Талайғы тарих

Қалтарыста қалған қайраткер

«Ж.Шаяхметовтің Қазақстан КП Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы міндеттерінен босатылу себептері туралы» Қазақстан Компартиясы ОК анықтамасында «Шаяхметов қысымсыз жұмыс істеген, іс жүзінде партияның облыстық комитеті бюросының басшылығынан өзін-өзі босатқан, жұмыс уақытының едәуір бөлігін үйінде өткізген. Жыл бойы облыстық комитет бюросының 41 отырысының ішінде Ж.Шаяхметов тек 17-сіне ғана қатысты, ал хатшылықтың 16 отырысының 5-еуіне ғана қатысты. 1955 жылғы 22 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің VI пленумында бюро және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатты сынға ұшырады. Пленум алдағы уақытта Ж.Шаяхметовті Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде қалдыру мүмкін емес деп тауып, оны қызметінен босатады».

[smartslider3 slider=220]

1955 жылы 22 маусымда Қазақстан КП Оңтүстік Қазақстан обкомының VI пленумында обкомның бірінші хатшысы болып бекітілген И.Юсуповпен бірге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Л.Брежнев Алматыдан Шаяхметовті орнынан алу үшін ұшып келеді.
1955 жылдың қыркүйегінде Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында бас миына алғашқы ота жасалды. 1956 жылдың маусым айында екінші ота жасалды. Осы институттың 1958 жылғы 25 тамыздағы №24524 анықтамасында «Ж.Шаяхметов хирургия институтында емдеуде жатыр, диагнозы: арахноидэндотелиома ісігінің ұзақ өсуі – кіші қанаттың сол жағында іріңді асқыну, операциялық тыртық аймағында жылан көздер». Кейін одан қант диабеті анықталды.
1950 жылдардың ортасындағы осы драмалық сипаттағы оқиғалар Хрущевтің саясатымен қазақ халқының алдында және ақпарат құралдарында Шаяхметовтің беделін түсірумен, ал кейін оның есімін ел есінен өшірумен жалғасты. 1954 жылдан бастап оның есімі газеттерде, журналдарда, оқулықтарда, анықтамаларда, энциклопедияларда жазылмады, ал егер жазылса, теріс сипатта жазылды. Тек 1960 жылдары британдық энциклопедияда аты айтылған. Тіпті жақында Хрущевтің қайта басылған мемуарларында «Воспоминания. Время. Люди. Власть» «Тың туралы» тараудағы кәсіби тарихшылар жасаған ескертулерде: «Шаяхметов 1928-1938 жж. Ішкі істер министрлігінде жедел уәкілден Халық комиссариатына дейінгі қызмет жолынан өткен» деп жазылған, алайда қауіпсіздік органдарында ол қызмет еткен ең жоғары лауазым облыстық басқарма бастығының орынбасары болғаны белгілі.
Қазақстан отыз жыл тәуелсіз мемлекет болуына қарамастан, Шаяхметовтің өмірі мен мемлекеттік қызметін Хрущев пен Брежневтің бұрмалауына кейбір қазақ ғалымдары мен басылымдары әлі күнге дейін беріле сенеді. Мысалы, «Қаныш Сәтбаев. Энциклопедия» кітабында Шаяхметов туралы бөлімінің авторы алдымен ҚР Президенті мұрағатындағы жеке іске сәйкес оның өмірбаянын дұрыс баяндай келе, бірақ әдейі жалған қорытынды жасайды: «1932-1933 жылдары Шаяхметов Мәскеу Шығыстану институтының студенті болғанын, қуғын-сүргін жылдары (1937-1938) Қазақстанды Л.Мирзоян, ал соғыс жылдары (1941- 1945) Н.Скворцов басқарғанын біле отырып, Шаяхметов басшылық жасаған кезеңде қазақстандықтар ашаршылықты бастан кешті дейді.
Осы жерде П.Пономаренконың жақсы қасиетін атап өту керек, ол КСРО-ның Польшадағы елшісі бола тұрып, Бурденко атындағы нейрохирургия институтының ауруханасында жатқан Шаяхметовке Мәскеуде көңілін сұрай кіріп шығады. Сонда ол «өзінің Шаяхметовке қатысты әділ болмағанын, оны республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы және ҚКП ОК бөлімінің меңгерушісі Новиков жаңылыстырғанын», сол уақытта Қазақстанның ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болып істеген экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғат Әбдіразақов айтып еді деп еске алады.
Соғыс кезінде ауыр жылдар және Сталиннің орнына келген КСРО басшылары жағынан жасалған шабуылдар Шаяхметовтің денсаулығына нұқсан келтірді. Шаяхметов 1966 жылы 17 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауруханасында сүйікті қызы Алманың қолында қайтыс болды.
Шаяхметов қайтыс болғаннан кейін бірінші Мәскеу мемлекеттік нотариалдық кеңсесінде 1967 жылғы 18 сәуірдегі «Мұраға құқық туралы куәлік» және азамат Жұмабай Шаяхметов қайтыс болғаннан соң 294 рубль сомасында қалған мүлік тізімдемесінің актісі жасалды. Заттар арасында ас ішетін үстел – 10 рубль, ескі үлгідегі тахта – 5 рубль, екі орынды төсек – 20 рубль, «Енисей» теледидары – 70 рубль, «Ока» тоңазытқышы – 70 рубль, орындықтар, тумбочка, кілем, портьерлер, буфет… барлығы – 294 рубль сомасындағы 31 тұрмыстық зат. Бұл – Мәскеудегі Майнұр зайыбы екеуінің зейнет жасына жеткенде жинаған барлық мүлкі. Алайда олар ешқашан материалдық игіліктерге қызыққан емес. Олар балалары мен немерелерін басты байлығы санаған.
Жұмабай мен Майнұр 1925 жылы 7 қарашада Петропавлда үйленді. Майнұр Ғалиқызы 1907 жылы 6 қарашада дүниеге келген. Майнұрдың анасы – татар, әкесі Ғали Шоқабаев – тобықты руынан шыққан қазақ. Майнұр 1964 жылы 6 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды. Жұмабай мен Майнұрдың бес баласы бар.
Равиль 1927 жылы 21 желтоқсанда Петропавл қаласында дүниеге келген. 1951 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын «Түсті, сирек және асыл металдар металлургиясы» мамандығы бойынша бітірген, инженер-металлург. 20 жылға жуық Өскемен қаласындағы №10 зауытта, Үлбі металлургиялық зауытында, орта машина жасау жүйесінде жұмыс істеді, сирек жер металдарын, ғарыштық және қорғаныс мақсатындағы бұйымдарды дайындауға қатысты. 2000 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Әйелі – Розалия Шаяхметова. Төрт ұлы, 7 немересі, 8 шөбересі бар.
Ноэль 1931 жылы 28 қарашада Петропавл қаласында дүниеге келген. 1955 жылы В.Молотов атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Сот-медициналық сараптаушы, дәрігер-биолог, паталогоанатом, дәрігер-рентгенолог болып жұмыс істеді. 1957 жылы бас сүйегін қалпына келтіру әдісін жасаған антрополог, профессор М.Герасимовтың оқушысы болды. Ежелгі үйсін (1961), Махамбет Өтемісұлы (1967), Құрманғазы (1969) және т. б. антропологиялық қалпына келтірулерді жасады. «Из тьмы веков» кітабының авторы. Әйелі – Лидия Шаяхметова, екі баласы бар.
Алма 1934 жылы 14 маусымда Петропавл қаласында дүниеге келген. 1957 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетін бітірген. Барлық еңбек өмірбаяны Қазақ КСР Ғылым академиясының География институтымен байланысты болды, Қазақстанның карталары мен атластарын жасауға қатысты. Күйеуі – Хамит Хисматуллин (1929-2012), геолог. Үш баласы және 7 немересі бар.
Тарғын 1946 жылы 21 қаңтарда дүниеге келді. Кішкене кезінде менингитпен ауырып, оның денсаулығына әсер етті. 2006 жылы 26 ақпанда қайтыс болды.
Владимир 1938 жылы 25 тамызда Харьковта дүниеге келген. Туған тегі – малько, украин. Ата-аналары Харьковтың жаппай бомбалауы кезінде қаза болған, 1941 жылы көшірілген балалар ішінен Жұмабай Шаяхметов асырап алған. Газбен қамтамасыз ету жүйесінде жұмыс істеді, Көкшетау облысы Щучинск қаласында 1974 жылы қызметтік іссапарда болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапты. Қазақша еркін сөйлеген. Әйелі – Анна Шаяхметова, екі қызы және 4 немересі бар.
Жұмабай Шаяхметов қатаң сталиндік басқару стилі жағдайында мемлекеттік және партия қайраткері ретінде қалыптасты, ол кезде басшыдан жан-тәнімен беріліп жұмыс істеу, тәртіп, адалдық, нәпсіні тежей білу талап етілді. Олардың осы талаптарын негізге ала отырып, Шаяхметов ең талантты және білікті кадрларды, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің өкілдерін іріктей білді, әрқашан жауапты лауазымдарға адал, шебер, құрметті және лайықты адамдарды тартуға тырысты. Шаяхметов ұсынған кезде ұлттық кадрларға ерекше көңіл бөлінді: «Соңғы жылдары ұлттық интеллигенция кадрлары өсті, жоғары оқу орындарының желісі бөлінді, қазақ жастарының есебінен оқушылар саны артты. Қазақстанның КП (б) ОК ұлттық кадрларды ұсынуда бірқатар табыстарға қол жеткізді. Қазіргі уақытта партияның қалалық комитеттер, аудандық комитеттер 729 хатшысының 395-і немесе 54 пайызы – қазақ, обкомның 70 хатшысының 36 немесе 51 пайызы – қазақ. Облыстық атқару комитеті төрағаларының қатарында 87,5 пайызы – қазақ».
Қазақстанды Шаяхметов басқарған жылдары жоғары мемлекеттік және партиялық лауазымды орындарға халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Д.Қонаев, Ж.Тәшенев, М.Сужиков, А.Тәжібаев, Д.Керімбаев, И.Омаров, Е.Тайбеков, Ж.Жанғозин, С.Баишев, С.Шәріпов, Қ.Сәтпаев, С.Жанбаев, А.Сембаев, Г.Қаржаубаев, М.Қабылбаев, М.Бейсембаев, А.Қанафин, Р.Ильяшев, Х.Арыстанбеков және т. б. бірегей және жарқын ұлттық кадрлар ұсынылды. Ол кадрларды туыстық және жан-жақты мүдде бойынша таңдаудың зиянды қағидаттарынан бас тартты. Ешқашан бір лауазымнан екінші лауазымға «команда» болып ауысуға мүмкіндік бермеді. Бір жерде арына дақ келтірген шенеунік іс жүзінде басқарушы органдарға ешқашан қайта ұсынылмады. Шаяхметовтің көптеген серіктестері онымен көп жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Ол оларды салауатты өмір салтына баулыды. Қыста жексенбі күндері шаңғы жорықтары, ал жазда волейбол ойнады.
 

Ринат ШАЯХМЕТОВ

(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button