Басты ақпаратҚұқық

Қашқанмен қарыздан құтылмайды

Өмірге сәбидің келуі – зор қуаныш. Ал енді отбасын құрып алып, дүниеге нәресте келгенде олардың жауапкершілігін сезінбейтін желөкпелердің көбейіп бара жатқаны сол қуанышты су сепкендей басып, қоғамды алаңдатып отыр. Өткен жылы Астана қаласында 72 жұп шаңырақ көтерсе, солардың 28-і айырылысып кеткен. Бұл – қорқынышты дерек. Өйткені олардың көбі осы аралықта перзент сүйіп үлгерген. Қанша еш жазығы жоқ, бейкүнә періштенің тағдыры тәлкекке түскенін ойлауға жүрек дауаламайды.

Заң қатал болғанмен…

Қазір елордада өзінің белінен шыққан баласына алимент төлемей қашып жүрген 418 адамға іздеу жарияланыпты. Солардың 402-сі – ер адам, 16-сы – әйел адам. Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокуратурасының ақпаратына сенсек, елімізде сәбиіне алимент төлеуден жалтарғандар саны 1700-ден асады. Олардың 448-іне жыл басынан бері қылмыстық іс қозғалып, Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, 212-сі қамауға алынса, 198-інің бас бостандығы шектелді. Ал 600-і қоғамдық жұмыстарға жегіліп, 370-іне сот шартты түрде жаза кесті.

Астана қаласының тұрғыны, құрметті ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі Дәмелі Ешмұратқызының айтуынша, қазір әйелдерінің мойнына отырып алып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн көріп жүрген арамтамақ еркектер азаймай отыр.

«Қазіргі әйелдерге таңғаламын. Жылдар бойы базар жағалап, сауда-саттықпен айналысып, сол жетесіздерді асырап келеді. Біз тұратын көпқабатты үйде осындай бірнеше жағдайды күнделікті көзіміз көріп, куә болып жүрген соң айтып отырмын. Үкіметтің қазір қашқын әкелерге заңды қатайтқаны құба-құп. Перзентін өмірге әкеліп, оларды тірі жетім ететін әкесымақтар ең болмаса солардың көз жасына қалмай, нәпақасын беріп тұрса да тәубе дейтін заманға жеттік. Қасқалдақтың қанындай ғана тиын-тебенін алу үшін жал­ғызілікті аналар жылдар бойы жүйкесін жұқартады».

Рас, қарыз алиментшілердің мемлекет жыл сайын тынысын тарылтып келеді. Олардың пәтеріне, көлігі мен жүргізуші куәлігіне дейін бұғаттап, шетелге шыға алмайтындай етіп қойды. Сонда да алимент төлемейтіндер саны азаймай отыр. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы өз перзентінен безініп, алименттен бой тасалағандар саны үш есе артыпты.

Заңгер Әлима Әйменова кү­йеуі кетіп қалған жал­ғызілікті аналардың құқығын қорғаумен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады.

«Әрине, алименттен қасақана жалтарушылармен күрес күшейіп келеді. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Кейбірі 5 тәулікке қа­мауға алынады. Осындай жазалау шаралары кейбіріне әсер етіп, қарызын өтеп, одан әрі балаларына алиментті уақытында төлеп жүргендер бар. Бәзбіреуі уақытша жұмысқа орналасып, жылдар бойы жиналып қалған балаларының нәпақасын беріп жатады. Дегенмен қанша үгіт-насихат жүргізілсе де, міз бақпайтын әкелер де бар. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады».

Жұмысы жоқтық себеп емес

12 жылдан бері балаларына алимент төлеп келе жатқан елорда тұрғыны Тоқсанбай Сейт­қасым барлық басымдықтың әйелде екенін айтып, өз ойын бүкпесіз жайып салды.

«Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?!» демекші, 3 жыл бірге жүріп, сүйіп қосылған әйеліммен 3 перзентіміз дүниеге келген соң айырылысамын деу үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Үй шаруасын ұршықша иіретін, қолы алтын келіншегім ата-анамды жаратпады. Бөлек тұрғанның өзінде олардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі ұнамады. Сәбилерімді ет жақындарыма жақындатпады. Амал жоқ, екіге айырылуға тура келді. Бәрін тастап, ата-анама кетіп қалдым. Басында балаларыма қаржылай көмегімді аяған жоқпын. 2-3 жылдан кейін әке-шешем бірінен соң бірі дүние салғанда өзім де қиналып қалып, біраз уақыт балаларыма қарайласа алмай қалғаным рас. Міне, сол кезде бұрынғы әйелім сотқа жүгініп, менен алимент өндіріп алды. Сөйтіп, айына 172 мың теңге төлейтін етіп міндеттеп қойды. Менің дүние-мүлкімді, үй-жайымды балаларыма тастап кеткенім, оны әйелімнің сатып жіберіп, басқа үй, машина ал­ғаны ескерілген жоқ. Жұмысым болмай, жағдайым келіспей 2-3 ай төлей алмай қалсам, сот орындаушылары есепшотымды бұғаттап, қарызға кіргізіп, үстеме қосып, зығырымды шығарады. Мен балаларым үшін алимент төлеуден қашпаймын. Алайда менің де екінші отбасым, тірлігім бар. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатады» деді.

«Тұрақты табысының бар-­жоғына қарамастан, кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу ата-анаға заңмен міндеттеледі. Егер азамат перзенттеріне ерікті түрде қаржылай көмек көрсете алмаса, оны сот мәжбүрлі түрде өндіріп алуға үкім етеді. Айырылысар кезде әйелдің күйеуі жұмыс істемесе, тұрақты табысы болмаса немесе басында басқа да тұрмыстың қиыншылығы болса, одан алимент алынбайды деген сөз емес. Перзенттері 18 жасқа, ал техникалық, кәсіби колледжге немесе жоғары оқу орнына түскен жағдайда, 21 жасқа толғанша ай сайын жүйелі түрде төлеп тұруға міндетті. Дәлелді себептер тек алиментші ауыр науқас болған және ірі қаржы қиындығына тап болған кезде (жұмыс істейді, кірісін жасырмайды, алиментін ай сайын төлегісі келеді, бірақ табысы жетпейді) қарастырылуы мүмкін» дейді заңгер Әлима Әйменова.

Амалсыздан мәжбүрлеуде

«Негізі, алименттен жалтар­ғандардың құқығын әлі де шектей түсетін тетікті іске қосқан дұрыс» дейді қоғам белсендісі, заңгер Алина Ерғалиева.

«Мұндай қадамға қоғамды елімізде осы негізде қалыптасқан сүреңсіз статистика итермелейді. Қазір ажырасқан әкелердің 70-75 пайызы балаларына алимент төлемейді. Олардың тең жартысы қашып жүр, іздеу жарияланған. Мәжбүрлеп төлетіп жатқанмен, нақты нәтижеге әлі қол жетпей келеді. Бұл жерде жеке сот орындаушыларының еңбегін атап айту керек. Өндірістегі істің 60-70 пайызы осы сот орындаушылардың күшімен жүзеге асып жатыр. Cондықтан оларға әлі де өкілет бере түскен жөн. Бүгінгі таңда алимент бойынша сот орындау­шылар қолында 300 мыңға тарта іс бар екен. Расы керек, барлығын бірдей қамтуға олардың да күші жетіңкіремей жатыр. Соның салдарынан елімізде алимент бойынша қарыз 15 миллиардқа жақындаған. Әсіресе маскүнемдер мен жалақы мөлшерін азайту үшін жұмыс берушімен келісіп, жалған құжат жасататындар бұл салада сәбилер алдындағы осындай ауқымды берешекті қалыптастырып отыр».

Жазықсыз жаутаңдаған бүлдіршіндердің тағдыры кім-кімді де қатты ойландырса керек. Өткен Балалар жылы аясында осындай тас жүрек әкелер мен аналарды (өйткені алименттен жалтарған әйелдер де бар) қоғамнан аластатуға дейін шара қолдану қолға алынды. Айта кетейік, бауыр еті баласынан безген безбүйрек әйелдердің берешегі де 400 миллионға жетіп жығылады екен.

Кейінгі кезде прокуратура органдары бала құқығының қорғалуын қадағалауға күш сала бастады. Осындай қадағалау нәтижесінде елордада ғана өз қызмет міндетін тиісінше атқармаған 147 сот орындаушы тәртіптік жазаға тартылыпты. Алдағы уақытта ішкі істер органдары алимент бойынша борышкерлерге қылмыс­тық іс қозғамаса, бұл жұмыспен прокуратура айналысады. Өткен жылы бас шаһарда баласына ақша төлеуден жалтарған 127 әке 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 85 борышкердің жүргізуші куәлігі алынған. 90-нан астам қашқынның көлігі айып тұрағына қойылып, қарызын өтеу үшін аукцион арқылы сатылған. Мәжбүрлі түрде қолға алынған осындай іс-шаралар ғана жауапсыз әкелерді ойландыра бастағандай.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button