Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ӘР АДАМ МАМАНДЫҒЫН ДҰРЫС ТАҢДАЙ БІЛУІ КЕРЕК

MUHA4205

Кеше Астанада №75 көп салалы жаңа мектеп ашылды. Оның тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, барша қазақстандықтарды білім күнімен құттықтады.

–Биылғы Білім күнінде еліміздегі барлық 7 600 мектепте 2 млн 600 мың бала мектепке барды. Соның ішінде 300 мың оқушы партаға алғаш рет отырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 мыңға көп. Мұның өзі жастарымыздың өсіп келе жатқанын, халқымыздың саны көбейіп келе жатқанының көрсеткіші, – деді құттықтау сөзінде Президент.

Елбасы Тәуелсіздік жылдарында бір мыңдай мектеп іске қосылғанын айта келіп, соның ішінде 150-і биыл пайдалануға берілетінін жеткізді. Ал биылғы 1 қыркүйекте еліміз бойынша 63 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашыпты.

Мемлекет басшысы еліміздің болашағы – мұғалімдердің қолында екендігін айта келе, рес­публика мектептерінде 300 мың ұстаз жұмыс істейтінін, соның 11 мыңнан астамы елордада еңбек етіп жатқанын атап өтті.

–Біз балаларды патриоттық пен толеранттылық рухында тәрбиелей білуіміз керек. Олар достыққа адал болып, ата-ана мен үлкендерді құрметтейтін азаматтар бол­ып өсуге тиіс. Ортақ қоғамдағы ешқашан мәнін жоғалтпайтын құндылықтарды өскелең ұрпаққа мирас ету – парызымыз. Барша қазақстандықтарды бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын. Балаларымыз, жастарымыз бақытты болсын! Солардың бағы мен болашағы үшін біз 2050 бағдарламасын жасадық. Қазіргі ұрпағымыз өсіп-жетілемін дегенше, бағдарламамыздағы міндет-мақсаттар да орындалып бітеді. Демек, оның жемісін жастарымыз көретін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы аралап көрген Есілдің сол жағалауындағы №75 көп салалы мектеп 1300 оқушыға арналған екен. Жаңа мектеп 1313 оқушыға есiгiн ашып отыр. Бастан-аяқ заманауи құрылғылармен жабдықталған білім ошағында 56 сынып бөлмесі, ат шаптырым мәжіліс залы, электрондық абонементтiк кiтапхана бар. Бұған қоса, оқушылардың тәжірибесін шыңдауға арналған ғарыш, медицина, педагогикалық және ақпараттық технологиялық зертханалар мен лекциялық сыныптар орналасқан. Бұл кабинеттердің түгелі сабаққа қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіліпті.

Елбасы мектептің мұғалімдері мен оқушыларына білімге, мамандық таңдауға қатысты дәріс оқып, «Қазақстан – 2050» стратегиясына қатысты ашық сабаққа қатысты.

MUHA4278

Мұғалімдермен әңгімелесіп, жеткін­шектерге ақыл-кеңесін айтқан Елбасы еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға талпынып отырғанын, ол үшін әр адам білімге ұмтылып, мамандығын дұрыс таңдай білу керектігін айтты.

–Жас кезіңде бәріне үлгергің келеді, бірақ оған уақыт жете бермейді. Сондықтан бір кәсіпке тоқталып, оны бүге-шігесіне дейін зерттеген жөн. Сонда ғана жетістікке жетесіңдер. Кез келген ұжымда өз ісін шебер білетін кәсіпқой мамандарды құрметтейді. Соларды үлгі тұтады. Сондықтан әр адам таңдаған мамандығының шебері болуға ұмтылу керек – деді Елбасы.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button