Жаңалықтар

Оқыс оқиғадан апат болған достарым

2008 жылдың 24 шілдесі. Сол қайғылы күн әлі де көз алдымда. Содан бері он жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Өмір-ай десеңізші! Әттең, қолдан келер шара жоқ.

Құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатқан. Бетон алуға дайындалып жатқанбыз. Асыға-үсіге, тез-тез істеу керек. Жігіттер үлгермей жатқандықтан, басқа бригаданың жұмысшылары көмекке келді. Аман өзінің сызбасына қарап, бәрін жоба бойынша жасап жүр. Ақылбек пен Есенаман, Серік соңғы ағаштарды түзеп қоюда. Елдос қана оттегі бітіп, соны күтіп тұр. 13-қабаттың төбесіне бетон құ­йып, бір адамдай жұмыс істеп жатырмыз. Мен көрген осы бір көрініс есімнен бір сәтке де кетер емес. Бір кезде «оттегі келді» деді бригадир Люха. Тез арада краншыға екі оттегі баллоны салынған қауіпсіз контейнерді жоғары көтерттім. Содан оны ағытып, бетонды көтеруге кранның ұшын төменге қарай бағыттадым. Осы кезде қатты жарылыс болды. Алғашында түсінбедім. Жер сілкінісі болды ма деп ойладым. Жалт қарасам, жан-жағым түтін, айғай-шу, түсініксіз болып кетті. Алғашқы көмек қорапшасын алуға тез төмен түстім. Газ баллоны мен «шланг» жанып жатыр екен. Рациямен төмендегілерге «өртті өшіру керек» деген хабар бердім. Олар менен «тірісің бе?» деп сұрады. Олардың мұнысын басында түсінбей қалдым. Ағаштар арасында қан-жоса жаралы біреу жатыр екен. Тез алып шығайын деп аяғынан тартсам, белінен бөлініп, жарты денесі жерге құлап кетіпті. Маған «тірісің бе?» дегендерін содан кейін ұқтым. Сол сәт тағы біреудің дауысы шыққандай болды. Қарасам, Елдос екен. Оны таза алаңға алып шығып, қол орамалыммен бетін сүрттім. Бірақ амал нешік, көз алдымда соңғы демін шығарып, бақилық болды.
Оқиға орнында адамдар көбе­йіп кетті. 14 жедел жәрдем мен бірнеше өрт сөндіру көліктері келді. Бірақ қайдам, 5 досымыз – Ақылбек Асанов, Елдос Нұржанов, Серік Нуханов, Есенаман Сүйіндіков, Арман Хасанов сол жерде жан тапсыр­ды. Тағы бірнешеуі жансақтау бөліміне түсті.
Адам өмірі бір-ақ сәт екен ғой. Бүгін бар болсақ, ертең-ақ жоқпыз. Арада 10 жыл өтті. Астанада биік ғимараттар саны көбейіп, жайнаған қала халықаралық деңгейдегі оқиғалардың ордасына айналды. Мұнда қазір әлемнің көшбасшылары келіп, саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелерді талқылап, түрлі халықаралық шаралар үнемі өтеді. Биыл елорданың 20 жылдық мерейтойы атап өтілді. Көз алдымызда Астана адам танымастай өзгерді.
Қала құрылысына аз да болса үлес қосып, қыршыннан қиылып, оқыстан опат болған достарымыздың жарқын бейнелері – әрдайым жадымызда. Оларды үнемі еске алып отырамыз. Осынау қалада сол достарымыздың да өзіндік қолтаңбасы қалды. Астана маған сонысымен де қымбат.

Мырзахан ОМАРОВ,
Астана қаласының тұрғыны

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button