Басты ақпаратРуханият

Қаламгерлер Ақмола өңірінде…

Белгілі ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев жанына атақты ақын Мұзафар Әлімбаев пен жергілікті журналист, жазушы Мәди Хасеновті ертіп Ақмола, Ерейментау, Сілеті арқылы Атбасарға келеді (суретте). Бұл өткен ғасырдың 80-жылдарының басы еді. Ұмытпасам, елде егін орағының қызу жүріп жатқан кезі, шамасы қыркүйек айы.

«Сәкен жүріп өткен жолдармен» деген тақырып аясында кездесулер өткізеді. Мен ол кезде Сілеті аудандық партия комитетінің идеология бөлімін басқаратынмын. Келуіне екі күн қалғанда бірінші хатшы Сапарбек Құнанбаев «ол кісілер аудан көлемінде бір тәуліктей болады, соған бағдарлама жасап әкел, сосын бәріміз ақылдасайық» деді. Бағдарламаны ауданның бірнеше қызметкері боп қарап, талқылап, бекіттік. «Мен егін науқанының шаруаларымен айналысамын, сен сол кісілермен бірге боласың» деді бірінші хатшы. Ол кісілер айтқан уақытында ат басын аудандық партия комитетіне тіреді. Сапарбек Құнанбайұлы қонақтарға аудан туралы біраз мағ­лұмат берді. Содан кейін қонақтар мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өткізді. Тұрсекең Сәкеннің өмірі туралы тұшымды мағлұматтар берсе, Мұзағаң өлеңдерін оқып, оның ішінде «Маралдым» өлеңінің қалай шыққанын баяндаса, Мәкең өзінің «Нартәуекел» шығармасы туралы айтып берді. Осыдан кейін жолға шықтық. Бағытымыз – Степногорск қаласы арқылы Қарабұлақ кеңшары. Кеңшар директоры Сәлкен Айтқожинов қарсы алып, шаруашылығы туралы біраз мәлімет беріп, орта мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Сөздің реті келгенде айта кетейін, осы елді мекенде мектеп директоры болып тұрғанымда жаңа ғимаратты салғызып едім. Ауылдың көркі болып тұр еді. Мұнда Мұзағаң «Естай-Қорлан» поэмасын қалай жазғаны туралы сыр шертті. Бұл туындыны жазуға себепші болған тұлға ағасы Қалижан Бекқожин екен. Мұғалімдер, оқушылар қонақтарға әртүрлі сұрақ қо­йып, тұшымды жауап алды. Содан кейін шаруашылық басшысының ұсынысымен кеңшардың Қақсал деген бөлімшесіне жол тарттық. Онда бастауыш мектеп меңгерушісі, соғыс ардагері Нұрлығайым Қойбасовтың үйіне ауылдың біраз ақсақалы жиналыпты. Қазақи дәстүрмен дөңгелек үстел басында әсерлі әңгіме-дүкен құрдық. Негізінен, 20-30-жылдардың ашаршылығы, 37-жылдың зұлматы, соғыс тақырыбы қозғалды. Қонақтар ертеңіне Атбасар өңіріне жол тартты. Ол кезде Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ауыл шаруашылығының білгірі, рухани бай азамат Қасым Тәукенов болатын. Мұзағаңның үйінде қонақта болғанымда Қасекең туралы жылы лебіз айтып, жобасы сол үйде қонақта болғанында ол кісінің бай кітапханасынан Алматының орталық кітап­ханасында кездеспейтін кітаптардың бар екеніне көзі жетіпті. Сол кездесуде Мұзағаң өзінің жазу кабинетіндегі үлкен қалың сөздік кітабын көрсетті. Ол кітапты жазушы, рухани ағасы Ғабит Мүсірепов мынадай жазумен: «Мұзафар, бұл кітап маған көп жыл қызмет жасады, енді саған қызмет жасасын» деп тапсырыпты. Артынан Мәди ағамызбен кездескенде Мұзағаң мен Тұрсыкең Ақмола облысының біраз ауданындағы жұртшылықпен кездескенде халықтың негізгі бөлігі әдеби кітаптарды оқитыны, біраз мәселеден сауатын атап өтіпті. Біз де ол кісілерге риза болып қалғанбыз. Бүгінде ол кісілер бақилық болды, бірақ ол кісілердің екінші өмірі басталды. Мұзағаң екі томдық шығармаларын маған ұсына отырып, мынадай тілек білдіріп еді: «Хамила қарындасыма, Еркін ініме бақыт, мерей, ұзақ ғұмыр тілеймін!» деп 1984 жылдың 17 шілдесінде жазып қалдырып еді. Сол ағамыздың тілегі қабыл болып, бақытты ғұмыр кешіп, мерейіміз үстем болып, сексеннің сеңгіріне шығып отырған жағдайымыз бар.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналис­тер

одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button