Басты ақпаратРуханият

Ұлу жылы дейміз. Ол қай ұлу?

Қазақтың түсінігінде ұлу – теңізде тіршілік ететін жұмсақ денелі омыртқасыз жәндік. Басқаша айтқанда, құрттың бір түрі, адамдар оның сыпырылып қалған сауытын теңіз түбінен тереді. Қатты сауытты құлағыңызға тоссаңыз, ерекше уіл естіледі. Ал үрлесеңіз, керней дыбысы шығады. Бәлкім, оның жыл қатарына енуіне осы қасиеті негіз болған шығар. Дегенмен, шын мәнінде 12 жылдың біріне кірген хайуан нақ осы ма деген күдік туады. Басқасының бәрі – жер бетіндегі хайуандар. Теңіз түбіндегі кішкентай құрт неліктен жыл атына ие болды? Олай күмәндануға негіз де жоқ емес.

Өйткені бұл жануарлар жыл нышанына ие болған Шығыс күнтізбесінің тарихы әлденеше мыңжылдық тереңде жатыр. Ұмыт болған сырлары, ғылыми негіздері де аз емес. Мәселен, Шығыс күнтізбесі бойынша 60 жыл бір ғасыр болып есептеледі. (Сондықтан алпыстық күнтізбе деп те аталады). 12 жылдың әрқайсысы темір, от, су, ағаш, топырақ деген 5 түрге бөлінеді. Бұл сол жылдың негізгі бес планетаның қайсына қонақтауына (ұясына) байланысты. 1. Ағаш – Юпитер, Шоңай, Мусин (латынша, қазақша, қытайша), 2. От – Марс, Аңырақай, Хосин, 3. Топырақ (Жер) – Сатурн, Санжар, Тусин, 4. Темір (металл) – Венера, Шолпан, Цзин-син, 5. Су – Меркурий, Болпан, Шуйсин. Олардың әрқайсысының өзіндік қайталанбайтын ерекшелігі бар. (Темір қоян жыл. От қоян жыл) Сөйтіп, бір жыл бес рет қайталанғанда, басқаша айтқанда, 60 жылда цикл ауысады. Әр адамның нақты туған күні де сол 60 жылда бір-ақ рет айналады. Мұны қазір қазақтың жастары түгілі, жасамыстарының өзі онша біле бермейтіні шындық. Өйтсе, Шығыс күнтізбесінің біз үшін ұмыт болған сырлары көп. Біздің Ұлу жылының иесін теңіз құртымен шатастыруымыз да сондайдан болар.

Олай дейтініміз, біз білетін Шығыс елдері ішінде осы алпыстық жыл санау дәстүрін берік ұстанған біз білетін халық – қытайлар мен моңғолдар. Моңғолдар жоғарыдағы теңіз құртын «дун», ұлуды «Луу» деп атайды. (қазақшамен айтылуы бірдей, тек графикаға байланыс­ты жазылуы бөлектеу) Өйтсе, моңғолдардың ұғымында жылға кірген хайуан теңіз құрты емес, мифтік аңыздардағы ұшатын, аузынан от шашатын алып кесіртке – ұлу. Ұлу деген алып хайуанның екінші балама аты екі тілде де  – Айдаһар (моңғолша Маңғыс). Ал қытайша, Ұлу жылының аты да, ұлу деген хайуанның да аты – «лұң» қытайлардың өздерін «Айдаһар елі» деп атауы да осыған байланысты.

Орыс тілді басылымдардың өзі ұлу жылын «улитка» емес, «дракон» (қытай күнтізбесімен) деп жазып жүр. Кейбіреулер айдаһар дегеніміз – жылан, Қытайда жылан жылы болмайды деп ұғады. Бұл – қате түсінік. Қытайда да (шэ-чы), моңғолда да (могой жил) жылан жылы бар.

Бұл ретте айдаһар өмірде болған ба, әлде мифтік аңыз ба деген сауал туындайды. Айдаһарлардың осыдан мыңдаған жылдар бұрын қытай жерінде тіршілік еткенін, климаттың өзгеруіне байланысты құрып кеткенін, ең соңғы тұяғы Қарпат тауында (Румыния) өмір сүргенін, аңызда айтылатын барлық қасиеттері (ұшатындығы, аузынан от шашатындығы) шындық екенін Қарпат тауының бір үңгірінен табылған қаңқа арқылы америка ғалымдары дәлелдеген. Бұл туралы деректі фильм де түсірілген. (Мен Моңғолдың «Боловсрол» телеарнасынан көрдім. Фильмнің атын «Үлгэрийн үнэн болсон нь» деп аударыпты. Бірақ әлгі ғалымның аты-жөнін есіме сақтап ала алмай қалдым).

Ұлу жылына ат болған Ұлу Айдаһар екенін атақты ғалым Ақжан Машани атамызда бірнеше еңбегінде жазады. Ол кісі былай дейді: «Ұлуды қытайша Лун, шумерше Улулу деп атайды. «Күн тұтылғанда ерте заманда оның бетін Дракон (Ұлу) басады деген түсінікке байланысты астрономия ғылымында осы күнге дейін «Дракон жылы» деген уақыт есебі бар.» (А.Машани 5-том 187 бет, «Ғажайып от ошағында» еңбегі).

«Жыл аты мен ай атын анықтайтын жануарлар көбінесе тектес, тіршілік қасиеттері жағынан өзара сәйкес келетінін көреміз. Ай өзінің орбитасымен шеңбер жасап айналғанда бір ноқатты екі рет басып өтеді екен. Осы жүріске жұмсалатын уақыт Дракон – Аждаһа айы деп аталады. Сол  сияқты айтылған ай шеңберіндегі ноқатты Күннің екі рет басып өтуін  Дракон жылы дейді.» (133-бет «Мүшел есебінің тарихи астрономиялық дәйектері» атты еңбегі).

«…Ұлу кейде балық мағынасында, кейде жұмсақ денелі садап қошқар мүйізі мағынасында айтады. Халықаралық тілде Ұлуды Дракон деп атайды, оны көбінесе аспаннан келетін айдаһар мағынасында алады.» (4-том 243-бет) Сондай-ақ Машанидың айтуынша, жапондар ұлуды нағыз көгілдір қанды, нағыз су иесі әулие деп санайтын көрінеді. «Су иесі» дегенге теңіздің құрты ұлу деп ойлап қалмаңыз. Таяу шығыс халықтарында ежелден келе жатқан аңыз бойынша жауын шашын келтіретін Шолпан. Бар әлемге тіршілік сыйлайтын Күн жұлдызының жүріп өтер жолының шеңберіндегі 12 жыл атымен аталған белдеу (зодиак) бар. Ол 12 ұя деп аталады. Сол 12 ұя ішінде күннің ұясы 5-ұя – Күн ұясы (моңғолша «орд»). Сол бесінші ұя ұлу жылына тиесілі. Зодиак бойынша, Арыстан – жұлдыздар тобы. Сондықтан ұлу күнмен байланысты. Ал күннің алдында келетін шолғыншысы – Шолпан. Таяу шығыс, Орта Азия елдеріндегі ежелден келе жатқан аңыз бойынша Шолпан – жауын жауғызатын жақсылық жаршысы.

Жапондар Ұлу жылын су иесі санайтыны соған байланысты. Сол үшін ертеде жапондарда құрғақшылық жылы Ұлуға жалбарынып, жауын сұрайтын ғұрып болған. Демек, жыл атауына ие болған ұлу осы ұлу (айдаһар) екенінде дау жоқ. Ұлу судағы құрт емес, айдаһар екеніне атақты Махмұт Қашқари жазып кеткен  мына аңыз да дәлел. «…қаған аңға шығады да барлық жабайы жануарларды Іле өзеніне қарай қууды бұйырған. Бұл – ағысы қатты үлкен дария. Адамдар аң аулай жүріп, хайуандарды Іле өзеніне қарай қуады. Бірқатар хайуандар суға секірген. Солардың он екі түрі судан жүзіп өтеді. Сөйтіп он екі жылға сол он екі хайуанның атын берген. Судан ең алдымен, тышқан жүзіп өтеді. Сол үшін жыл басы соның атымен аталады. …бесінші ұлу жылы.» (Махмұт Қашқари «Түрік сөздігі» І том 403-б).

Бірақ, бір ескеретін жайт, мешін жылын «маймыл», доңыз жылын «шошқа», сиырды «бұқа» жылы деп сандырақтап жүрген тілбұзарлар сияқты ұлу жылын «айдаһар жылы» деп атаудан аулақ болайық.

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button