ЖаңалықтарМәдениет

Өнерпаздар өнегесі

 
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған ән мерекесі өтті. «Өнерлі отбасы» деп аталатын бұл концерт ең әуелі осы білім ұясындағы балаларға арнап қойылды.

Республикаға есімі әйгілі әнші, жырау Эльмира Жаңабергенова құдай дарытқан сирек талантымен шетелдерде қазақтың мәртебесін асырып жүр. Бұл білім ошағында туған халқының сүйікті әншісіне айналған Эльмира Манасқызының екі қызы оқиды. Салтанат пен Сандуғаш – ана жолын қуған жас дарындар, жауқазын гүлдей енді бүр жарып келеді. Биыл мектеп бітіретін Салтанаты бірнеше халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Соның бірі – халықаралық «Бозторғай» байқауының бас жүлдесі. Ол қобызбен күй шалады, ән салады. Сандуғаштың сегіз жасынан домбырасын қағып, төгілте терме айтқанын естігенде әлі қауырсыны қатпаған балапан екенін, бабы келіссе, биіктерге шырқайтынын сезініп қуанасың. Кіп-кішкентай кезінен халықаралық байқауларға ол да қатысып жүр.
Балаларға тегін концерт-дәріс қойып берген Эльмира Манасқызы өзімен бірге туған сіңлісі, Жастар театрының актрисасы Айшолпан Ибраеваны, шәкірті Әлихан Дүйсенбайды ала келген. Әрбір ән, терме, жырды орындар алдында әнші балаларға жырау туралы үлкен түсінік берді, сөздерін олардың болмыс-бітімі мен өмір жолдарынан, қайраткерлігінен алынған қызықты деректермен байытты. Талай жас баланың кеудесіндегі сыр сандығының алтын кілтін әнші апалары Базар жырау, Тұрмағамбет, Нұртуған жырларынан, өзінің «Жыр бастауын» төгілткенде айнытпай тапқаны шүбәсіз. Өйткені, төл мәдениеті – кез келген халықтың рухани қорегі.
Мектеп директоры Базаркүл Сыздықова былай деді: «Тәрбиелік мәні бар тамаша кеш болды. Ал Эльмирадай халқының марапатына бөленген айтулы әншінің өнер жолын енді бастаған екі қызының өнері өздері қатарлы балаларға әсер еткенін көрдім. Тіл-көзден сақтасын, өнерлері өссін деймін. 200 орындық мектеп залы толып отырды, бұл бір игі бастама екен, алғысымыз шексіз».
Астананың әр мектебін аралап, отансүйгіштік рухқа адал концерттер қоюды сүйікті әншіміз дәстүрге айналдырғысы бар.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button