Руханият

Өнер ордасында табысты

Астанада екі жарым жыл уақыт ішінде көрермен көңі­лінен шыққан 17 қойылым қойып, елорда ғана емес, еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орнын айшықтап алған өнер ордасы – Музыкалық жас көрермендер театры ерекше іс-шара ұйымдастырды.

Қазіргі таңда Астана қаласы әкім­дігінің Музыкалық жас көрермендер театрында өмірде де, өнерде де жарасымды жұптар – 14 отбасы жемісті еңбек етіп жатыр.

Бұл отбасы иелері – театр мен кино әлемінде көркем бейнелер сомдап жүрген, өнер кеңістігінде өзіндік қолтаңбасы бар жандар. Жас отбасылардың өнегелі өмірін, шығармашылығын дәріптеу мақсатында арнайы «Бақытты шаңырақ иелері» атты іс-шара ұйымдастырылып, мерекелік кездесу барысында қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі «Тұсаукесер» рәсімі жасалды.

Театрдың белді актері Саламат Мұқашев пен театр қызметкері Айдана Еңгебайдың ұлы Әли-Ахметтің тұсаукесері тату ұжымның ортасында, Шаңырақ күнінде салтанатты түрде өтті. Ұлттық дәстүрге сай шашу шашылып, халық айрықша қабылдаған кеш болды.

Театрдың директоры, жастардың рухани әкесі Асхат Маемиров пен жары Нұргүл сәбидің тұсауын кесіп, балапанға ақ жол тіледі. Болашаққа тәй-тәй басқан сәбидің қадамы, өнер иелерінің алғаусыз ақ тілегі төңіректі қуанышқа толтырып, әр босағаға ­аппақ ниетімен кіргелі отырған Наурыз мейрамының шырайын келтірді, айналасын шаттық пен шуаққа бөледі.

Жас көрермендер театрындағы от­басы құндылығы дәріптеліп, жастардың кіршіксіз сезімін, мөлдір махаббатын, ұрпақтар сабақтастығын паш еткен бұл іс-шара, шынында да, шаңырақ ұлтымызда киелі ұғым екенін, уығы мен керегесі мықты, шаңырағы биік болса, ұлтымыздың да болашағы жарқын, келешегі кемел боларын байқатты. Өнерде де, өмірде де қол ұстасқан өнер иелері өзге жастарға осылайша үлгі көрсетті, тамаша тосынсый көрсетті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button