Басты ақпаратРуханият

Қазақ археологиясының абызы

Туғанына биыл 100 жыл толып отырған аса көрнекті қазақ ғалымы Кемал Ақышев – отандық ғылым саласындағы айрықша тұлғаның бірі. Ұлы Отан соғысынан оралысымен археология мамандығын таңдап алған ол осы бағытта көп жылдар жемісті еңбек етті. Тамырын тереңнен тартқан атақты Ленинград археология мектебінің өкілі бола отырып, барша өмірін Қазақстанның көне тарихының күңгірт тұстарын айқындауға арнады.

Қазақ ғылымының біртуар өкілдері, археологтар Әлкей Марғұлан, Әбдіманап Оразбаев та осы Лениградта маманданған болатын. Сол бір жылдары қазақ археологиясының тамаша шоқжұлдызы бой көтерді, сұрапыл соғысты да, өмірдің басқа қиыншылықтарын да молынан көрген бұл адамдар білім мен ғылым саласындағы жиған-тергендерін туған еліне, оның рухани байлығын көркейтуге арнады. Жоқты бар еткен, көмескіні жарқыратқан, қазақтың әсем Отанының даңқын жалпақ әлемге паш еткен бұл орасан еңбекті жай еңбек емес үлкен ерлік деп айтуға болады. Беғазы мен Ақсу-Аюлы, Бесшатыр мен Есік, Отырар алқабы мен Қаратау ескерткіштері сынды тым әйгілі жәдігерлер, толып жатқан басқадай көне орындар еліміздің тарихында қазір өз орнын алып отыр.

Археология – ғажап мамандық. Археологиялық ескерткіш – ешқашан өшпейтін категория. Айрықша маңызды нысандарды былай қойғанда, қарапайымдау ескерткіштердің өзі архив қойнауында сақталады. Бұл археологияның тарих саласындағы өз орнынан шығады. Тарих – адамзат санасынан ажырамай тұратын күш. Болашақты болжау бірен-сарандардың еншісі, көбінде оларды фантаст-жазушылар дейміз. Ал қалған адамдардың барлығы өткеніне үңіледі. Әлкей Марғұлан 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Букетовпен кездесуінде жастарға арнаған сөзінде «Археология – тарих ғылымдарының төресі» деп баға беріпті. Бұл, әсіресе, Қазақстан тарихына тікелей қатысты айтылса керек.

Карл Байпақов 2003 жылдың тамызындағы өз сөзінде Ақышев туралы «осыншама істерді тындыру бір адамның өміріне тым көп, бұл екі өмірге жетеді» деді. Беғазы, Бесшатыр, Есіл, Отырар, Есік… Тізім үлкен және ол жорықшы қолбасшының даңқты жеңістерін көзге елестетеді

Оның зиялылығы, қатаңдау әскери мінезі, үлкен де, күрделі өмір жолындағы мінсіз тазалығы. Ғалым ағаның атқарған жұмысының бір айрықша қыры – бұрын беймәлім Қазақстан археологиясының сол кездегі бүкілодақтық, яғни еуразиялық деңгейге тез арада көтерілуінде. Міне, осы тұсты өте дұрыс бажайлау қажет сияқты. Осылай өрбітсек, 1953 жылы кандидаттық диссертациясында ол қола дәуірінің Оңтүстік Оралға арналған үштік кестесін Орталық Қазақстанға арнап тез арада негіздеп берді. Қазір қола дәуірін зерттеу жаңа деңгейде. Ал бірақ, сол жылдары бұл жергілікті маманның Қазақстанға арналған алғашқы зерттеу жұмысы еді және ол тиісті номенклатуралық деңгейге бағытталды. Қазақстандағы Андронов пен Беғазы мәдение­ті алғаш рет үлкен ғылыми ортаның талқысына түсті.

Андронов, Беғазы, сақ тақырыптары кеңестік археология ауқымына тез ене алатын, сонымен қатар, Қазақстанды да тез таныта алатын тақырыптар еді. Бұл «бүкілодақтық», дұрысын айтқанда, еуразиялық ауқымдағы тақырыптар болды. Мынаны ескеру керек, архео­логияда «жақсы», «нашар» тақырыптар болмайды. Мәселе сол жылдардағы археология ғылымының даму барысындағы «көлемді» тақырыптарда болып отыр. Ол өзі көрініп-ақ тұр. Бүкіл Қазақстанды орап алып жатқан, Қазақстанға жапсарлас Ресей аумағындағы Оңтүстік Орал, Батыс Сібірге кең таралған қола ескерткіштерін, оның ішінде Андронов, Беғазыны зерттеу мен ол материалдарды сөйлетудің өзекті болмауы мүмкін емес еді. Сақ тақырыбы, оның ауқымдылығы мен маңызы да ерекше дәлелді қажет етпейді, әрине. Бұл – Карпаттан Енисейге, Ордосқа дейінгі аумақты алып жатқан ескерткіштер тақырыбы, еуразиялық скифология деген ғаламат ғылым. Ғалым аға мен оның әріптестерінің сол жылдардағы көтерген мәселелері осындай аумақтарды қамтитын пікірталастар мен талқылар деңгейіне шықты. Қазақстан жерінде осы ескерткіштердің кең таралғандығы белгілі, бұлар өзі – көне Қазақстанның бет-бейнесін беретін басты нышандар. Осы тұрғыдан қарағанда, алғашқы отандық ғалымдарымыздың бұларды аттап кете алмағаны да байқалып отыр. Яғни, табандатып айтқанда, мәселе ол ғалымдардың дәл осы көтеріңкі тақырыптарды таңдап алғанында да емес, оларды биік деңгейде таныта, «сөйлете» алғанында деп нақтылап қойған дұрыс болар.

Азаматтың белгісі жауапкершілікті сезінуден басталады деген сөз, әрине, шындықтан туған. 1970-жылдары Қазақстан археологиясы суырылып алдыңғы деңгейге шықты. Ал бұл бетбұрыстың негізі айтылып отырған 1950-1960-жылдары қаланған болатын. Қазақстанның қола мәдениеті танымал болды, сақ ескерткіштері кеңінен ашылды. Тас дәуірінің пердесі сырылды. Алғашқы «Археологиялық карта» жарық көрді. Қала мәдениеті бірен-саран сипаттаулардан көлемді, үлкен тақырыпқа айналды. Бұл Отырарға тұтас экспедицияның жасақталуына әкелді. «Алтын адам» Қазақстан ғылымы мен мәдениетін жалпақ әлемге паш етті. Алыс-алыс жұрттармен терезесі тең Қазақстан архео­логия мектебі қалыптасты. Осының барлығын тұтастай алғанда, арасынан археолог Кемал Ақышевтың ұйымдастыру мен зерттеуде еңбегі сіңбеген жерін, жігін таба алмаймыз.

Кемал Ақышевты алғаш рет 1987 жылы қыркүйек айында көрдім. Бұл кезде «Алғашқы қауым археологиясы» бөлімінің меңгерушісі еді, мен осы бөлімге жұмысқа қабылдандым. Нақтысын айтсақ, осы бөлімнің құрамында «Алматы жаңа құрылыстар экспедициясы» деген топ болды, жетекшісі Бекен Нұрмұханбетов, осында кірдім. Бұрынғысын тек естіп білем, Кемал Ақышевтың осы жылдары өте жиі араласқан адамдарының бірі Бекен Нұрмұханбетов еді. Мен Бекең төңірегінде көп болдым, осы жағдай арқылы Кемал аға туралы да көп естідім. Ол кісімен жиірек араластырған тағы бір адам – Марал Қалымжанқызы. Және оның дастарханы. Біз тұратын жатақхана Кемекең үйімен көршілес. Марал жеңгейдің арқасында ол үйде археологтардың отырыстары жиі өтетін болды.

2000 жылы Кемал Ақышев Астанаға ауысты. Еуразия ұлттық университетінде қазір ширақ жас ғалым Ұлан Үмітқалиев басқарып отырған кафедраның ол тұста атауы басқаша, соған қызметке кірді. Біраздан соң ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырылды, бүгінде ол ғалым ағаның атындағы Археологиялық институт болды. Марал Хабдулинаның жетекшілігімен Серғазы Сәкенов, Алексей Свиридов сынды бір топ жас маман нәтижелі жұмыс істеп отыр. Олар алғашқы студенттік қазбаларына Кемал ағаға еріп барғанын, сол кісінің ықпалымен мамандық таңдағанын айтуда – бәрі айналып, өз орнына келеді деген осы шығар. Осыған қарап отырсақ, Кемал Ақышевтың өз өмірінің соңғы жылдарында тағы бір аса маңызды шаруаны тындырып шыққанын, атап айтқанда, Еуразия университетінде тағы бір археологиялық ортаны қалыптастырып кеткенін байқаймыз. «Азаматтың қадірін жақыны білмес, жат білер» деген сөзді ескішіл жаман шалдардың айтқаны деп қабылдайық бұл тұста. Кемал Ақышевты археологиядағы қатарластары мен тетелес әріптестері болсын, жастары болсын, қадірлемеді деп айта алмаймыз. Институттағы орны бөлек болатын. Қазақ университетіндегі үзеңгілесі Уахит Шалекенов бастап, Сәйден Жолдасбаев, Мадияр Елеуов, Әбдеш Төлеубаев, Нұртаза Алдабергенов сынды інілері қатты құрметтеді. Облыстардағы маман археологтар, жер-жердегі түрлі саладағы ғалымдар ілтипатын білдіріп жүрді. Кеңесін тыңдады. Қазақи адамның салтында жасы ұлғайған тұста өз тындырғандарының ана-мына бір жерлеріне көңілі толмауы деген болады. Өкініш деген басқа нәрсе. Менің ойымша, Кемал Ақышевтың өкініші болған жоқ сияқты. Тек, 1990-жылдары бір ұят жағдай орын алды. Бұл Кемал Ақышевтың Ғылым Академиясының корреспондент-мүшелігіне өтпей қалуы еді. Әріптесіміз Мұқтар Қожа Астанада жуырда шыққан жинақта осы оқиғаны дұрыс атап өтіпті. Зейнолла Самашев та осы жайтты қаттылау түрде айтып отыр. Бірақ, орынды. Кемал Ақышев сыртқа ешнәрсе көрсетпегенімен, бұл өзі адамдар әлі де ұмытпайтын тым ыңғайсыз жайт болып еді. Археолог Кемал Ақышевтың жанында ұзақ жылдар бойы көп жүрген адамдардың қатарына мен жатпаймын. Біз келген тұста оның жасы ұлғайған болатын, ал бұл кезде қазақи адамның салтында табиғи мінез бен жүре келе қалыптасқан мінездің қыр-сыры неғұрлым ашылып көріне бастайды. Біраз нәрсені осы тұста пайымдаған шығармыз. Оның нағыз қаталдау кезі ертеректе болған шығар деп ойлаймын және де ол ғылымдағы, қызметтегі қаталдық болар. Оның аяғын көріп қалдық. Басқа тұстарда біз көрген Ақышев онша қатал емес-тін. Аз сөзді, жинақы, пікірін бетке тура айтады, оны көрдік. Жақсы әзілді дұрыс көретін. Бірдеңелерді еске түсіре бермейтін, тек, ол тез айтылатын қызықты, күлдіргі жайттар болса, жөні басқа. Халықтың тағдыры, ұлт деген секілді, көбіне жалған қамқорлыққа бағытталатын әңгімелерді естіген емеспіз. Сол сияқты, біреулерді сыртынан сөз қылғанын да естімедік. Ұзаққа созылатын, арасында бәрі қосылып өлең айтатын оның отырыстары ерекше құбылыс еді. Сол кезде әріптестерінің ортасында, үстелдің басында отыратын ол әлдебір жорық көсеміне, әскери қолбасшыға ұқсап кететін. Мұны Бекен аға, т.б. кіші әріптестері былай шыға, өз орталарында қайталайтын, бірақ, әрине, бәрі ұқсағанымен, Кемал Ақышевтың ролі шыға қоймайтын. Жалпы, кейбір киім кию, жүріп-тұру, тағам түрлерін ұнату сияқтылардан оған кіші әріптестері шамалы еліктейтінін байқаған едім, бірақ, олар өздері оны аңғармайтын. Әскери мінез, қаталдау ұстаным дегеннен шығады. Кемал Ақышевтың өз есімі де осы бейнеге келетін еді. Біз кейде Кемел деп те жазып жүрміз. Расында ғалымның дұрыс аты – Кемал. Осы  ат ғалымға Мұстафа Кемал паша Ататүріктің құрметіне берілген. Мұстафа бұл әулетте бар, ол – археолог Кемал Ақышевтың арғы атасы. Білімді, зиялы осы ортада Азия елдеріндегі атақты, құрметті адамдардың есімдері жиі балаға қойылып отырған. Ал енді тура Кемал есімінің таңдалуы ол туған 1920-жылдардағы Түркиядағы атақты оқиғаларға тікелей байланысты болуы керек. ХХ ғ. басында қазақ зиялыларының арасында исламшылдықпен қатар, түрікшілдік идеялары да кең тарады. Қазақ қана емес, башқұрт, татар оқымыстылары бұған біршама ден қойды. Ал енді Ақышев дүниеге келген 1924 жыл нақты осы Мұстафа Кемал пашаның аты қатты дүрілдеп тұрған кез болатын. Ойраны шыққан Осман империясының орнында әскери басшы Кемал паша жаңа Түрік республикасын құрып жатты. Аса маңызды реформаларды тікелей және қаталдау түрде енгізген оның атағы жалпы түрік әлеміне кеңінен тарады. Түрікшілдікті оқып, біліп отырған зиялы қазақтар бұған ерекше мән беріп, қызыға қадағалап отырды. Міне, осы тұста дүниеге келген Ақышев Кемал өз есімін алды деп ойлаймын. Жалпы, Кемал әлі де сирек кездесетін есім, ал ол кездерде бола да қойған жоқ. Мен шошаңдап бірде осыны өзіне айтып салып едім, жалт қарады да, «әй, сен осы бәрін білесің» деді. Дұрыс, немесе теріс деген жоқ. Жақтырмағандай болып естілді. Бірақ, ол кісі аталары, жанұясы жайлы жақ ашпайтын. Ешқашан, ешкімге. Бірде Бесшатырда Бекең, Қожақов Дәулет үшеуміз бос тұрған қарауыл үйінің бір бөлмесінде жеке отырыс жасадық. Біраздан соң Бекең, ойында ештеңе жоқ, «Ақ сисаға» салды. Біз қосылғамыз жоқ, жарбаңдап, өзімізше көтермелеп отырдық. Әншіміз «Шорманның Мұстафасының атын алған» жерін екінші қайталағанда, көрші бөлмеден Ақышевтың қатқылдау дауысы естілді: «Әй, Беке, осы Мұстафаны қоя тұр!». Жым болдық. Артынша шәйнек, кесені көтеріп тысқа атылдық.

Кемал Ақышев – өз дәуірінің адамы. Ол дәуір келмеске кеткенін ескерсек, мұндай адамдардың енді болмайтынын да түсіне аламыз. Кемал Ақышев өзінің бүкіл қызметі, болмысы, мінезі, тәртібі жағынан Кеңес дәуірі ғылымының өкілі болды. Оның ар жағында бүркемеленген қазақи табиғатын біреу көре алған шығар, ал біреу көрмеген шығар. Ал енді біреу оны көргісі де келмеген болар. Кішкентай күніндегі қиындықтар, соғыс, әскери тәртіп оған қатты әсер еткен болып та көрінеді, осыдан ба, Кемал Ақышев қалған өмірінде ешкімнен де, ештеңеден де тайсалмай, қорықпай өткен секілді. Жалпы мұндай өмір адам баласына сирек берілетін шығар. Карл Байпақов 2003 жылдың тамызындағы өз сөзінде Ақышев туралы «осыншама істерді тындыру бір адамның өміріне тым көп, бұл екі өмірге жетеді» деді. Беғазы, Бесшатыр, Есіл, Отырар, Есік… Тізім үлкен және ол жорықшы қолбасшының даңқты жеңістерін көзге елестетеді. Эмма Усманова оны археологияның генералы деп атады. Әдемі теңеу. Кемал Ақышев – соншама жетістіктерін көре тұрып, оларға тоймай кеткен ғалым. Мұның бәрі оған аз болып көрінді ме деп ойлаймын.

Арман БЕЙСЕНОВ,

тарих ғылымдарының

кандидаты, археолог 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button