Қала тіршілігі

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Биылғы Қарттар күні Астанада ерекше тойланды. Күндіз флешмоб билеген ата-әжелер түсте мерекелік дастарқаннан дәм татты. Қалалық қариялар әрі қарай «Жастар» сарайында өткен «Шын жүректен шыққан әсерлі сөздер» концертін тамашалады.  

sam_7926-1

Ең алдымен 300-ге жуық зейнеткер «Ардагерлер салауатты өмір салтын қолдайды» тақырыбындағы флешмобқа қатысты. Бұл шараға ұйытқы болған қалалық Ардагерлер кеңесі мен Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының Ардагерлер кеңесі. Сонымен бірге Қарттар күніндегі спорттық шараға Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Дене­шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсеткен.

Жастарға секілді жасамыстарға да дене­шынықтыру таңсық емес. «Бүгінгі флешмоб – жалғасын табуы тиіс жақсы бастама. Замандастарымыздың арасында қартайғанда жүгіріп, жаттығу жасауға ұялып, не болмаса бір жерімді ауыртып алам деп қорқатындар бар. Бұл бір серігу ғой. Оны енді күнделікті әдетке айналдыру керек. Мәселен, өзімнің фитнеске қатысып жүргеніме биыл міне үш жыл» дейді өзін Нина Ивановна деп таныстырған әже. Ал, Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов қарттардың зерігіп бос отыратын уақыты жоқ дейді. «Шахмат ойнайды, қыста шаңғымен жарысады, арамызда спорт шеберлері де баршылық» дейді ол.

Бұдан бөлек, жетпістің желкенін керген жүзге жуық ардагер қала мейман­ханаларының бірінде ұйымдастырылған отырыста қонақ болды. Олардың қата­рында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінің құрметті ұстаздары, білікті қызметкерлері болды. Түлектер клубы бұл игі шараны үшінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Аталмыш оқу орнындағы Түлектер клубы төрағасының орынбасары Александр Майердің айтуынша, университеттің әр жылдағы шәкірттері қарттар күніндегі тойды өздері көтерген. Мәселен, келген ата-әжелерге алғыс хат табысталды, 10 мың теңге көлемінде сыйлық пен жиында түске фотосуреттер естелік ретінде берілді.

Ал, түстен кейін 1 мыңға жуық астаналық ардагер «Жастар» сарайында жиналды. Бұл жерде мейрам иелері қолөнер көрмесін тамашалады. Көрмеге қойылған оригами, өрілген себет, құрақ көрпе, оюланған жастық, қазақы қоржын, түрлі әшекей, кестеленіп тігілген картиналар сынды сан түрлі бұйымдарды елордалық ардагерлер қатарындағы әжелер жасаған.

Мерекелік концертте «Жастар» сарайы­ның шығармашылық ұжымдары, астаналық еңбек ардагерлерінің хоры, мемлекеттік «Наз» би театры мен елор­далық цирк әртістері өнер көрсетті.

– Бүгінде Астанада 72 мың зейнеткер бар. Қала әкімдігі олардың бар жағдайын жасауға ерекше көңіл бөліп келеді, – дейді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Оның айтуынша, мерекеге орай қарттық жасқа келген астаналық 56500 зейнет­кер­дің зейнетақысына қосымша 5 мың теңге аударылады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button