Руханият

Қайнардың қаламы

Фейсбукте «Қайнар Олжайдың сабақтары» тобы ашылып, алғашқы жазбалары түскенде, есімізге Мұқағали Мақатаевтың Әбділда Тәжібаевқа арналған өлеңі түсті. Бірақ бұл жерде Қайнардың қолында аса емес, қалам. Ал былайша «ашулы Грозный патша­да­йын» Әбділда «жырдағы жалғандықпен мылтықтасса», Қайнар газет, сайт мақаласындағы немесе тележурналистердің мәтініндегі қателермен күреседі.

«Лениншіл жас» газетінде корректорлықтан бастадық. Сондықтан қате атаулыға жанымыз қас» дейді бұл туралы белгілі журналистің өзі. Мұқағали жаман жыр жазатын болса, Әбділда ағасының ақ таяғы арқасында ойнай ма деп қауіптенсе, біз қазір мақалада қате жіберіп қоятын болсақ, Қайнардың қаламынан қорқатын болдық.
…Аға деген үш әріпке жетіппіз,
Ақыл деген төрт әріпті айта алмай, – деп түйіндейді «Әріп пен ұғым» аталатын атақты өлеңін ақын досымыз Руслан Нұрбай. Ағалық жасқа жеткен Қайнардың қаламынан қорықсақ та, өз басымыз мұны ақыл ретінде ұғамыз. Мәселен, тобындағы «Редакциялаудың ашық сабағы», «Аудармаға абай болайық», «Газетті қалай шығару керек?» сияқты жазбалар кім-кімге болсын пайдалы. Ал журналистерге тіптен керек кеңестер.
Еңбек жолын қой бағудан бастады (бірнеше жыл бұрын сол туралы «Қой баққан қиын» атты кітап шығарды). Қайнар Олжайға одан ой баққан жеңіл тиді ме деп ойлаймыз кейде. Ауылынан Алматыға ғашықтық дерті алып келген. «Арман болған қызды көргенде бір жарым жылғы сезімге суық су құйылғанын сездік. Енді бір тірі ақынды көріп ауылға қайтпақ едік. Тұманбай ағамызға сәлем беріп, алдында тұрып оннан астам өлеңін жатқа оқыған соң, қолымыздан жетектеп журфактың деканы Қожакеевке апарған. «Бір баланы оқуға алсаң, мынаны ал. Өзі тұрмақ атасын танымаймын. Осы қара баладан керемет журналист шығады» деген. Алайда бізді оқуға алған соңғы сөзді Қожакеев емес, ректор Жолдасбеков айтты. Содан бастап әрбір мақаламызды Тұманбай аға оқитындай күйде отырып жазып келеміз. Мәңгілік мотивация!» деп еске алады сол кезеңді өзі.
Бұл жерде жырға ғашықтығы көмектескен. Өлеңді жазуға келгенде өзі де қара жаяу емес. Белгілі журналист, ғалым Бауыржан Омарұлы «Кең өріс» атты эссесінде Қайнардың атасы Олжай ақсақал Курск түбіндегі шайқаста бір қолын қалдырып, елге жараланып қайтқанын, ауруханада есін жиған соң бір қолы жоқ екенін көріп, екінші қолымен ауылға өлеңмен хат жазғанын, кейіпкеріміздің әкесі Қалиақпардың інісі Қоңырғазы бірауыз өлең шығарғанын, әжесі Ханымия көне заманнан жеткен өлең-жырларды көп білген кісі болғанын жазады. Осыған қарап Қайнар Олжайға ақындық қанмен келгенін па­йымдаймыз. Алайда өлеңдерін жарияламайды. Бір отырыста жырын өз аузынан естіген едік. «Көпір» деп аталатын сол өлеңін ұнатып, фейсбукте жариялауды сұрадық. Бақсақ, бұл өлең жетпісінші жылдар соңында Қазақ радиосы арқылы оқылған екен. Жастар поэзиясы туралы хабарды жүргізуші Аманхан Әлім мақтаған. Семейде облыстық газетте практикада жүргенде Мерғали Ибраев ағасының алдында оқып, жақсы сөз естіген.
Мақалаларында да ақындардың өлең шу­мақтары жиі кездеседі. Материалдары бізді сонысымен де тартады. Тақырып қоюға да шебер. Өзі айтпақшы, «суретті қимылдатқан киноның біздің елдегі атасы Әмен Хайдаров» туралы жазған алғашқы мақалаларының бірі «Қиын өнерді құлағынан бастаған» деп аталса, әрі қарай «Шырақ соңындағы сұрақ» деп ғарышқа самғайды. Біздің мақаламызға да жақсы тақырып қойып бергені бар. Ақын Дәуітәлі Стамбековтің туғанына 70 толуына орай жазғанымызға «Арқада туып, Алатауда түледі» деген тақырып қойғанбыз. Газетке сол тақырыппен шығып кеткен. Соны оқыған Қайнар аға «Жұмыр жердегі және бір бұйрабас» деп қойылса жөн болатынын айтты. Енді кітап шығаратын болсақ, сол мақаланы ағаның қойған тақырыбымен енгіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза сынды майталман қаламгерлердің мектебінен өткені бағы деп ойлаймыз. «Бозаңнан іздейді көз Бердіқұловты», «Мұз дәуірінен Мұртаза дәуіріне дейін» деген эсселерді жазып, ұстаздарының алдында парызын орындады.
Жалпы, Қайнар Олжайдың қаламы кез келген тақырыпта жорғалай кетеді. Кезінде, мысалы, кірді қалай жуу керектігі туралы «дәрісін» фейсбуктен оқып, мұны да жазуға болады екен деп таңғалғанбыз. Ұстазымыз Талғат Батырхан газетімізде жүргенде «Қияли дүние неге жазбайсыңдар?» деуші еді, ал Қайнардың қаламынан шыққан қияли дүниелер көп. Соған да сүйсінеміз.
Өкініштісі, Қайнар Олжайдың бірде-бір кітабы қолымызға түспеді. Мақалаларын әлеуметтік желіден немесе газеттерден ғана оқимыз. Сондықтан шығармашылығын толық танимыз деп айта алмаймыз. Кезінде Қайнар ақмылтық журналист Жұматай Сабыржанұлына «Жүке, оқырмандарыңыздың ең нашары мен бола­йын» деген тілек айтқан еді. Шын мәнінде олай еместігін білетін әріптесі соған қатты риза болған. Біз қазір осы сөзді сізге, Қайнеке, қайталап айтуға мәжбүрміз. Оған келісесіз бе, келіспейсіз бе, өзіңіз білесіз. Кәсіби мерекемізбен қатар келген мерейтойыңыз құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button