Басты ақпарат

Елбасы және елорда

«Астананың алғашқы авторы – тәуелсіздік. Қазақстан тәуелсіздік алмаса, Астана өмірге келмес еді». Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Астананы көшіру туралы ой Мемлекет басшысының басында тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, дәлірек айтқанда 1992 жылы туды. Ақыры 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес депутаттарына идеясын ұсынды.

Елбасы жаңа астана Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенді. Дәл солай болды да. Астана тәуелсіздіктің тұғырын нығайтты. Қазақстанның қарыштап дамуына даңғыл жол ашты. Былтыр жиырма жылдық белесінен аттап, кемел шағына келген Астана әлемге танылды. Елорданың алғашқы авторы тәуелсіздік болса, екіншісі – Елбасы. Бұл күндері Елбасы мен елорда – егіз ұғым. Астананың бас архитекторы да Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі.
Осыдан ширек ғасыр бұрын Президент өз сөзінде астананы ауыстырудың төрт басты себебіне тоқталып: «Біріншіден, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындады. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс. Үшіншіден, астананың орнын ауыс­тыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Төртіншіден, астананы аймаққа қарай көшіре отырып, біз құрамы жағынан көп ұлтты, тұрақты полиэтностық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағытын тағы да дәлелдедік» деген еді.
Қазақстан Президенті ерке Есілдің жағасындағы қаланы астана ретінде бекерден-бекер таңдаған жоқ. 1994 жылдың басында, елорданы көшіру туралы идеясын депутаттар талқысына шығармай тұрып, бұл мәселені зерттейтін арнаулы комиссия құрды. Бұл комиссия астана болуға лайықты шаһарларды бағалаудың әлемде қабылданған 32 өлшеміне сүйеніп, тиісті есептеулерді жүргізді. Сол кезде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, сейсмоахуал, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, коммуникациялар, құрылыс кешені, еңбек ресурстары сияқты көптеген жағдаят­тарды қарастыра келіп, Ақмоланың артықшылықтары көбірек деген тұжырымға келді.
Ақмоланың артықшылықтарын айтсақ, қала қазақ даласының жер кіндігі дейтіндей маңайда тұрды. Сонымен қатар ел экономикасының дамуын айқындайтын ірі шаруашылық өңірлерден алыс емес, тоғыз жолдың торабында орналас­ты. Ол уақытта қалада 300 мыңға жуық халық болған еді. Бұл жағдай да есепке алынды. Яғни құрылыс салуға, тиісті демографиялық өсуге көп мүмкіндік туды.
Қазір Астанада 1 милионнан аса халық тұрады. Құрылыс қарқыны да өзге өңірлерден көш ілгері. Жылына бас қалада 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да Астанада алдыда – 110 мың шаршы метр – 1419 пәтер. Осымен тоқтамай, Елбасының тапсырмасымен Үкімет Астана қаласының дамуына бағытталған бес жылдық кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті. Яғни елордамыздың болашағы бұдан да жарқын болады. Бүгіндері Астананың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен мастер-жоспары әзірленіп жатыр. Соның бәрі – Ұлы дала тарихына «Елорда салған – ер қазақ» болып жазылған Елбасының ерен еңбегі.
Ал бұл күндері бас қаламен жым­дасып, ұйқасып кеткен Астана атауы қалай таңдалды? Бұл туралы да Президент аз толғанған жоқ. «Қараөткел, Есіл, Сарыарқа деген аттар ойластырылды. Қазақстан деген атты да ұсынғандар болды. Бразилияның астанасы Бразилиа ғой. Тіпті Нұрсұлтан деп атау керек дегендер де шықты. Ол ұсынысты бірден тойтарып тастадым. Содан қаланың атауын әрі ойладық, бері ойладық. Бір күні түнгі сағат екіде ойыма Астана деген сөздің сарт ете қалғаны. Көңіліме бірден қона кетті. Несі бар? Құлаққа жағымды. Ықшам. Әуезді. Барлық тілде бірдей жатық естіледі. Бұрмалаусыз жазылады. Мағынасы ап-анық. Астана! Менің көкейіме бірден қатты қонғаны – сөздің өзі мемлекеттілікті дәйім еске салып тұратындығы. Астана деген сөзді айтсаң-ақ, ел, ұлт, жұрт, мемлекет ойыңа оралады. Осылардың бәріне астана ұғымы ортақ емес пе? Қала атының өзі елдікті еске салып тұратыны тамаша емес пе? Қазір бұл атауға жұрттың көзі де, құлағы да үйреніп кетті, Астана әлемдік геосаясаттағы берік орныққан атаулар қатарына қосылып үлгерді» деді Елбасы бір сұхбатында.
Иә, 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Президенті Жарлығымен бас қала Астана атанса, содан аз ғана уақыт өткенде, 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болып, арнайы медальмен мара­патталды. Бұл абырой әлеу­меттік-экономикалық, саяси және мәде­ни дамуда тұрақтылыққа қол жет­кізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеулі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.
Көп ұзамай Астана айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы Астанаға Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді.
2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді. Елбасы идеясымен салынған жобаның жетекшісі – Ақмырза Рүстембеков. Тамырын тереңге жайған Бәйтерек бүгінде өткен мен болашақтың белгісі іспеттес.
2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүние жүзінде алғаш рет ұйым­дастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиденция – Ақорда ресми түрде ашылды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. 2008 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бұл күні барша қазақстандықтар Астана күнін атап өтеді.
2009 жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді. Ал 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті. 2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азия ойындарының ашылу салтанаты, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруі, 2012 жылы Орталық Азия­дағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуі, 2013 жылы «Астана Опера» театрының тұсаукесері, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуы, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауы, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі қалай айтсақ та жарасады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Ұлы дала төрінде таныстырып, 114 ел мен 14 халықаралық ұйымның басын қосқанымыздың өзі неге тұрады?!
2018 жыл табалдырығымызды аттағанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын бастағаны еліміз үшін ғана емес, әлем үшін айтулы оқиға болды. Тарихта алғаш рет Орталық Азияда, ТМД мемлекеттерінің кеңістігінде халықаралық ірі қаржы орталығы құрылып, Еуразияның «қаржы қақпасы» әлем инвесторлары үшін есігін айқара ашты.
Қазіргі кезде Астана келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани орталығымызға да айналып отыр. Елбасының ерлігі – елорданың ертеңі де жарқын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button