Сұхбат

Несіпбек АЙТҰЛЫ, С.Сейфуллин мұражайының директоры: СӘКЕН ІЗІМЕН АҚМОЛА, ҚАРАҒАНДЫ ӨҢІРІН ШАРЛАДЫҚ

100_4421

Соңғы жылдары Сәкен Сейфуллин мұражайының ұйымдастыруымен өтетін ақындар мүшәйрасы дәстүрге айналды. Жыр додасының ерекшеліктерінің бірі – мұнда ақындардың жасына шектеу қойылмайды. «Абай қырық жасында толысып, өмірлік өлеңдерін қалдырды. Сондықтан ақынның қарымы мен қабілеті жасына байланысты емес» дейді мұражай директоры Несіпбек Айтұлы. Игі бастамалардың ұйтқысы болып жүрген рухани орда ұжымы жақында астаналық зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Сәкеннің ізімен Ақмола, Қарағанды өңірін шарлап қайтқан-ды. Мұражай директоры бізбен әңгімесінде де осы сапардан алған әсерімен бөлісті.

– Несіпбек аға, әңгімемізді өзіңіз басшылық етіп отырған мұражайда­ғы жаңалықтардан бастасаңыз.

– Биыл Сәкен Сейфуллиннің туғанына жүз жиырма жыл толады. Мерейтойды Астана қаласында күзде атап өтеміз деген ойдамыз. Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл жөнінде тиісті орындарға тапсырма берді, бүгінде дайындық үстіндеміз.

Астана қаласында ақынға қатысты бірден-бір қара шаңырақ – Сейфуллин мұражайы. Өткен жылы бұл рухани орданың жиырма бес жылдығын кең көлемде атап өткен едік. Бүгінгі ахуалымыз көңіл қуантады. Соңғы екі жылда келушілеріміз өте көп. Өйткені, жәдігерлеріміздің тағылымы мол, көрген жанды сүйсінтетін келбетіміз бар. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай үш тілде еркін сөйлейтін қызметкерлерді тартудамыз. Десе де, жалақымыз төмендеу болғаннан кейін, белгілі сәкентанушыларды жұмысқа ала алмай отырмыз, қызметкерлеріміз жиі ауысады. Бірақ құралақан емеспіз, өткен жылы «Сұңқар Сәкен» деген атпен үлкен, жиырма баспа табақтан тұратын кітап шығардық. Оған Ілияс Жансүгіровтің өлеңінен бастап, Сәкенге жыр арнаған барлық ақынның шығармасын енгіздік. Содан кейін зерттеуші Серік Оспанов пен жары Назгүл Сапиянованың «Сәкеннің музыкалық мұрасы» атты еңбегінің тұсауын кестік. Енді жыл сайын ақынға қатысты дүниелерді жинақтап «Сырсандық» деген атпен бір кітап шығарып отырмақпыз. Келесі жылы бірінші томы жарық көреді.

Қоғам қайраткеріне қатысты шығармалар, өлеңдер, әсіресе, осы өңірде баршылық. Өйткені, Сәкеннің Ақмола, Көкшетау, Сарыарқа топырағында көп ізі қалды. Оның жастық шағы, төңкеріс жылдарындағы қайраткерлік өмірі Ақмоламен тікелей байланысты. Сәкен мұражайын елордадағы тарихи тұлғаларға арналған жалғыз мұражай десе де болады.

– Алаш арысының ізімен Ақмола, Қарағанды өңірін аралап қайтқан сапар барысында не түйдіңіздер, қай жерлерге табан тіредіңіздер, қандай деректерді кезіктірдіңіздер?

– Қоғам қайраткері, Сәкен өскен Қарағанды облысы Нұра ауданының тумасы Оралбай Әбдікәрімовтің ұйымдастыруымен мамыр айының соңында ақын ізімен экспедицияға шыққанымыз рас. Қайраткердің қазақ даласында бармаған жері кемде-кем. Азап вагонынан қашып шығып, Бетпақдаланы басып, Алматыға, Оралға барған. Әрине, мұның бәрін кезіп шығу мүмкін емес. Қарағанды, Ақмола маңындағы жүрген жолын ғана шарладық. Сәкен соқпағына экспедиция жасауды келесі жылы да жалғастырмақ ойда бар.

Экспедиция құрамында Оралбай Әбдікәрімов, белгілі ақын Серік Тұрғынбеков, Сәкеннің музыкалық мұраларын зерттеуші Серік Оспанов, ардагер журналист, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы құжаттарды негізге алып Сәкеннің түрмедегі тағдырын жазған Амантай Кәкен, ақынның туыстары Дауылбай Құсайынов, Әбілхакім Ақмурзин, Еркін Сүлейменов, Сәкеннің інісі – Мәжит Сейфуллиннің ұлы – Сәкен Сейфуллин, мұражай қызметкері Ержан Жаубай және мен болдым. Осы жерде айта кетерлігі, сапар демеушісі Оралбайдың анасы жас шағында Сәкенге өз қолымен шәй құйған екен.

Біздің сапарымыз Астанадан алпыс шақырым шамасындағы қашықтықта орын тепкен Ахмет төре ауылынан басталды. Ахмет сұлтан Сәкенді Омбыда оқып жүрген жерінен алып келіп, 1916 жылы сол ауылда алғаш мектеп ашқан екен. Нұра өзенінің бойындағы мектептің орны әлі сақталған. Мұны нақтылап, белгілеп, айтып кеткен – белгілі жазушы Жайық Бектұров. Осы ауылдағы мектепте Сәкен мұражайы бар екен. Сонда ауыл тұрғындарымен, оқушылармен кездестік. Басқосуда ақынды көрген адамдардың ұрпақтары сөйледі. Алаш қайраткері туралы үлкендерден естіген естеліктерін айтты олар. Сәкен осы ауылда «Асығып тез аттандық» деген өлеңін жазып, Ақмолаға келіп, қайраткерлік жолын бастаған.

Сапарымыз Нұра ауданының орталығы Киевкада (тарихи атауы Қаражал) жалғасты. Ондағы үлкен өлкетану мұражайында Сәкенге арналған тарихи деректерге бай бөлім бар. Ең ғажабы, ауданда екі-үш жыл бұрын Сәкеннің ескерткіші ашылған. Бұл – республикадағы ақын ескерткіштерінің ең сәтті орнатылғаны деуге болады. Бұлардың бәріне себепкер болған – Оралбай Әбдікәрімов. Мұнда да халықпен жүздестік, әдебиет, мұражай, Алаш тақырыптарындағы көптеген сауалдарға жауап бердік.

Киевкадан кейін Сәкеннің жары Гүлбахрамның туған ауылы Көкмөлдір жеріне сапарладық. Табиғаты тамаша өңірде Гүлбахрамның бабалары жатқан қорым бар, сонда құран оқыдық. Ақынның ұлы Аян екі жасында анасымен «АЛЖИР» лагеріне әкелетін вагонда қайтыс болған. Алайда, Гүлбахрам «Халық жауларының» әйелдеріне арналған түрмені көрмеген екен. Өйткені, олар заңды некеге тұрмапты, осы жағдай Гүлбахрам анамызды бұл азаптан сақтап қалыпты.

Нұраны бойлай жүріп, бұрынғы Захар, қазіргі Ақмешіт ауылына табан тіредік. Оның арғы жағында Қосқопа жатыр. Бұл шеткі өңірлер болғандықтан, Сәкен заманында орыс отаршылдарының тісі алдымен осы ауылдарға батты. 1916 жылы халық патшаға әскер бермейміз деп көтерілді ғой. Жазалаушы отрядтарға қарсы шауып, біразын өлтірген. Мәселен, біздің сапар құрамындағы Әбілхакім Ақмурзиннің атасы орыс отаршылдарының талайының басын шауып, суға ағызып жіберген. Осындай аласапыран кезеңде Ақмолаға келе жатқан Сәкенді орыстар Қосқопадан ұстап алып, Ақмешітке айдап әкелген. Екі ауылдың арасы – жетпіс-сексен шақырым. Негізі, Алаш қайраткерін қудалаудың басы Қосқопадан басталады. Десе де, орысша білетін, оқыған, сол тұста жиырма екі жасар Сәкен ел ішіндегі осындай бүлікті басуға, жұртты сабасына түсіруге, жазалаушы отрядтармен тіл табысуға күш салыпты. Бұл туралы «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылады. Сол тұста Сәкен қонған, түскен үйлердің бүгінгі ұрпақтары «Шешем былай деп айтушы еді, әкем былай деуші еді» деп, бәрін қолмен қойғандай әңгімеледі бізге.

Әрі қарай Жаңаарқа ауданын араладық. Онда Атасу ауданының әкімі, белгілі әнші-композитор Игілік Омаровтың ұрпағы Ғабдірахман Омаров күтіп алды. Жолай Ақселеу Сейдімбектің басына дұға оқыдық. Содан кейін аудан орталығындағы Сәкен атындағы кітапханада үлкен кездесу болды. Мұнда да қымбат жәдігерлерге толы мұражай бар екен. Аудан жұрты Сәкенге қатысты дүниелерді көздің қарашығындай сақтап отырғаны қуантты. Сол өңірде «Сәкеннің сүйегі қайда?» деген мәселе көтерілді. Бір жылдары ақынның моласын іздеп Магаданға барып келген азаматтар әлі сол сенімде. Ал, біздің ойымызша, қоғам қайраткері Алматыда атылды. Өйткені, қала іргесіндегі Жаңалық ауылының маңынан желкелерін оқ тескен бас сүйектер табылғаны аян. Онда үлкен ескерткіш орнатылған. Бір жағы, өздері әбден қалжырап, әлсіреген тұтқындарды Магаданға сүйреді деу қисынсыз сияқты…

Қазақ қайраткерлерінің ішінде Міржақып Дулатовтың сүйегі ғана табылды ғой. Оның өзін тарихшы Марат Әбсәметов сонау Карелиядан тауып, қазып әкеліп, өзі туған Торғай даласына қойды. Бұл – үлкен оқиға еді, ол күнді күллі қазақ қаралы күйде, күңіреніп қарсы алу керек еді. Алаш қайраткерінің сүйегін Алаш арыстарының символындай етіп, Астанада қалдыру керек еді. Үлкен дәрежеге көтеріп, әспеттеуіміз керек еді. Ілгеріде Армения халқы айдау­да жүріп өмірден озған Комитас деген атақты композиторының мәйітін Ота­нына жеткізгенде неше күн күңіреніп жоқтаған. Ал, біз Алаш арыстарының ішінде табылған жалғыз Міржақыптың сүйегін түк болмағандай жеткіздік те, жерлей салдық.

Хош, Жаңаарқадан шығып, Шет ауданына өттік. Онда 1906-1908 жылдары Сәкен оқыған Өспен ауылындағы мектеппен таныстық, оқушылармен кездестік. Сәкеннің әндері айтылды, түрлі сауалдарға жауап бердік. Құдайберген Өркен деген талантты бала Сәкенге арнаған өлеңін оқыды, өте керемет екен. Осы аудандағы Қарашілік жері – Сәкеннің аталарының қыстауы. Ақын осында туды деген деректер бар. Жаңаарқалықтар Сәкенді өздеріне жақын орын тепкен Иманақ тауындағы жайлауда туды дейді. Қос аудан жақсыға осы күнге дейін таласады. Қазақтың көшіп-қонып жүрген заманы ғой, қайсысында өмірге келгені белгісіз, бірақ зерттеушілер «Қарашілікте туды» дегенге тоқтады. Облыс басшылығы осы қыстау орнын қалпына келтіруге бел шеше кіріспек. Бұл жайында Мәдениет басқармасының басшысы Еркебұлан Ағыбаев айтты бізге. Экспедиция мүшелері осында түнеді, Сәкенге қатысты көптеген әңгімелер айтылды.

Ертеңгілік облыс орталығына табан тіреп, әкімнің қабылдауында болдық. Ақынның жүз жиырма жылдық мерейтойына орай мүшәйра өткізу жа­йын ақылдастық. Сәкеннің шәкірті, өзі Алматыға алып барған белгілі қаламгер Әлжаппар Әбішевтің «Сәкеннің аманаты» атты қойылымын тамашаладық.

– Мұражайдың ұйымдастыруымен өтіп жатқан ақындар мүшәйрасы талай дарынды қанаттандырды. Төрт жыл бұрын бастау алған дәстүрлі шара жыл санап қанат жайып келе жатқан сыңайлы… Өйткені, былтырдан бері бас жүлдеге жеңіл автокөлік тігіле бастады. Бұл мәдениетіміз бен әдебиетімізге қаншалықты үлес қосуда?

– Иә, дәстүрлі жыр додасының биылға дейін талай өлеңді сынға салып, талай өренді танытқаны рас. «Тәуелсіздікке тарту» атты алғашқы байқауымызға 130-ға тарта ақын қатысып, бас жүлдені Оңайгүл Тұржан қанжығалаған еді. «Байтақ елім – бақытым» атты келесі жыр додасын Тұңғыш Президент күніне арнағанбыз. Мұнда да жүздің үстінде ақын жыр жарыстырып, қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы оза шапты. Өткен жылғы «Жарқыра, жайна, Астана» атты мүшәйрада бас бәйгеге жеңіл автокөлік тіккенбіз. Оны Серік Тұрғынбекұлы жеңіп алды. Биылғы сайысымызды «Мәңгілік ел – ұлт мұраты» деп атадық. Бұл – кез келген ақынның тісі бата бермейтін қиын тақырып. Жарысқа алпыстан аса шығарма келіп түсті. Бұл мүшәйраның ерекшелігі, сынға түскен ақындар арасында жастар, жаңа есімдер көп, Түркия, Моңғолия, Қытай сияқты алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыздың шығармалары да бар. Бізді сол қуантты. Мүшәйра қорытындысын былтырғыдай, 1 шілде күні «Конгресс-холл» сарайында салтанатты жағдайда жарияламақпыз. Онда жүлдегерлерді марапаттаймыз, олар өлеңдерін оқиды. Астанаға арналған, патриоттық әндер орындалады.

Біз алғашқы мүшәйраға түскен өлеңдерді жинақтап, «Тәуелсіздікке тарту» атты кітап шығарғанбыз. Енді соңғы үш мүшәйраға қатысқан ақындардың өлеңдерін жинастырып, басу ойымызда бар.

Тәуелсіздікті, Астананы жырлаған ақындарға «Ойбай, билікті мақтап жатыр» деп жармаса кететін адамдар бар арамызда. Біз өзімізді, тарихымызды, сан ғасыр аңсаған азаттығымызды, елдігімізді жырға қоспағанда, кімді мадақтаймыз?! Бұлар елді сүюге, татулыққа, Отан сүйгіштікке шақырады. Мен осы шараны қолдап, қолпаштаған Астана басшылығына алғыс айтамын. Өйткені, жыл сайын мұндай мүшәйра өткізу Шығыс Қазақстаннан басқа еш өңірде дәстүрге айналмаған. Бұл – Астананың мерейінің биіктігі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button