Басты ақпаратЖаңалықтар

Өгіз аяң емес, өгіз қара күш керек!

карта рассрочки

Осыдан он жыл бұрын Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы 41 мектепте 4321 бала оқыған, қазір 35 мектепте 3087 шәкірт білім алуда, яғни олардың саны 1234-ке кеміп кеткен. Біз неге мектепті айтып отырмыз? Өйткені білім ұясы – ауылға жан бітіретін әлеуметтік нысан. Бір мектептің өзінде қаншама жан нәпақасын айырады. Бала жыл сайын кеми берсе мектеп жабылады, сосын көп ұзамай ауыл да жоғалады аудан картасынан. Міне, 10 жылда бір ауданда 6 мектеп жабылған, бұл – жері шұрайлы астықты өңір үшін алаңдатарлық жағдай.

Шүкір, Алматы мен Астана қалалары, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау облыстарында халық саны жыл са­йын еселеп артып келе жатса, керісінше, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында кеми түсуде. Ақмола өңірі мен Шығыста үстіміздегі жылы былтырмен салыстырғанда 9 пайыздан астам тұрғын кеміген. 2022 жылы солтүстік аймақтарда адам саны 167 мыңға кемиді деген болжам бар. Себеп – туу кеміген, табиғи өсім баяу және көрші Ресейге қоныс аударушылар да азаймай отыр. Көрші елге кетушілер саяси қысым, кемсітушілік сезініп отыр­ған жоқ, Үкімет те, әкімдер де, барлық телеарна, басылымдар да солардың тілінде сайрап тұр. Құқын таптаған оқиға болған емес. Ресей бұл тұрғыда үлкен жеңілдіктері бар ұлттық бағдарлама жасаған әрі онда әлеуметтік жәрдемақылар бізден жоғары. Оның үстіне, жоғары оқу орындарындағы білім сапасы мен бағасы да біздікінен әлдеқайда дұрыс. Үстіміздегі жылы Үкімет көмегімен осы өңірлерге халық тығыз орналасқан аймақтан 400-ге жуық отбасы қоныс аударыпты. Әр отбасында 4 адамнан болғанның өзінде, бұл теңізге төгілген тамшыдай ғана.
Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан 2050 жылдарға қарай әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан орын алу үшін күресуде, әрекет етуде. Сол жылдары еліміз халқы 24 миллионға жетеді деген болжам бар. Дамыған елдің экономикасын өркендету үшін білікті, білімді жас буын керек. Бұл тұрғыда демографиялық саясаттың орны ерекше. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында бүкіл ел халқының 15 пайызы, ал Солтүстік Қазақстанда 3,6 пайызы ғана орналасқан. Ал енді солтүстік өңірлерге орналасқан ел халқының 29 пайызы аймақтың жалпы өнімнің 25 пайызын өндірсе, оңтүстік өңірлерде орналасқан Қазақстан тұрғындарының 38 пайызы (мұның ішінде Алматы қаласы жоқ) аймақтық жалпы өнімнің небәрі 17 пайы­зын ғана береді. Міне, осындай қайшылықтар елдің жүйелі, тұрақты дамуына кедергі келтіреді.
Осы бір ел ертеңі үшін өзекті болып табылатын мәселені шешуде Үкімет қол қусырып қарап отыр дей алмаймыз. Таяуда еліміздің миграциялық саясаты жөнінде концепция қабылданған. Оңтүстік өңірдегі қалың қазақ ортасында өскен министр Тамара Дүйсенова бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып-ақ келеді. Үкімет солтүстікке қоныс аударған әр адамға шамамен 80 мың теңгедей төлейді, ауылдық жерге барса ай сайын 50 мың теңгедей, қалаға келсе 70 мың теңгедей коммуналдық төлемін бір жыл бойы өтеп отырады. Мұның үстіне, отбасының бір мүшесін жұмыспен қамтамасыз етіп, жеңілдетілген несие беру де қарастырылған. Арнайы «Серпер» бағдарламасы бойынша студенттерді солтүстік өңірлерде оқытуға да үлкен жеңілдіктер жасалған.
Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері миллионнан астам, ал соңғы бес жылда 200 мыңдай оралман елге келген. Алғашқы көштің бірі қасиетті Түркістан жеріне табан тіреп, «Достық» деген ауыл пайда болды. «Отанымыз тек оңтүстік қана ма?» деп дабыл көтердік сол кезде, ширек ғасырдай бұрын ол дабылға құлақ түрген жоқ Үкімет. Алматы, Шымкент маңына, Қаскелең, Жаңа­өзенге жайғасып жатты қайта оралған ағайын. Үкімет өткен жылы ғана есін жиып, оралмандар орналасатын 7 өңірді бекітті, олар – Батыс Қазақстан, Атыраудан өзге солтүстіктегі аймақтар. Ештен кеш дұрыс. 2021 жылы солтүстікке қоныс аударушылар 3 мың отбасыға жетеді деген болжам бар, шүкір, қазіргіден он еседей көп. Дұрыс-ақ, ниет, әрекет жақсы. Бірақ сол кезеңде бұл өңір тұрғындары 167 мыңға кемиді деген дерек еске түскенде, көңіл құлазып-ақ қалады. Біздің ізгі әрекет өгіз аяң емес пе осы деп ойланасың. 167 мың кемісе, 15 мыңдай барса не болғаны, бұл жағдайды өзгерте ала ма? Мынадай әлемдік дағдарыс құрсауында Үкімет қосымша қаржы таба ала ма деп ойланасың.
Күні кеше оңтүстік өңірден сайланған сенатор Әлімжан Құртаев осы мәселеге байланысты Үкіметте үн қатты, са­уал жолдады. Ұсынысы – қоныс аударушы – ішкі мигранттарға қаржылай көмек алдын ала берілсе және жергілікті әкімдік бос тұрған үй немесе пәтерді өз балансына алып, осыларға ұсынса дейді. Өйткені жаңа өңірге барғандардың алғашқыда үйі де, қаржысы да, жұмысы да болмай қиналатыны рас қой. Қолын бір сілтеп кері қайт­са не болады? Қазір «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша қалталы түлектер елге өте көп жәрдем беруде, миллиардтаған қаржы жиналуда, ол мектеп, мешіт салуға, компьютер сыныбын ашуға, саябақ жасауға, тағы да басқа әлеуметтік-мәдени жобаларға жұмсалуда. Міне, осындай ірі қаржыны ертелі-кеш онсыз да шешілетін ағымдағы мәселелерге емес, ел үшін, оның болашағы үшін аса маңызды – ішкі миграцияны жандандыруға бұрсақ қалай болады? Сарыағаш, Жетісай, Ақтау, Алматы, Астанадағы қалталы азаматтар 20 үй, 50 үй көшіріп әкеліп, солтүстікке орналастырса, өгіз аяң ұлы көшке айналар еді ғой. Осындай азаматтарды неге барша елге үлгі етпеске, неге Еңбек ері деген атақ бермеске? Ұлттық мүдде, ел ертеңі жолында өгіз аяң емес, өгіз қара күш қана өрге сүйрейтіні ақиқат. Жергілікті және орталық билік осы істі қолға алып үйлестірсе, үлкен нәтиже шығатыны сөзсіз.
Баку қаласын көрдіңіз бе? Кавказдың Парижі десе болады, десе дегендей, көңіліңіз толады. Сол қаланы ХІХ ғасыр­дың 70-80 жылдары тез байы­ғанымен, халықтан тамырын үзбеген бакулік мұнайшы-­олигархтар тұрғызған. Олардың арасында Гаджи Тагиев, Аға Мұса Нагиев, Ағабала Гулиев, Иса бек Гаджинский, Шамси Асадуллаев сияқты ұлт жанашырлары бар. Сол кезеңде әзербайжан мұна­йын игеріп, атақты Ротшильд, Нобельдер де байыды, бірақ тапқанын еліне тасыды. Ал әзербайжанның ұлтшыл, елшіл, отансүйгіш азаматтары тапқанының едәуір бөлігін елін көркейтуге, халқының еңсесін түзеуге бағыттады. Бакуде сарайлар салғызғанда француз, итальян архитекторларын жалдады, қалада жол салды, су құбырын тартты, балаларды өз қаражаттарына шетелде оқытты, театр, газет-журналдарға жәрдемдесті, тіпті біздің Алаш арыстарына да газет шығаруға көмектескен. Міне, үлгі тұтатын ұлы дәстүр. Елбасы Н.Назарбаев сырттағы қаржыны елге әкеліңдер деп біздің қалталыларға талай рет үн қатса да, бұл іс жанданбай тұр әзірге.
Міне, қаржы болашақта жеміс беретін ізгі іске жұмсалса, елді өзгертеді, ұлтты түлетеді, оның ертеңіне өшпес әсер етеді. Осы жайлы біз де ойланып көрейікші…

Еркін ҚЫДЫР

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button