Мәдениет

ӨНЕРПАЗ ӨРЕНДЕРДІҢ БАСЫН ҚОСҚАН «FIESTALONIA-ҚАЗАҚСТАН»

20141106180636

Еуропалық фестиваль комитетiнің қолдауымен алғаш рет Астанада халықаралық деңгейдегi «FIESTALONIA-ҚАЗАҚСТАН» фестивалі жалауын көтерді.

Бейсенбі күні Оқушылар сарайында халықаралық конкурстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кешті ашып берген Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева: «Бұл еуропалық фестиваль ТМД елдерiнде алғаш рет өтiп жатыр. Осы конкурсты өткiзу мәртебесі Астанаға бұйырғаны – бiз үшiн үлкен қуаныш. Жоғары деңгейде ұйымдастыруымызға қолдау көрсеткен Испанияның Қазақстан Республикасындағы елшілігіне ерекше алғысымызды білдіреміз. Байқауға қатысушы 600 өнерпазға сәттiлiк тiлеймiн. Бiзді тек тамаша өнермен, көркемдіктеріңізбен тәнті етіңіздер, таң қалдырыңыздар» – деп көпшілікке сөзін арнады.

Содан соң хореография, аспапты музыка, вокалдық орындаушылар атты жекелеген бөлімдерде өнер көрсететін қатысушыларды бағалайтын қазылар алқасы таныс­тырылды. Бишілерге Шманов Қайрат, Сұлтанбай Қосманов, Ринат Мусин, Джермано ре Роси, Дэвид Джапаридзе, музыкалық аспапта ойнайтындарға Ернар Мыңтаев, Әкім Мұхатжанов, Стефано Мальферари және әншілерге Роза Тілендиева, Елена Коробейникова, Гүлмира Құттыбадамова, Джан Лука Пасолини төрелік жасайтын болды.

«Осындай қуанышты сәтте қазақстандықтармен қауышқаныма ризамын. Аталмыш фестиваль жас өнерпаздардың Еуропаға, одан соң әлемге деген көзін ашады» деген испаниялық Дэвид Джапаридзе кештен соң қатысушыларға арнайы шеберлік сабағын өткізді.

«Егер ертегі қызықты болса, ол ешқашан ұмытылмайды» деген сөзімен конкурстың жарқын сәттерге толы болуына тілектестік білдіріп, Испанияның Қазақстандағы елшісі алғыс хатын жолдапты.

Фестиваль жеңiмпаздарына «Еуропалық өнер фестивалiнiң жеңiмпазы» деген атақ берiледi.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button