Басты ақпаратҚала мен Сала

Қар шығару жұмыстары жалғасуда

Астана Жаңа жылды қалың қармен қарсы алды. Қаңтар басталғалы бері елордада жауған қар толастамады. Осыған орай, коммуналдық шаруа­шылық саласының мамандары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кешеден бері бас қалада барлығы 36 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қар тазалау жұмыстарына 2,3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Қардың қалың түскенін егіншілер молшылыққа балайды. Дегенмен, дәл қазір бас қалада Абай айтқандай, «кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салып» тұр. Түні бойы толассыз жауған ақ ұлпа қала тұрғындарын едәуір әбігерге салғаны рас. Адамдардың жүріп-тұруы мен қаладағы көлік қозғалысына да кедергі келтірмес үшін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері соңғы күндері дамыл таппай, тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Өздеріне жүктелген істі дер кезінде атқару үшін олар күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Өйткені жауған қар жата берсе, тапталып, кейін оны жинау да оңайға соқпасы анық.

Бүгінгі таңда елорда бойынша қар тазалау жұмыстарына 2,3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні қаладан полигондарға 36 мың текше метрден астам қар немесе 2 700 жүк көлігіне тең қар шығарылды.

Ең алдымен, ережелерге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс аймақтары, содан кейін барып орташа қарқындылығы бар учаске-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. жерлер қардан тазартылады.

Қыс мезгілі басталғалы бері елордада коммуналдық қызметтер қаладан 100 мыңнан астам жүк көлігіне тең миллион текше метрден астам қарды алып шықты. Қаланың коммуналдық қызметтері кешкі және түнгі уақыттарда күшейтілген режимде, сондай-ақ қар тазалау маршруттарын түзетіп жұмыс істеуде.

Астанаға қарасты аудандар қар шығару жұмыстарын қызу қолға алды. Мәселен, Алматы ауданында қар тазалау жұмыс­тары белсенді жүргізілуде, оған 636 жол жұмысшылары мен 403 арнайы техника жұмылдырылды. Олар соңғы екі күнде 8396 текше метр жердің қарын шығарды.

Жалпы, қараша айының басынан бері бұл ауданнан 374 330 текше метр қар шығарылды.

Сарыарқа ауданында да қар тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде, оған 514 жол жұмысшылары мен барлығы 328 арнайы техника жұмылдырылды. Қаңтардың 3-інен 4-іне қараған түні қар полигонына барлығы 501 рейс жасалып, 84 бірлік арнайы техниканың күшімен 6714 текше метр қар жіберілді. Қыс басталғалы бері аудан аумағынан барлығы 256 758 текше метр қар шығарылған.

Қалада қардың көп жаууына байланысты Байқоңыр ауданының коммуналдық қызметтері де күшейтілген режимде жұмыс істеп, қар тазалау жұмыстары екі ауысымда тәулік бойы жалғасуда. Аталған жұмыс барысына барлығы 198 арнайы техника мен 361 жол жұмысшылары жұмылдырылды. Байқоңыр ауданы бойынша соңғы күндері барлығы 6684 текше метр қар шығарылып, полигонға 529 рейс жасалды. Ал қарашаның 1-інен бастап аудан аумағынан 220 289 текше метр жердің қары шығарылған.

Есіл ауданының көшелерін қардан тазартуға 802 жол жұмысшысы мен 360 бірлік арнайы техника, атап айтсақ, 61 сыпырғыш машина, 25 бірлік МТЗ трактор щеткасы, 167 самосвал, 25 фронтальды тиегіш, 18 құм шашуға арналған техника шықты. Аталмыш аудан бойынша қаңтардың 3-інен 4-іне қараған  түнде 15 010 текше метр қар шығарылып, полигондарға 948 рейс жасалды. Қараша айынан бері Есіл ауданының көшелерінен 388 690 текше метр қар шығарылды.

Қала жолдарының жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделуде, ол қар жауа бастағаннан себіледі. Бұл ретте бірінші кезекте көлік қозғалысы үшін ең қауіпті магистральдар мен көшелердің учаскелері өңделуде.

Қар қалың жауса, сол жылы егін мол болады деп қуанушы еді бұрынғылар. Халқымыз ырысқа балайтын, Жер-ананың тамырын толтырып, ылғалға айналатын осы ақ ұлпа балаларды қызыққа кенелтіп, әдемі көрінгенімен, қалалықтар үшін қалың қардан келер машақат та аз емес. Толассыз жауған жапалақтар көшелерді басып, жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де қолайсыздық тудырмауы керек. Бұл ретте тазалыққа жауапты мамандар күн-түн демей дамылсыз қар шығарумен айналысып, көктайғақтың алдын алу мақсатында құмшашқыштардың күшімен жолдарға құм мен тұз аралас материалдар сеуіп әлек.

Ұзын-сонар кептелістер қалыптасып, көктайғақтың кесірінен автобустар жұмыс кес­тесінен кешікпеуі үшін қалалық қызметтер тыным таппайды. Бірінші кезекте олар орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалардың маңын тазалауда.

Қар тазалау жұмыстары ауданының барлық аумағында жалғасуда және санитарлық тазалау барлық учаскелер бойынша жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button