Қала тіршілігі

Қала мәдениеті қалай қалыптаспақ?

IMG_9468

Сөзді оқиғадан өрбітейік. Таяуда бас қаланың қоғамдық көліктерді күтетін аялдамасында тұрған егде тартқан ер адамды екі-үш бозбала тапа тал түсте сабап, дене жарақатын салып кетеді. Жарайды, бір бұйығы ауыл немесе шеткері жатқан шағын қала емес, бір елдің бас ордасының дәл ортасында болған осындай сорақы оқиға кім-кімнің болса да жағасын ұстатып, жанын түршіктіріп жіберді. Бұл қылмысты іспен қазір тиісті орындар айналысып жатқаны белгілі. Әрине, біз оны баяндауды мұрат етпейміз, тек нысанаға алып отыр­ған елорда мәдениетінің қалыптасу үрдісі өте баяу жүріп жатқандығы, әлі де болса тұрғындардың аста­налық биік мәдениетке тән даралықтарды игере алмай, осындай келеңсіз жағдайлардың жиі орын алуы көңіл қобалжытады.

Бір жағынан, «Бәйтерегі» зеңгір көкпен тірескен ару қаламыздың бас қала мәртебесіне ие болғаны соншалықты ұзақ мерзім емес. Бар болғаны – он жеті жыл. Ертеректе, Тың өлкесінің орталығы атанса да сіріңкенің қорабындай қораш көрінетін ескі үйлері мен мидай батпағы иленіп жататын шаһардың бүгінгі келбеті адам танымастай өзгерді. Құдды бір теледидардан көретін мұнтаздай таза, еуропаның қалалары секілді әдемі әсер қалдырады. Әрине, «Мәскеу бір күнде орнай салмаған» дегендей, әлі де болса атқарылып жатқан жұмыс пен болашақта іске асырар міндет қыруар екені аян. Ал бірақ, қала дамуына сай, елорда тұрғындарының жеке мәдениеті де жоғары болуы қажет емес пе? Осы жағынан келгенде ептеп күмілжіп қаламыз. Сондықтан, осы жолы өзіміз көрген, сезінген дүниені ғана сөз еткіміз келді. Әйтпесе, қала мәдениетінің ауқымы кең екені, оны шағын мақалаға сыйдыру мүмкін еместігі тағы бар.
Соңғы жылдары елорда тұр­ғындарының саны таңқаларлық қарқынмен өсуде. Әрине, бұған қуанып та, түсініп те қарауға болады. Алғашқы алмағайып кезеңде бұрынғыдай дәулеті шалқып-тасып жатқан ауылдар мен шағын қалалардың басынан бағы тай­ғаннан кейін қараша жұрттың дені көштің басын бас қалаға бұрды. Бұл өзге ұлт өкілдері басымдау қаланы қазақы шаһарға айналдырып, ұлтымыздың дауысы айқын шығатын дәрежеге жеткізді. Бұған өте қуаныштымыз.
Екіншіден, елордада тұрғысы, жұмыс істегісі келетін қара көз қандастарымыздың көбі ауылдан арман қуып астанаға келіп, өмір жолындағы бақыттарын табуда. Өзіміз де солай келдік.
Әлімсақтан мәлім, адамның ішкі мәдениетінің қалыптасуы – ауыл­да туғандығына немесе қалада тұратындығына қарамайды, әуелі уыз емген отбасы мен өскен ортасына байланысты болатыны хақ. Сондықтан, адамның бәрі бір­келкі еместігін, түрлі деңгейдегі тәрбие мен мәдениетті бойларына сіңір­гендігін ұға білген жөн. Кей тарапта, ауыл үйдегі қылықтарымызды қалаға келсек те қоя алмай, ерсі әдетімізден арыла алмай жүреміз. Әсіресе, мұндай жағдайлар адамдар көп шоғырланған орындар мен қоғамдық көліктерде жиі кездесіп жатады. Өткен жолы осындай жағдайдың куәсі болдық. Ав­то­бусқа мінген сәтіміз еді, ептеп масайып алған бір жас жігіт ұялы телефонмен былапыт сөздерді қымсынбастан айтып, құдды көлікте жалғыз отырғандай сөйлесіп отыр. «Ау, інішек, сәл сабыр сақтап сөйлесеңші, үй сыртында кісі бар» десек, «Аға, ол менің өз шаруам, ақылыңызды балаңызға айтыңыз» деп едірейіп тұр. Осы сөзді естіген мен де, басқалар да тілімізді тістеп қалдық. Бұл, бір қарағанда, елеусіз болса да, сол адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетіп тұр. Сондай-ақ, үлкен кісілерді сыйлау, оларға сәлемдесу, қоғамдық көлікте орын беру секілді ұлтымыздың қанына сіңген тамаша қасиеттер жастардың бойынан жоғалып бара жатқаны да қынжылтады. Мұның барлығы, әр отбасының қазақы тәрбиеден алыстап, батыстық мәдениеттің кең етек алуы мен қоғамның қатыгезденіп бара жатқан көрінісі ме деп ойлайсың. Әйтеуір, дүдәмал ой көп…
Жуырда Ұлыбританияға барып қайтқан танысымыздың әңгімесін естіп, ауызымыздың суы құрыды. Қанша дегенмен ақсүйек ел емес пе, ондағы адамдар мәдениетінің өте жоғары екендігі, бір нәрсе сұрай қалсаңыз, жаны қалмай тү­сіндіріп, егжей-тегжейлі баяндап беретіндігі, қоғамдық көліктердегі жолаушылардың бір-біріне деген ілтипаты, шаһардағы бір тал шөптің көлденең жатпайтындығы, қысқасы, айта берсе, қала мәдениеті мен адамның жеке мәдениетінің бір-бірімен қабысып кеткендігін айтқанда, «шіркін-ай, біз қашан сондай дәрежеге жетеміз?» деген ізгі тілек ойымызда тұрды.
Бас қала мәдениеті туралы айтқанда, алдымен ойға тазалық мәселесі түседі. Бүгінгі таңда елорда көшелерімен жүргенде жол жиегінде шашылып жатқан қоқыстарды жиірек байқап қа­ламыз. Әсіресе, қаланың шеткері аума­ғында орын тепкен жер үй­лердің аумағын айтпағанда, үлкен көшелер мен даңғылдар бойында да осы көрініс жиі ұшырасады. Тіпті, машинамен жүйткіп бара жатып, терезеден темекісінің тұқылы мен қағаз қиындыларын лақтырып жіберетін жүргізушілер де бар. Осыдан екі жыл бұрын Елбасының өзі елорда мәдениеті мен тәртібін нығайту туралы кең көлемде жиын өткізгені бар. Сонда, тазалық мәселесі қатаң қаралып, тәртіп бұзғандарға арнайы шара қолдану жайы да сөз болған. Осыдан кейін әжептәуір тазалық пен тәртіп мәселесі бір жолға қойылды. Алайда, бас қала тазалығына бiрден-бiр жауапты – тұрғындардың өзi. Көптеген адамдар қоқысты тиiстi жәшiк пен орындарға тастауға әлi күнге қалыптаспаған. Тазалық сақтау жағында жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, көше бойына қоқыс тастайтындардың басым көпшiлiгi жастар екен. Ересек адамдар қоқысты арнайы орынға тастауға қалыптасқан. Мүмкін, елордадағы барлық білім беретін орындарда тазалық тақырыбында арнайы дәрістер өткізген жөн бе?! Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» демекші, астаналық мәдениетті балдай тәтті бүлдіршіндер мен жас жеткіншектерден бастап қалыптастырсақ, ертеңгі күні ол өз жемісін берер еді деп ойлаймын.
Алда еліміз үшін үлкен сын тұр­ғаны мәлім. 2017 жылы бас қалада «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі өтпек. Оған дайындық жұмыстары басталып та кетті. Дүниежүзілік шара болғаннан кейін, астанаға ат басын бұратын қонақтар саны қомақты болмақ. Сол кезде бас қаланың әр тұр­ғынына түсетін салмақ пен жауап­кершіліктің бәсі артады. Сон­дық­тан, елорда мәртебесіне лайық жоғары мәдениетті бүгіннен бас­тап қаланың әр азаматы шынайы сезініп, ұғына білген жөн.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button