәуелсіздіктің 28 жылында Наурыздың түпкілікті эмблемасын ел болып бірауыздан бекітіп, Наурызды тойлау жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысын шығаратын уақыт әлдеқашан болған.
Төртінші ұсынысы – наурыз айы­ның 21-нен 22-не қараған түні, Күн мен Түннің теңелу сәтінде, түн ортасы ауғанда жап­пай Жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал. Бұл – өте құптарлық ұсыныс. Алайда ол түнде жаңа күнді жұрттың бәрі қарсы алмайды. Өйткені Жаңа жыл түні деген ұғым санамызға әбден сіңіп кеткен. Сағат тілі тура түнгі 12-ні көрсеткенде, Елбасы теледидардан барша
қазақстандықтарды құттықтайды. Студент кезімізде Елбасының құттықтауынан кейін, бәрі­­міз мәз-мәйрам болып, бір-бірі­мізді Жаңа жылмен құттықтап, шампан ататын дәстүр болушы еді. Осындай бүкілхалықтық дәстүр жоқ.
Министрдің тағы бір тамаша ұсынысы бар, ол – Амал мейрамын тойлауды жалпыхалықтық сипатқа айналдыру. Жасыратыны жоқ, бұл мейрамды еліміздің батыс өңірінің тұрғындары ғана жоғары дәрежеде тойлап жүр. Басқалар жатырқай қарайтын сияқты. Бар болғаны жұрт әлеуметтік желілер арқылы бір-бірін құттықтап, көрісу күнінің суретін салып, ыстық ықыласын жеткізіп жүр.
Құзырлы ведомство басшысы жыл сайын қайталайтын ұсыныстың бірі – «жыл сайын қыс айларында берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған стипендияларды табыс ету мерзімін Наурыз мейрамына ауыстырған абзал». Әрине, ұтымды-ақ ұсыныс. Тек министрдің әдебиет пен өнерге қатысты осындай жаңалықты өмірге енгізе алмай отырғаны қынжылтады. Әйтпесе, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне хат жазып, Жаңа жылда берілетін сый-сияпатты Наурызға ауыстыртуға күші жетеді емес пе? Мысалы, елімізде кенже қалған балалар әдебиетіндегі «Жылдың ең үздік жазушысы» атты байқау өткізіп, оның жеңімпаздарын 21 наурыз күні марапаттаса, қандай керемет болар еді!
Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Наурызға әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына, мақтанышпен киетіндей ұлттық киім тіктіріп, барша қазақстандықтар Наурызды сол киіммен қарсы алса, нұр үстіне нұр болар еді» дегенін де жылда қайталап жүр. Өкініштісі сол, жыл сайын Наурыз тойында жұрттың бәрі Қытайда тігілген, қазақы ою салынған арзан шапан, камзолдарды киіп шығады. Өйткені біз Наурызды әйтеуір бір өткізу керек мейрам деп қабылдап келеміз. Шындығына келсек, Ұлыс күнінде жасандылық көп. Жасанды сахна құрылады. Сол сахнаға ақ шапан мен айыр қалпақ киген жасанды ақсақал шығып, бата береді. Неге сол жерге ата болып киінген жас актер емес, барша ел білетін шын ақсақал шықпайды. Әлде, елде бата беретін ақсақалдар қалмаған ба? Арыстанбек ағамыз тым құрығанда осы мәселені шешіп, арнайы бұйрық шығарып, сахнаға шын ақсақал шығып, бата берсін деген ұйғарым жасаса, нұр үстіне нұр болар еді-ау! Ұлттық киім мәселесі де дәл қазір шешілмейтіні анық. Сұраныс жоқ. Жуырда Алматыда түбі түркі елдерінің өкілдері бас қосқан жиында болдым. Түр­кімен, тәжік қыздары заманауи киімдерінің өзін ұлттық колоритпен тіктірген. Әрі ұлттық, әрі жаңашыл, әрі ұқыпты. Қазақ қыздары түріктің киімін киген. Демек, біз ұлттық мемлекет құрмай тұрып, кеңестік санадан тәуелсіз санаға өтпей тұрып, жаңашыл ұлттық киімге де сұраныс туғыза алмаймыз.
Арыстанбек Мұхамедиұлы жыл сайын: «Қыдыр бабаны Нау­рыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Айталық, ол жұртқа бата берумен шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса» деп жазады. Құптарлық ұсыныс! Бірақ Қыдыр атаның бейнесін де, Нау­рыздың өзін де ұлттық мейрам ретінде насихаттай алмай келеміз. Министр айтқандай, «Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштаспай» отыр. Себебі Қызыр атаның бейнесі әр баланың санасына сіңбеген. «Қызыр түнінде Қыдыр ата әр балаға жақсылық, құт-береке әкеледі» дегенді нанымды, қарапайым тілмен жеткізе алмадық. Барлық бала Қыдыр атаның кім екенін білмейді. Білгісі келіп, құмартпайды. Өйткені насихат жоқ. Ол түгілі, наурыз айының басында (бір ай бұрын) әр қаланың төрінен «Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!» деген жазуды Қыдыр атаға айтқызып, үлкен билбордтарға жазып, іліп қоюға да кежегеміз кейін тартуда. Қысқасы, бізге сөзден іске көшетін кез келді.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button