Жаңалықтар

Отырар

банки с кредитными картами с льготным периодом

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» картасын түзу – аса маңызды шара. Еліміздің киелі жерлері картасында Отырардың алатын орны ерекше, алабөтен.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында Шә­уілдірден Түркістанға апаратын төте жолмен келе жатып Отырар қала жұртының орны – алып төбе жанында қаптап тұр­ған автобустарға көзім түсті. Жеткіншек балалар мәре-сәре болып, көне қала орнын аралап жүр екен. Жақындап жөн сұрасам, ежелгі Сайрамнан (Испиджаб) экскурсияға келген оқушылар болып шықты. Ол кездері Сайрам ауданының әкімі ұлтжанды қайраткер Қуаныш Айтаханов болатын. Өкінішке қарай, осы бастама өңір, ел бойынша жанданып кете қойған жоқ. Әйтпесе, Сарайшық, Үстірт, Есік, Ақыртас, Жидебай ма­ңында қаптаған көліктер кептелісіне куә болып, жеткіншектер Отан тарихын
тереңнен қазып жатар еді.
«Отырар – біз үшін қазақ тарихының алтын бесігі, Куликов алаңы, Бородино алаңы, Ватерлоо алаңы се­кілді ерлік алаңы» дейді осы топырақтан түлеп ұш­қан ұлт мақтанышы Өзбекәлі Жәнібеков. «X-XV ға­­сыр­лар­да Сырдария жағасында Отырардан үлкен қала бол­маған» дейді әйгілі археолог, этнограф Әлкей Мар­ғұ­лан. Сонымен, түйін­деп, сы­ғым­дап айтқанда, Отырар қазаққа несімен қым­­бат, несі­мен қадірлі?
Ең алдымен Отырар (Фараб) – Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны. «Әл-Фараби ұлы философ Аристотельдің мұраларын жаңсақ пі­кірлерден тазартып, өз қалпына дұрыс түсіре білді, өзінің бірінші ұстазға деген ғылым саласындағы үлкен адамгершілік, азаматтық іс-әрекетін таныта білді. Сондықтан да Шығыс философтарды оны «ал Муаллим ас-сани» – екінші ұстаз деп атаған» дейді көрнекті қазақ философы Ағын Қасымжанов. Ұлы ұстазды туған топырағына оралту да оңай болған жоқ. Фараб деген қала қазіргі Чарджоу ма­­ңында да, Самар­қанның жанында да бол­ған. «Ұлылар – ортақ» дегендей, ғұламаны тәжік, өзбек ағайын­дар да «өз бабамыз» деп көп еңбектеді. Үшінші Фараб – Сырдың сол жағалауында – оның кіндік қаны осы өңірдегі Оқызда тамған. Мұны қызыл империя құрсауында отырып, өткен ғасыр­дың
жетпісінші жылдары ғы­лы­ми тұрғыда дәлелдеп, Ал­матыда халықаралық конференция өткізуді Дінмұхамед Қонаевтың Одақтағы үлкен беделін салып жүріп іске асырған – данагөй Ақжан Машани. Әл-Фараби – энциклопедист, ғалым, тегі – түрік, ортағасырлық көрнек­ті араб философы ретінде әлем мойындаған ұлы тұлға. Әл-Фараби ұлттық университеті, ауданы, алаңы, мұражай, ескерткіш­тер жетерлік, енді Отырар ауданының ор­талығын Фарабқа ауыс­тырса, ел мерейі өсе түсер еді. Әл-Фараби даң­ғылы Ас­танаға да керек.


Отырардың ел тарихындағы екінші маңызы – Шың­ғысхан шапқыншылығына алты ай бойы төтеп беріп, ерлікпен, өрлікпен күресуі, қорғануы, қарсы тұруы еді.
Рас, бұл қақтығыстың туын­дауына осы өңір патшасы Хорезмшах пен оның жиені, Отырар билеушісі Қа­йыр ханның дипломатия­лық қателігі себеп болғаны рас. Бірақ осының зардабын қарапайым отырарлықтар мен жауынгерлер тартты, қанымен жуды. Отырар – қасық қаны қалғанша күресіп, Отан үшін мерт болудың қасиетін ұғындыратын, ұрпақты отаншылдыққа тәр­биелейтін қастерлі ұғым.
Отырардың ендігі бір бас­ты маңызы – қазақ жерінде ортағасырлық гүлденген отырықшы, диқаншы өркениет ордасы болуының айғағына айналуы. Аттың
жалында, түйенің қомын­да көшіп-қонып қана жүрді деген қазаққа қала мәде­ние­ті де тән екенін Отырарда өткен ға­сырдың жет­-
пісінші жылдарынан бас­тап күні кешеге дейін ар­хео­логтар – К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Ерзакович, М.Қожа жүргізген кешенді ар­хео­логиялық қазба жұ-
­­мыстары әлемнің ғы­лыми ортасында бағасын алды. Тау-тау тө­бе­лер қазылды, том-том кітаптар жазылды, талай-талай ғылыми жұмыстар қорғалды. Сөйтіп, ғасырлар бойы талай құпиясын бауырына басқан алып төбе – Отырар қала жұртына айналып, әлемдік өркениет мұрасы қатарына қосылды. Орта ғасыр­дағы монша, мешіт, нау­байхана, су құбыры, кә­різ жүйесі бізді – көшпендіміз деп жүргендер ұрпағын – та­ңыр­қатпай қоймайды.


Отырардың ендігі бір ма­ңызы – ол атышулы қолбасшы, жарты әлемді бағындырған әйгілі қайраткер Ақсақ Темірдің ақырғы демі үзілген қала. 1405 жылы Қытай жорығына аттанып бара жатқанда ол осында суық тиіп, Бердібек ханның сарайында қайтыс болды. Іргеде ол салдыр­ған – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, жанында ақынның ұстазы – Арыстан баб кесенесі. Қазір бұл маңда Темір стансасы, сәл әрірек Темірлан кенті бар. Яғни, жүйесін тапқан саяхатшы Ақсақ Темірдің ізін осы өңірден айқын аңғарады.
Мәдениет және спорт министрлігі мен ту­ризмді дамыту үшін құрыл­ған жаңа мекеме Отырар-Түркістан туристік клас­те­рін өркендету барысында осы бір жайттарға назар аударады деп үміттенеміз.

Еркін Қыдыр

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button