Басты ақпаратМәслихат

ҚАЛА БЮДЖЕТІ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

Күні кеше бас қосқан бесінші шақырылымның халық қалаулылары кезектен тыс сегізінші сессиясын өткізді. Күн тәртібіне жеті мәселе қойылды. Маңызды жиынға қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, оның орынбасарлары – А.Балаева, Е.Қожағапанов, Есіл ауданының әкімі С.Мұстафина мен Сарыарқа ауданының әкімі Е.Оспанов, барлық басқарма басшы­лары және қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Депутаттардың дені жиналып, қордаланған мәселелермен танысып, шешу жолдарын қарастырды.

Алғашқы мәселені Экономи­ка және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жанат Нұрпейісов ортаға салды. Ол жиналған қауым назарына 2011 жылғы 7 желтоқсанда бекітілген «Астана қаласының 2012-2014 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысын мәлім етті. Жіті дайындалған экономикалық сараптаудан бюджетті қайта нақтылау қажеттілігі туындағанын түсіндік. Оған қаладағы әлеуметтік-экономикалық өрістеу мен салықтық әкімшілендіру тетіктерінің құнтты жұмыс атқаруы негіз болған. Осы себептің арқасында үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 111,5 пайыздық межеге жеткен кірістің артықшылығы айқындалып отыр. Оның 60 пайыздан астамын қосымша құн салығы мен әлеуметтік салық есебінен түгенделгеніне бас экономист баса назар аударды. Со­нымен қала кірісі 7 миллиард 219,4 миллион соманы құрап отыр. Бұл өз кезегінде бюджетті қайта есептеп, ұлғайтып, сұранысқа ие салаларға қосымша қаржы бөлуді қарастыруға мұрындық болған. Бас есепшінің сөзіне сүйенсек, бірнеше басқарма мұқтаж қаражатқа қол жеткізіп отыр. Депутаттар ұсынылған жо­спар кестесімен таныса отырып, ешқандай сауал жолдамады. Ең көп қаражат Қаржы басқармасына тиесілі болса, ең азы Ішкі саясат басқармасының еншісіне тиіпті.

Бөлініп отырған қаржының есебінен Ильинка ауылындағы 200 орынға арналған мектептің жаңа ғимараты, Алматы-Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа балабақша құрылысы, «Журавушка» бақшасының қосымша бөлігі салы­нып бітпек. Оңтүстік-шығыс ықшам ауданында жаңа амбулаторлық емха­на құрылысын аяқтау жоспарланған. Одан бөлек әр саланың өзіне тиесілі мақсатты жұмыстары жүйелі түрде баппен орындала береді.

«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарьяновтың жан жақтан қысқан қымбатшылықты жеңілдету үшін осындай кірісті зейнетақыны немесе жалақыны көбейтуге жұмсауға, яки қалалық коммуналдық тарифтерді төмендетуге болмас па деген сауалына Жанат Нұрпейісов қымбаттауға қарамастан, мұндай өтініштер тек республикалық деңгейде шешілетіні, сондықтан бұл сауалдың шешімі әкімшілік құзырына тиесілі еместігін алға тартты.

Күн тәртібінде қойылған маңызды сауалдың бірі мемлекет қажетіне бай­ланысты қайтарылған жер телімдері туралы болды. Бүгінгі күннің кезек күттірмес оқиғасы ретінде Заңдылық, құқық тәртібі және көпшілікпен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ни­колай Мещеряков осы тақырыпты көтерді. Бұл сала бойынша іргелі жұмыстар жасалып жатқандығын, жүзеге асқан жобалар аз еместігі ай­тылып, Мирзоян көшесі бойындағы 10 жер телімінің қожайыны және қала әкімдігінің екеуара келісімімен мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынғаны туралы ақпар берді. Келісімге көнбеген тұрғындар сотқа шағымдану арқылы ортақ мәмілеге келетіні баяндалды.

Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Ка­налимов қала басқару тәсілін өзгерту туралы ұсыныс-сауалын жолдады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы жеңілдікпен дәрі-дәрмекті тегін тарату тізімдері туралы айта отырып, осы дәрі үлестіру мәселесін аталмыш басқармаға қайта қайтару жөніндегі ұсынысын мақұлдатты.

Ішкі саясат басқармасы бастығы Болат Тілеповтің ұсынуымен Астана әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің құрамы өзгерді. Қала әкімі кеңес төрағасы болып бекітілді. Кеңес мүшелігіне қала басшысының орын­басарлары, депутаттар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері сайланды. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бейбіт Садықов жаңа эвакуациялық комиссияның құрамын жариялады. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Рысгүл Қауғабаева кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптау кеңесінің жаңа құрамын ұсынды.

Сессияға төрағалық еткен Бауыржан Исабаев барлық мәселе жіті қаралып, бірауыздан қабылданғанын мәлімдеді. Депутаттар тарапынан еш қарсылық болмады.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button