ДенсаулықЭкономика

Қаржы қалай жұмсалды?

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында дағдарысқа қарсы деп бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуында кемшіліктер бар. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына мемлекеттік аудит жүргізген Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы сондай қорытындыға келді. Пандемиямен күреске байланысты бөлінген қаражат экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге бағытталған болатын.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізгі мақсаты – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құрып, кірістерді көбейтуге ықпал ету. Осы аптада аудит жұмысының қорытындыларымен таныстыр­ған комиссия мүшелері аталған бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналастыру бойынша деректерде нақтылықтың жоқтығы, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері анықталғанын жеткізді.
– Мәселен, «Медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2020-2021 жылдары кемінде 42 жұмыс орнын құру көзделді. Бұл ретте ҚР Үкіметі жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен үш нысан бойынша – 163, оның ішінде 66 тұрақты және 97 уақытша жұмыс орнын құру жоспарланған. Алайда аудит барысында уақытша жұмыс орындарына 68 адамның ғана жұмысқа орналастырылғаны мәлім болды. Сонымен қатар басқарманың «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы есебінде 146 жұмыс орны, оның ішінде 97 уақытша және 49 тұрақты жұмыс орны құрылғандығы көрсетілген, – деді Тексеру комиссиясының мүшесі Амандық Молдашев.
Сарыарқа ауданының прокуратурасы қаладағы емханалардың біріне жөндеу жүргізу кезінде мердігер мекемеге қатысы жоқ жалған 31 жұмыс орны құрылғанын анықтады. Осылайша ЖҚЖК бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын құру арқылы дағдарысқа қарсы іс-шаралар тиімсіз іске асырылған. Өйткені таңдалған инфрақұрылымдық жобаларда жұмыс орындары қажет етілгендей көп емес және жұмыс ұзақтығы мен жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар саны бойынша барынша көбірек адамды жұмыспен қамтамасыз етпейді. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданған қызметкерлер нысандардағы жөндеу жұмыстары аяқталысымен жұмыстан босатылған. Соның нәтижесінде жұмысқа орналас­тырудың тиісті көрсеткіштеріне тек уақытша аз ғана мерзімге қол жеткізілген.
Бұдан басқа инфрақұрылымдық нысандарға күрделі жөндеу жүргізу кезінде «ҚР сәулет және қала құрылысы, зейнетақымен қамсыздандыру, бухгалтерлік есеп» және бюджет заңнамасының нормалары бұзылғандығы анықталды. Тапсырыс берушілер жасалған операциялардың, оның ішінде орындалған жұмыстар актілері бойынша операциялардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етпеген.
Сонымен қатар медициналық денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және білім алушылар шәкіртақысының мөлшерін ұлғайтуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалануда да кемшіліктерге жол берілген. Оған қоса, заңнамалық актілерде және кәсіпорындардың жарғысында көзделген тиісті рәсімдер сақталмай, төлем қоры негізсіз ұлғайтылған. Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаевтың айтуынша, бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту кезінде оны дайындау талаптары сақталмаған. Қаражатты жоспарлауда бюджет жүйесінің қағидаттарын сақтамау бюджетке қайтарылуы тиіс нысаналы трансферттердің біршама бөлігінің игерілмеуіне әкелді.
Жалпы мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша 538329,7 теңге сомасына қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Анықталған кемшіліктердің 8 фактісі бойынша аудит материал­дары процессуалдық шаралар қабылдау үшін тиісті уәкілетті органдарға жіберілді. Қорытынды жиында осы мәселелерге байланысты сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жауап беріп, сол тақырыпта баяндама жасады. Тексеру комиссиясы анықталған кемшіліктерді жою үшін әзірлеген тапсырмалар мен ұсынымдарды аудит нысандарына жолдады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button