Басты ақпарат

ПОЛИГОН КУӘГЕРІНІҢ СӨЗІ

Тәуелсіздік тағылымының мемлекет болашағы үшін маңыздылығын айта келе Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуында» әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету басты назарда екенін, ел бетіне терең жара салған, жылдар бойы халыққа нәубет әкелген кездерді толыққанды зерделеу қажеттілігін мәлімдеді.

Сол қасіреттердің бірі осыдан 63 жыл бұрын бейбіт күні — 29 тамызда қазақ жерінде алғаш рет атом бомбасының жарылуы. Шүкір, Қазақстанның алғашқы қадамдары – полигонды жабу және ядролық қарудан бас тарту – жаһандық саясатқа, көпшілік үшін бүгінде қол жеткізгісіз, мінез-құлықтың жаңа “моральдық стандартын” ұсынды. Сондай бір қасірет әкелген атом бомба жарылысына куә бола жүріп, әскери міндетін өтеген солдаттың, айтқан әңгімесін келтірейік:

«Біздер әскери борышымызды атқаруға шақырылғанда өзімізді ба­тырдай сезінетін едік. Мен Қазақ технология институтының инже­нер-механик дипломымен әскерге шақырылып, екі жыл «Конечный» кентінде солдат, сержант болып кіші лейтенант атағын алғанша қызметімді өтедім. Ғимараттар мен алып құрылыстардың жермен-жек­сен болғанын, танктің темір үйіндіге айналғанын, тағысын-тағыларды жұрттар кинодан көрсе, біз бұл оқиғалардың кішкентай да болса куәгеріміз», деп қария сөзін бастады.

1963 жылғы желтоқсанда оншақтымызды майор Шишкин поездан түсіріп әскери бөлімге тап­сырды. Елге хат жазғанда мекен-жай­ымыз «Москва, 400 әскери бөлімі» дегеннен, екінші, мәтіні көрсетіліп тілхат алғаннан, жүрген жеріміздің өте құпия екенін білдік. Көбіміз жоғары білімді болғандықтан болар, 18 күнде ант қабылдадық. Кейінірек білгенім – әскери қызмет атқарған жерім «Конечный» (қазіргі Курчатов қаласы, Шығыс Қазақстан облысы) бұл туралы құжатым, мақтау қағаз бен суреттерім сақталған.

«Конечныйдан» 30 шақырымдай қашықтықтағы жерді жергіліктілер полигон деп білсе, әскерилер тілінде ол «нүкте». «Нүктеде» бау-бақша да, дәнеңе де жоқ. Мал ұсталмайды. Қажетті нәрсенің бәрін сырттан молынан әкеледі. Әскери отбасылар тұратын болған соң, көбіне бала­лар жападан-жалғыз үйлерінде қала береді. Әскерилер үй бетін көрмейді, күні-түні алаңда болады. Полигон үш облыстың: Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодардың шек­тескен жерінде даланың созылып жатқан жазықтығы әдейі жарылысқа дайындағандай үш жиегі қыр болып, төртінші беті ойпаңға ұласатын алаң. Бұл өңірдің адамдары жарылысқа алдын ала, кейде ескертулермен дайындалады екен. Сынақ уақытында үйдің есік-терезесін ашып тастап жазық алаңқайда болуды талап еткен, бұйрық солай.

Сержант құрамын даярлайтын тоғыз айлық мектепті бітірген мені қатардағы он солдатқа командир етіп, жарылыс болатын аймаққа жүк машинасымен апарды. Ондағы біздің жұмысымыз офицерлерге қызмет көрсету. Барсақ, қазақы үй үлгісіндегі дөңгеленген палатаның бес-алтысы қатар тізіліп тұр. Едені тақтайдан, әдемі сырланған, үстіне төселген жап- жаңа кілемшелер. Әрбір үйдің сырты бірнеше қабаттан тұратын қалың полиэтиленнен жасалған көгілдір түсті материалдармен қапталған. Түрлері көздің жауын алардай әсем безендірілгені көз алдымда тұр. Солдаттар да оның екі-үшеуін құрастырып, тұрғызды.

Бізге кигізгендей қысқа ақ түсті тондары бар елу шақты офицерлердің көбінің погондары тағылмаған. Генералдардың көптігін сонда көрдік, Сталин сыйлығының иегері, генерал, биология ғылымдарының докторы Василенконы (қарауындағы секторда қоян, тышқан, т.б. қан құрамының өзгеру сызбаларын тұрғызумен 2-3 айдай шұғылданғам, оны 70-жылы аспирантурада жүргенде «Аэро­порт» метросында кездестірдім) білетін едім. Командиріміз Кушна­рев ертең атом сынағы болатынын, соған байланысты солдаттардың қызметін қысқаша түсіндіріп, олардың жұмысын қадағалауды маған жүктеді.

Офицерлер және басқа көпшілікпен бірге бақылау жүргізетін дөңесте мен де жүрдім. Дауысты күшейткіш аспаптармен орталық пульттен үш сағаттық дайындық хабарланды. Жердің ең дөңес жерінде тұрып жарылысты жоғарыдан оңтайлы көріп-бақылау үшін түрлі аспап­тар орнатылған. Жарылысқа кел­ген комиссия мүшелері болу керек, үш жағы қоршалған бүндіршікте оншақты адам тікеден-тік тұр. Беттері аспаптар бағытталған жаққа қараулы. Жарылысқа жарты сағаттай уақыт қалғанда, дауысты күшейткіш аспап­тармен орталық пульттен бес минут сайын дайындық хабары жасалды. Соңында хабарды 10-нан бастап санап 9, 8, 7,…,1 және 0 дегенде жарылыс жасауға рұқсат белгісі берілді.

Осы уақытта нөкерінде екі истребителі бар нән ұшақ әуеге бом­баны тастау үшін көтерілді. Зымы­раншылар әр сәтті қалт жібермей, қара шыны арқылы жарылыс жақты көзбен қадағалауда. Дәлдеу пультінде нысанаға қарай «жарық нүкте» бағытталғаны көрініп, барлық құрылғылар өшірілген соң, айнала көз қарықтырар жарыққа толды. Іле-шала от бүріккен дәу бұлт пайда болды. Әуелі бұлтқа қарай жерден созылған алапат құйын ертегідегі айдаһардай аузын ашып, жал-құйрығы мың бүктеле бұралып қаһар төкті. Соңын ала жарылыс толқыны келіп жетті. Ызалы дауыл кеудеден итеріп, сынаққа тұрғызылған түрлі құрылыстарды қиратып, әйнектерінің күл талқанын шығарып, ұсақ малдың үйітіліп жатқандарын кейін көзіміз көрді. Содан кейін құлақты жарардай дамылсыз күркіреген үнге ұласты. Осы кезде денені үрей билеп жер мен бірге толқында жүргендей сезіндік. Жарылыс «саңырауқұлағы» әуеде ұзақ тұрмай, көк тіреген баған төмен түсіп, төбесіндегі бұлты ашық түске еніп, табиғи бұлттардың ара­сында байқалмайды. Жарылыстан кейінгі жердегі құбылысты сөзбен айтып жеткізу қиын. Жер үсті жа­рылысы көкке көтерілген қап-қара қабырғаға ұқсайды, әуе жарылысы алыстағы бұлт болып көрінетінін біз сержанттар құрамын даярлайтын мектептегі сабақтардан білетінбіз. Бомба жарылған кезде бүкіл жер- жаһанның зұлымдығы мен жамандық күштері аласұрып, еркіндікке шығуға ұмтылғандай қабылданады деп ай­татын.

Ертіс бойындағы тарих күнтізбесінен мынаны табуға болады: «1949 жылғы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да жергілікті халыққа ескертілместен, жер үстінде биіктігі 30 метрлік мұнарада қуаттылығы 20 килотонна болатын атом бомба «РДС (Россия делает сама)-1» қазақстандық полигон өңірінде (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының шекарасында, Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта, Ертіс өзенінің сол жағалауында) ядролық қарудың (атом жарылысы) ең алғашқы сынағы өткізілгенін білеміз. Оған белгілі ғалым Курчатов, Кеңес Одағы- ның Ішкі Істер министрі Берия қатысыпты».

Дерекке зер салсақ, 1947 жылғы 21 тамызда Кеңес Одағы үкіметінің шешімімен құрылған №2 мемлекеттік орталық сынақ полигонында 1949- 1989 жылдары 460-тан аса ядролық сынақ, оның ішінде: 30 жер үсті, 88 әуе, 348 жер асты ядролық жарылыстары, 13-і радиоактивті газдың атмосфераға таралуынан келген экономикалық және демографиялық зардаптарына 1,5 миллион тұрғын ұшырады. По­лигон радиусы 16 шақырым болатын 18 мың шаршы метр жер ауқымын ұстап тұрған.

1951 жылғы 18 қазанда уран бом­басы, 1953 жылғы 12 тамызда қуаты 480 килотонналық қару «РДС-6» термоядролық сутегі бомбасы, 33 метрлік мұнарадан жарылғанда са­бан үйлер, мектептер қираған екен. 1955 жылғы 22 қарашада «РДС-97» термоядорлық қаруы 1800 метрлік биіктіктен бүкіл әлем бойынша тұңғыш сутегі бомбасы ұшақтан тасталыпты. Осы жылдары полигон әуесінде 6, жер астында 340 сынақ болыпты. Тек 1961-62-жылдардың өзінде ғана әуеде және жер үстінде 50 ядролық бомба сыналып, 72 термоядролық сынақ өткізілген. Бұл жарылыстардың қуаты Жапониядағы (1945 жылғы тамыздың 6-сында – Хиросимада, 9-ында – Нагасакида) атом жарылысынан 2,5 мың есе артып түседі деген деректер де бар. Жер үстіндегі соңғы қару1962 жылғы 24 желтоқсанда сыналған.

1963 жылғы 10 қазанда ядролық сынақтарды ауада, су астында, ғарышта жасауға тыйым салынсын деп Халықаралық келісімге КСРО, АҚШ, Ұлыбритания қол қойды. Сонан, 1963 жылдан 1989 жылға дейін жер астын­да барлығы – 343 ядролық жарылыс жасалыпты. Бұл тек сан ғана емес, оның ар жағында Семей өңіріндегі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Пав­лодар облыс тұрғындарының жылдар бойы шеккен қасірет-қайғысы, алапат сынақтардың зардабы, азматтардың тағдыры тұр. Полигон орналасқан Абыралы ауданы таратылып, жұрт ата мекенін тастап, күшпен көшірілген. Сол заманда «Семейден, Шыңғыстау, Абай еліненбіз – деп айтпаңдар» деген сөзді де естідік.

«Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың салдары­нан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР 18.12. 1992 жылғы заң нормала­рында ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аймақтар: Семей облысының аумақтары, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан, Зайсан, Зырян, Тарбағатай аудандары, Өскемен, Риддер қалалары, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Таврия, Самар, Серебрянск аудандарының шекара шегіндегі елді мекендер, Павлодар- дың Баянауыл, Май, Лебяжі аудан­дары, Қарағандының Қарқаралы ауданы, бұрынғы Егіндібұлақ аудан елді мекендері қоса жатқызылды. Се­мей облысы Абай ауданындағы Сар­жал ауылдық кеңесінің, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелі ауылдық кеңестерінің, бұрынғы Жаңасемей ауданындағы Сарыапан және Иса елді мекендерінің шекара шегіндегі елді мекендер төтенше радиациялық қауіпті аймаққа енгізіліп белгіленді. Ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандарының елді мекендері, бұрынғы Абралы, Жаңасемей аудандарының, Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар және Малдар ауылдық кеңестерінің шекара шегіндегі елді мекендер жатқызылды.

2006 жылдың 8 қыркүйегінде Се­мей қаласында Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру тура­лы шартқа қол қойылды. Аталған мәселенің өңірде және дүниежүзінде тұрақтылықты нығайтудың елеулі факторы ретінде қарастырылғаны белгілі.

 Пернеқұл ОШАҚБАЕВ, Қазақ технология және бизнес университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button