Басты ақпаратМәдениет

ҚАЛЛЕКИЛІКТЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Тәуелсіздігімізбен бірге түлеген Астана төріндегі Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Өнер ошағының осы жылдары ішіндегі қадамдары «Астана» концерт залында өткен салтанатты кеште айшықталды.

????????????????????????????????????

АЛАТЫН БИІК АСУЛАР ӘЛІ АЛДА

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған кешке қала басшысы Әсет Исекешев арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер ошағына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Театрдың 25 жылдық мерейлі белесімен құттықтаймын! Ел тәуелсіздігімен құрдас бұл театрда алғашқы жылдары Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов сияқты халқымыз мақтан тұтатын талантты режиссерлердің еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдыруы зор мерей. Ақмола қаласының ел астанасына айналуы ұжымның жұмысына соны серпін мен зор шабыт бергені сөзсіз. Өнер ұясы осы жылдары ұдайы ізденісте болып, өз репертуарын байытып, шығармашылық тұрғыдан кемелденіп, мол тәжірибе жинақтады. Отандық және әлемдік драматургияның түрлі жанрларындағы озық туындыларын сәтімен сахналап, Астана көрермендері мен келуші қонақтардың ыстық ықыласына бөленіп үлгерді. Бүгінде ұжымда түрлі буын өкілдерін құрайтын, шығармашылық мүмкіндігі мол дарынды актерлер ұжымының қалыптасып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өнер ұжымы елімізде және әлемнің бірқатар елдерінде өткен театр фестивальдеріне қатысып, үздік қойылымдармен танылып, жүлделермен оралуы ізденістеріңіздің дұрыс бағытта екенін көрсетеді. Театрдың елордада жұмыс істеуі талғампаз көрермендер қатарын қалыптастырып, солардың ойынан шығу міндеті сіздерге зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан театрдың алатын биік асулары әлі алда деп білемін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен игіліктер және өнердің қия жолында сәттіліктер мен табыстар тілеймін, – делінген Елбасының құттықтау хатында.

????????????????????????????????????

ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕ БЕРЕДІ

Қала басшысы өз атынан да жылы лебізін жеткізді. «Қалибек Қуанышбаев театры Астананың ең маңызды мәдени орындарының бірі. Осы жерде әлемдік деңгейдегі өнер туындылары сахналанып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше сый жасауда. Бұл театр бүгінгі таңда еліміздегі ең танымал, алдыңғы қатарлы өнер ошақтарының бірі. Қала әкімдігі театрдың дамуына айрықша мән береді. Бүгінде біз театр әртістерін әлеуметтік-материалдық жағынан қолдау мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырмыз. Алдағы уақытта да қолдау көрсетіле беретін болады. Театр ұжымына толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!» деді Әсет Исекешев.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын сенатор Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің ізгі лебізін халық қалаулысы Қуаныш Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің хатын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді.

ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДАН СОҢ ЖАҢҒЫРТТЫ

Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Ресейден театр мерейтойына арнайы келген қонақтар – Ресей Федерациясы еңбек сіңірген өнер қайраткері, театр сыншысы, «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваров, М. Горький атындағы Орынбор драма театрының көркемдік жетекшісі, РФ халық әртісі Рифкат Исрафилов жылы тілектерін арнады. Экран арқылы Мәскеу Губерниялық драма театрының көркемдік жетекшісі Сергей Безруков құттықтауын жолдады.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры өзінің ән сәлемін жеткізді. Елордадағы М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Жастар театры, «Наз» мемлекеттік би театры әріптес өнер ұжымын құттықтады.

Қаллеки театры мерейтой кеші өткен сахнада 1991 жылдың 15 қарашасында Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен алғаш рет шымылдығын түрді. Ширек ғасырдан соң бұл қойылым жаңғырып, Ақан серінің рөлінде Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев, Ақтоқтының бейнесінде бастапқыда осы рөлді сомдаған Бақыт Исабекова көрінді. Әзірбайжан Мәмбетов қойған классикалық туынды – Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» трагедиясындағы ананың басындағы қайғылы жағдайды Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова әсерлі көрсете білді.

ТЕАТР МЕРЕЙТОЙЫНА ТАРТУ

Мерейтойға орай ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі – КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың бюсті ашылып, театртанушы, өнертану магистрі Сәуле Әбединованың «Театрға тағзым» монографиясының тұсауы кесілді.

– Екі жыл магистратурада оқығанымда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналыстым. «Театрға тағзым» еңбегі соның жемісі. Ұстазым Талғат Теменовтің өтінішімен монографияны көркем дүниеге айналдыруға тырыстық. Тағы бір ұстазым Әшірбек Сығай Қаллеки театрының тарихы туралы, жалпы шығармашылығы жөнінде жазып кетті. Менің еңбегім аталмыш театрдың тынысына арналып отырған екінші кітап. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Кітап «Театрға тағзым» аталады. Яғни, бұл тәуелсіздігімізге, тарихымызға тағзым, қазақ театрларында еңбек еткен ұлы актерлерге тағзым, бүгінгі актерлердің еңбектеріне бас ию, – дейді Сәуле Әбединова.

15037332_878379838963815_7109748243268623730_n

ТҰЛҒАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Театртанушы айтқандай, театр тұлғаларына тағзым осымен аяқталмады.  «Астаналық» зиратта мәңгіге дамылдап жатқан театрдың негізін қалаушы режиссер Жақып Омаровтың басында Құран бағышталды. Жақында ғана Астанада ҚР Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовке көше берілді. Мерейтойы күндері сахна майталманы сахналаған Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы көрсетілді. Театр абыздары саналатын осы екі тұлға мен Жақып Омаровтан кейін өнер ұжымына жетекшілік еткен Қадыр Жетпісбаевтің шығармашылықтарына арналған «Қ. Қуанышбаев театрына – 25 жыл» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Ал мерейтой Т. Теменовтің «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасымен түйінделді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button