Басты ақпаратРуханият

Қайран біздің Қарекең

Елдік істердің жолында қайраткерлік болмысымен іс атқарып, халықшыл бастамаларға ұйытқы болып, ұлт жүрегінен орын алатын тұлғалар болады. Биыл 90 жылдығы аталып өтіп жатқан Қаратай Тұрысов сондай бірегей тұлғаның бірі еді. 2025 жылы Парламенттің құрылғанына 30 жыл толады. Кәсіби Парламенттің I және II шақырылымында ел сеніміне ие болып, Мәжілістің маңызды салалық комитетіне жетекшілік етті. Осы кезеңде ағаның қамқорлығын көріп, ақыл-кеңесін тыңдаған едік.

Сол жылдары Парламент Мәжілісі, соның ішінде Қаратай ағамыз басқарған Қаржы және бюджет комитеті мүшелерінің алдында орасан зор міндеттер тұрды. Ел басшысы «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағиданы ұстанды. Соған орай Парламенттің 9 жылда 1 мыңнан астам заң жобасын қарауы және қабылдауы, ол заңдардың 60 пайызы қаржы, бюджет, экономика және шаруашылық қызметтерді заң тұрғысынан реттеуге бағытталғаны – орасан зор еңбектің нақты көрінісі.

Мемлекетіміз үшін қажырлы қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленген Қаратай Тұрысов қандай тұлға болды? Замандастары мен әріптестерін қалай сыйлайтын еді? Ендеше өз көзіммен көріп, куә болған оқиғаларды баяндайын.Бізді еңбек жолымыз та­быстырды. Мен Қаратай ағамен 30 жылға жуық таныс болдым. Қарым-қатынасымыз аға-інідей сыйластыққа ұласты. Ол кейінгі толқынға мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйретуге келгенде өз білгенін аямаушы еді. Заң шығару қызметінде де, ғылыми ізденістерімде де өмірлік тәжірибесін көрсете білді.

Алғашқы жылдары Мәжіліс депутаттарының көмекшілері болмайтын. Бір жолы еліміздің Тұңғыш Президенті Мәжілістің кезекті отырысына келген кезде, бірнеше депутат мәселе көтерді. Соның ішінде Қаратай Тұрысұлының: «Президент мырза! Уақыт өте келе, жұмыс­тың көлемі көбейіп, сапалы заң жазып шығаруға, сонымен бірге қоғамдық мәселелермен айналысуға уақытымыз да, шамамыз да қолдың қысқалығынан жетпей жатыр. Көптеген елде депутаттардың көмекшілері бар екенін іссапармен барғанда көріп-біліп жүрміз. Соның ішінде Ресей елі халық қалаулыларының бір емес, бірнеше көмекшісі бар екен. Бізге де көмекшілерді белгілеу мәселесін шешетін мезгіл келген сияқты. Қолдауыңызды өтінеміз» деп тың мәселені тайсалмай қойғанының куәсі болдық. Көп ұзамай Қаратай ағамыздың арқасында қолымыз ұзарып, бізге бір көмекші штатын бөлді. Оларды «мемлекет қызметкері» деген санатқа жатқызды. Бұл жұмысымыздың алға басып, өнімді болуына айтарлықтай септігін тигізді.

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ұмытпасам, 1997 жылдың күз айларында Парламент Мәжілісінің шаруашылық басқармасында жеңіл автокөлік жүргізушілері бір топ болып менің кабинетіме кіріп келді. Жүзі суық, тотығып кеткен. Ішке бүккен ашуы бар екені байқалады. «Нендей мәселемен келдіңдер?» деген сұрағыма олар: «Екі айдың жүзі болды, басшылар қаражат жоқ деп айлығымызды бермей, әуреге салуда. Мойнымызда бірнеше несиеміз бар, пәтер мен балаларымыздың оқуын төлей алмай қарызға баттық. Күнделікті тіршілікке керегімізді сатып ала алмай жүрміз. Сізден көмек сұрай келдік» деді.

«Ау, маған келгендеріңе жол болсын! Қызметімнің қаражат пен бюджетке тікелей қатысы жоқ. Мен Заңнама комитетінде қызметтемін ғой. Есеп-қисаппен айналысатын комитетке бармадыңыздар ма?» дедім. Сонда менің сұрағыма олар былай деп жауап қайтарды: «Сіздің бірнеше әріптесіңізге барып, мән-жайды айтып көріп едік. Барлығы да «Қаржы және бюджет комитетін басқарып отырған Қаратай Тұрысовқа барыңыздар» деп бізді шығарып салды. Сол ағамен сөйлесе алатын адам іздеп едік, бірнеше депутат «Төлеген Қуанышевқа жолығыңыздар, ағамен кездестіріп, жолықтыруды ұйымдастыруы мүмкін» дегеннен кейін сізге ат басын тіреп, көмек сұрай келдік. Біздің мәселемізді шешуге қол ұшын беріңіз. Қаратай ағамен бізді жолықтыру мүмкіндігін қарастыруыңызды өтінеміз» деп қарап тұр. Ал керек болса! Сол сәтте үстелде тұрған телефон құлағын көтеріп, Қаратай ағама хабарластым. Абырой болғанда, аға кабинетінде екен, мән-жайды түсіндірдім. Бірден «маған келіңдер» деп бізді өзінің қабылдау бөлмесіне шақырды. Бірнеше лауазымды адамның қатысуымен жиналыс аяқталған бойда 10 адам боп сау етіп бөлмесіне кіріп бардық. Жайғасып отырған соң, ынталы топтың жетекшісі мәселені айтып, жалақыларын алуына көмек беруін өтінді. Қаратай аға мәселені жан-жақты анықтап алды да, үстел үстіндегі «Кремлевка» деген атаумен танымал телефонның құлағын көтеріп, сол кездегі Қаржы министрі А.Павловқа хабарласты. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін Қаратай аға былай деді (осы жерде айтылған ойдың мәнін жоғалтпас үшін диалог орыс тілінде болғандықтан, сол тілде жазып отырмыз): «Александр, я тебе звоню по делу, ты наверное слышал притчу о государственном деятеле Жамбаеве. Так он, поступая в Москву в высшую партийную школу, не совсем удачно сдал экзамены по иностранным языкам. При обсуждении вопроса о его зачислений на учебу, из-за слабого знания иностранного языка, экзаменаторы склонялись к тому, чтобы его не зачислять в число принимаемых слушателей. Тогда и прозвучали его крылатые слова: «Когда зерно надо – Жамбаев надо, мясо надо – Жамбаев надо. А когда учиться надо, Жамбаев не надо что ли?». После этих слов он был зачислен на учебу. Так вот, когда твой бюджет принимается, депутаты Мажилиса и его сотрудники нужны, а когда платить зарплату, то они не нужны что ли? Ты, давай, из своего резерва выдели деньги ХОЗУ Парламента для выплаты зарплаты работникам» деген Қаратай ағамыздың әмірін естіген Қаржы министрі абдырап қалғанын дауысынан естіп, байқап қалдық. Сол мәселе дереу шешілді. Ертеңіне «қызметкерлердің айлығы толығымен төленді» деген жағымды хабарды естідік. Міне, осы жерде ағамыздың халықшыл қасиеті айқын көрініс тауып отыр.

Сонымен қатар мен үшін тарихи маңызы бар Қаратай ағаға байланысты тағы бір оқиға есіме түсіп тұр. Қазіргі кезде ағамыздың тәуелсіз еліміздің алғашқы жылдары Спорт министрі болғаны туралы замандас азаматтардың біразы білгенмен, жастардың көбі хабарсыз.

1998 жылдың басында Қаратай ағама жолығып: «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасын жазсақ қалай болады?» деп едім, менің бетіме бір қарап: «Көптен бері ойланып жүрген көкейімдегі мәселені қозғадың ғой, батырым. Осы шақырылымда қабылдатып үлгерер ме екенбіз?» деп өзінің күдігі бар екенін білдіре келе: «Тәуекел! Заң жобасын дайындап жазуды бастаңдар» деді. Қаратай аға осы жұмысты ұйымдастырар алдында бір жағдайды ескергеніміз жөн болатынын айта келіп, маған: «Біздің қатарымызда жоғары дәрежедегі спорт мәселелерін терең білетін Дәулет Тұрлыханов пен спортты ұйымдастыру жағын жақсы меңгерген, кезінде Қарағанды облысының спорт басқармасына басшылық жасаған Валерий Громовты қосып, жұмыс тобын құрып, іске кірісіңдер» деді. Өзінің қолдайтынын жеткізді. Сөйтіп, ағамыздың батасын алған соң, заң жобасын жазуға кірісіп кеттік. Қаратай ағамыздың қамшылауымен 1999 жылдың аяғында I шақырылымның соңғы бюро отырысына мемлекеттік тілде жазылған заң жобасын тапсырдық. Мәжіліс пен Сенат отырыстарында абыроймен қорғап шықтық. Нәтижесінде 1999 жылдың 2 желтоқсанында заңымызға қол қойылды және ол қолданысқа енді.

Заң жобасын жазу, дайындау барысында сын пікірлер де айтылды, соның бірі – «Ой, мына заң жобаларың өміршең емес, қаражат тұрғысынан қолдау жоқ» деген қарсылық. Мұндай уәждерге Қаратай ағамыздың: «Ақша қазіргі уақытта болмағанмен, болашақта спорт саласын дамытуға нақты қаржы бөлінетініне мен сенімдімін» деп айтқан жауабы әлі есімде. Осы мәліметті назарға алып, республика көлемінде тәуелсіз еліміздің бірінші Спорт ми­нистрі болған Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына, сондай-ақ «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның 25 жылдығына орай өскелең ұрпаққа таныту мақсатында республика деңгейінде ауқымды іс-шаралар жоспарланып, ұйымдастырылса қандай ғанибет! Сонымен қатар мамандандырылған жоғары оқу орындарында жоғары дәрежедегі спорт және дене шынықтыру мәселелері бойынша ғылыми-­практикалық конференциялар өткізілсе орынды болар еді.

Тағы бір есте қалған кездесу сәтін айта кетейін. 2000 жылдың басы. Парламент Мәжілісі I шақырылымы депутаттарының ел Конституциясымен белгіленген заңды жұмыс мерзімі аяқталған шақ еді. Әріптес­теріміздің бір бөлігі туып-өскен өңіріне кері қайтуда. Жерлесім әрі Ақтөбе қаласынан сайланған сенатор Боранбай Құсайынов екеуміз Астана қаласында қалып, елордамыздың өрістеуіне атсалысамыз деп шештік. Жұмыс жасау мерзімінде бізге берілген пәтерді босатып беруіміз керек. Осы мақсатта депутат болып жүргенде Германия еліне өзім арнайы барып алып келген «Мерседес-190» жеңіл көлігіме екі-үш бума мен чемодандарымды тиеп жатыр едім. Кешкі серуенге есік алдына шыққан Қаратай ағам темекісін тартып тұр екен. Әуелі аңтарылып, болып жатқан жайтқа ұзақ қарап, содан кейін: «Әй, кімсіңдер?» деген дауысы шыққан бойда ағамның қасына жүгіріп келіп: «Ассалаумағалейкүм, аға! Мен ғой, Төлеген» деп қолымды амандасайын деп ұсындым. «Молда бол, Төлеген! Тұқымың өскір, не істеп жатырсың?» деді. «Аға, Білім және ғылым министрлігіне басқарма басшысы болып қызметке қабылдандым, үш бөлмелі пәтер алып, көшіп бара жатырмын» дедім. «Көш көлікті болсын! Осы жасқа келгенше талай көшті көріп едім, бірақ «Мерседеспен» көшкен қазақты бірінші рет көруім» деп Қаратай ағам темекісін тартып, ақ жол тілеп қала берді.

Кейіннен осы оқиға баспасөз бетінде жарияланып, оқыған жолдас-жораларым мені «Әй, «Мерседеспен» көшкен қазақ» деп атап кетті. Қаратай ағамның аузынан шыққан бір сөзі менің мәртебемді өсіріп, мерейімді асқақтатты.

Мемлекетіміздің дамуына сіңірген еңбегі, азаматтық қайраткерлігі есте әрдайым сақталады. Оны білетін замандастарының қай-қайсысы да «Қайран біздің Қарекең» деп есімін ардақ тұтады. Міне, осындай асыл азаматтардың есімі ел жадынан өшпейтіні анық. Оның өмір жолы кейінгі толқынға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Төлеген ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері,

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button