Басты ақпаратҚала мен Сала

«Орман отырғызу телімінің» тіршілігі қалай?

Елордадағы ерекше тұрғын алаптың бірі – Сарыарқа ауданының ең шетінде орналасқан «Орман отырғызу телімі» кенті. Елді мекенде 500-ге жуық адам, яғни 60-қа тарта үй тұрады. Тарихы 1954 жылы басталатын кенттің бастапқы атауы – жұмысшылар тұратын «ҚазАвтоЖол» болған. Қазіргі аты айтып тұрғандай, кентке кіріп келе жатқанда мыңдаған ағаштың арасына жасырынған үйлерді бірден байқай алмайсыз.

Мұндағы жайлы­лық кентті қаланың шуынан демалғысы келгендерге таптыр­мас орынға айналдырар еді. Табиғатының тартымдылығын ауыл шетімен Есілдің өтетіні де арттыра түскендей. Дегенмен осындай артықшылықтарымен қатар кенттің шешілмей жатқан мәселелері де жетіп артылады. Алап тұрғындарымен тілдессеңіз, бірінші кезекте су мәселесін алға тартады. Себебі тұрғын алап пайда болғаннан бері мұндағы ел орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосыла алмай келеді. Осылайша ешқашан су болмаған кентте биыл қала әкімдігінің қолдауымен орталық су құбыры мен кәріз құрылысы басталды. Сонымен қатар келесі жылы алапты газбен қамтамасыз ету жобасын бастау жоспарланып отыр.

– Бұл алаптың басты мәселесі – су. Әрине, әр тұрғында өз су ұңғымасы болды, бірақ ол ауыз суға арналмаған. Сондықтан мұндағы адамдар суды көрші тұрғын алаптардан тасиды. Үш жыл бұрын «Астана су арнасы» мекемесімен олар бізге аптасына бір рет су әкеп тұруы үшін келістік. Бұрынғы қала әкімі Алтай Көлгінов тұрғын алапқа дейін сумен қамту, су тарту және электрмен жабдықтау желілерін жеткізу жобаларын жүзеге асыруға тапсырма берді. Соңғы бес жылда бізде аудан әкімі 4 рет өзгерді. Олардың әрқайсысы алаптың дамуына өз үлесін қосып кетті. Әсіресе, Ерғали Егемберді мырзаға сумен қамту жобасын көтеріп, оны қала әкіміне қорғап шыққаны үшін мың алғыс. Өйткені бұл жобаның аталған алап тұрғындары үшін маңызы өте зор, – дейді Сарыарқа ауданы белсенділерінің бірі Жанна Құрманбаева.

«Орман отырғызу телімі» алабында бар болғаны екі көше бар, бірі – Шарын, екіншісі – Құмсуат. Шағын ауданның осы көшелерімен келе жатқанда, түрлі түсті балалар алаңы көзге түседі. Бұрын балаларын ойнату үшін орталық парктерге сабылатын ата-аналарға 2020 жылы осы алаң салынғаннан бастап біраз жеңілдеді. Мұнда 6 кішкентай архитектуралық кескіндеме қойылып, 2 workout-аймақ салынды, EPDM резеңке жабындысы төселді, орындықтар мен қоқыс салғыштар да орнатылды және айналасына ағаш отырғызылды.

– Кенттің тағы бір ерекшелігі – мұнда өмір сүрудің қауіпсіздігі, себебі алақандай ғана алапта адамдардың бәрі бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан балаларымызды еш қорықпастан алаңға жалғыз жіберіп, олар үшін алаңдамай отыра аламыз. Тіпті бізде оларды бақылайтын бейнекамералар да жоқ. Дегенмен камера орнатса жақсы болар еді. Себебі көбіне басқа жақтың адамдары келіп, құрылыстан шыққан және тұрмыстық қоқыс қалдықтарын ағаштар арасына тастап кетеді. Ал оларды, әрине, біз, ауыл тұрғындары, тазалаймыз. Камера қойылса, қоқыс тастағандарды тез тауып, айыппұл салуға болар еді, – деп жалғастырды сөзін Жанна Құрманбаева.

Алап тұрғындары мен Сары­арқа ауданы әкімдігі аппараты қызметкерлерін біріктіретін бір дәстүрлі іс-шара – ол сенбілік. Тұрғындардың айтуынша, әр көктем мен күзде барша кент халқы бірігіп, тазалық жұмысын жүргізеді.

– Сенбілік біз үшін бір мереке секілді өтеді. Тұрғындар палау, бауырсақ, тәттілерін әкеліп, дастархан жасап қояды. Музыка қосылып, соңы мейрамға айналады. Тіпті әкімдік қызметкерлері де «Сенбілікті өткізген соң, ЛПУ-да өткізу керек» деп әзілдейді. Енді біз өзенде өзіміздің жергілікті жағалауымыздың болғанын армандаймыз, – дейді ауыл белсендісі.

Астананың қатал қысына қарамастан, бұл алапта әлі күнге бірде-бір жылы аялдама орнатылмаған. Бұған ондай аялдамалардың, негізінен, халық саны 1000-нан асатын елді мекендерде салынатыны себеп. Қазір мұнда қарапа­йым ғана екі аялдама бар, бірі жақында ғана елді мекеннің ішіне қо­йылды. Екіншісі тасжол жақта. Алапқа 120А шағын автобусы қатынайды. Тұрғындар жылы аялдаманың жоғына шағымданбайды. Себебі әрбір тұрғын автобустың жүру кестесін жатқа біледі. Үйлер де жақын, тиіп тұр. Тоңып бара жатсаң, кіріп жылынып аласың. Ал балалар үшін мектеп автобусы қатынайды. Бір өкініштісі – бұл алап туралы көбінің білмеуі. Аз да болса олар да астаналық, елордадағы барлық игіліктерге қол жеткізуде тең құқылы. Алап жұмысын көпке танытуда ауыл инспекторы Ержан Жұмағұлов­тың еңбегін айта кету керек. Тұрғындар да оны аузынан тастамайды. Инспектордың жауапкершілігінде, «Орман отырғызу телімі» алабынан басқа, «Көктал», «Көктал-2» елді мекендері мен саяжай телімдері бар.

– Аудан әкімдігі аппаратында жұмыс істегеніме 12 жыл. Осы ауданға қарасты «Орман отыр­ғызу телімі» алабында бұрын тұрғындар трансформатор ішкі стансасының дұрыс жұмыс істемейтініне жиі шағымданатын. Мұның себебі бұл сала мұнда жекеменшікте, коммуналдық кәсіпорындар қарамағына берілмеген. Биыл құрылысы басталған электрмен жабдықтау желілері келесі жылы пайдалануға берілгенде бұл мәселелердің бәрі жойылады. Бір айта кетерлігі, сумен қамту, су тарту және электрмен жабдықтау желілерін жеткізу жобалары алап тұрғындарын жұмыспен қамтуға да ықпал етті. Жобаға тартылған жұмысшылардың 50 пайызы – осы ауыл тұрғындары, – дейді Е.Жұмағұлов.

Ержан Жұмағұловтың айтуынша, алапты газдандыруды жобалау жұмысы белсенді жүруде. Оны 2024 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.

– Тұрғын алапты халық үшін барынша жайлы етуге жұмыс жүргіземіз. Бұл кенттің бір артықшылығы – тұсынан өзен ағып жатқаны. Оған қоса, таза ауа, тыныштық, көліктің шуы жоқ, тіпті мұнда табиғатының әлі де тазалығы сондай, қоян, кірпі мен шілдер, жапалақ кездеседі. Екі күнде бір рет тиісті телімдерді тексеріп, аралап шығамын. Қар тазалау жұмысы қарқынды жүргізіледі. Халықтың шағымы болса, WhatsApp-чатта айтылады, оған дереу жауап береміз. Кентті толық газдандырып болған соң аумақ жолдарына тасжол төсеуді жоспарлап отырмыз. Тротуары да, нөсер суына арналған арықтары да болады, – дейді инспектор.

Әдетте, аудан әкімдігі белсенді тұрғындарды алғыс хатпен марапаттап, ынталандырып отырады. Жақында, керісінше, тұрғындар өздеріне қолдау білдірген депутаттар мен басшыларды марапаттады. Сарыарқа ауданы әкімдігінің мәжіліс залына жиналған тұрғындар депутат Талғат Қожахметовке, аудан әкімі Жүсіп Жұмағұловқа, қала әкімінің орынбасары Есет Байкенге, Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышевқа алғыс хат табыстады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button